23:22
Қазақтық

ЖАН БЕРУ

Жан беру – қазақ халқының дәстүрлі құқықтық мәдениетіндегі куәлікке жүрудің ерекше түрі.

Әдетте, даулы мәселеде айыпты адамды жазаға тарту үшін айғақ жетіспегенде куәгердің көргені, заттай айғағы, дәлелі есепке алынады. Бірақ кейде ондай дәлел, айғақтың да шешім шығару үшін сенімді болмауы мүмкін. Мұндай жағдайда қылмыскердің ақтығына, кінәсіз екеніне көзі жеткен адам өз «басын тігіп» куәлікке жүреді. Кей жерлерде мұны «күмәнға шығу» немесе «кепілге шығу» деп те айтады.

Ауыр жазаға, тіпті, кейде өлім жазасына кесілетін адамның ақтығын дәлелдеу үшін бір адам жан беруге шешім қылады. Бұл жазаға ілігіп тұрған адамның ақтығына ант беру деген сөз.

Жан беруші адам қазының не бидің алдында кебін, яғни ақ киініп, қабір басына барып, кейде қабірдің ішіне түсіп, немесе өлікке құрған шымылдыққа кіріп, жазаға тартылған адамның ақтығына «Құран ұстап жанымды беремін», «өтірік айтсам Құдай тапсын», «иманым бұйрмасын», «аруақ соқсын» деп ант береді. Халық арасында мұны жан беру деп айтады.

Халық жан беруші өтірік куәлік берсе, ол сол жерде өліп кетеді деп түсінген. Жан беруден кейін істің ақтығына ешқандай күмән қалмайды, айыпты жазадан босатылады. Куәлікке жүрудің мұндай түрі дәстүрлі қазақ қоғамында сирек кездескен.

Ал қазақта «қара іске жан бергендей» деген сөз бар. Бұл қылмыскердің қылмысын біле тұрып, өтірік куәгер болу. «Ісің ақ болса, Құдайың жақ» дейтін халқымыз, «қара іске жан бергендерді» ешқашан кешірмейді.

 

Психологиялық мәні:

Жан беру – тек қазақтың әдет-ғұрпы мен құқықтық мәдениетіндегі үрдіс емес.

«Жан беру» арқылы қазақы құндылықтарды көреміз. Ол қандай құндылықтар болуы мүмкін?

Алдымен – әділеттілік. «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ». Бұл қазақ сот төрелігінің ең маңызды қағидасы. Әлемдегі ең дамыған өркениетті мемлекеттердің жетесіне енді жетіп жатқан дүние. Әділетті сот айғақ жетіспеді екен деп кез келген тағдырға балта шаба бермеген. Істі толығымен бүге-шігесіне дейін анықтап, қылмыс жасаған әрбір адамның жаны нақақ күймеуін қарастырған.

Екінші – ақиқат. Тіршілік барысында неше түрлі жағдай болатыны сөзсіз. Соған қарамастан, ақиқат үшін өзге адам жанын берген.

Үшінші – адам жанының құндылығы. Бір адам екінші адамның адалдығы мен ақтығы, ақиқат пен әділеттілік үшін өз жанын қиюы – адам жанының ең басты құндылық екендігін көрсетеді. Яғни халқымызда өлім жазасына кесу арқылы жазықсыздың қыршынынан қиылуына жол бермейді. Ол үшін жан пида болуға дайын.

Жан берудің экзистенциалдық психологиялық маңызы – куәлік қабылданса да, қабылданбаса да берері мол. Себебі жазаға тартылғалы жатқан адам өзі үшін өзгенінң жанын пида еткенін, сенімін көріп жаны байыз тауып, жан-жағына сенім орнайтыны анық. Бұндай қиын-қыстау кезеңде ең құрығанда бір адамның сенгенінің өзі үміт отын тұтатады. Адам өзінің жазықсыз екенін өзі дәлелдей алмай қиналғанын өзге адамның көріп, сеніп, жанын беруі – қазақ халқы үшін кез келген қарым-қатынастың сенімге негізделгенін көрсетеді.

Жан беру, яғни өз өмірін өзгенің ақтығын дәлелдеуге арнау – жан берген адамның жанының маңызсыздығын немесе мәнсіздігін көрсетпейді. Керісінше, адамның адамшылығын, ер жүректігін, қарым-қатынасқа адалдығын көрсетеді. Жан берген кезде адам өз өмірін өзгенің өміріне арнамайды, өз жанын ақтық пен пәктікке арнайды.   

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 21 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: