01:30
Қазақтық

БАСТАҢҒЫ

Бастаңғы – қазақ жастарының дәстүрлі сауықтарының бірі.

Үйдің үлкендері жолаушылап кеткенде ауылдың қыз-келіншектері сол үйге жиналып, бастаңғы жасайды.

«Қызға қырық үйден тыйым» деген берік қағиданы ұстанған қазақ қыздары, әдетте, мұндай басқосуға жеңгелерімен немесе іні-сіңлілерімен бірге келетін болған. Кейде жиын қызықты өтуі үшін сал-сері бозбалалар да шақырылған. Басатңғыға жиналған қыздар үйлерінен құрт-май, қант-шайларын өздері әкеліп, ортақ дастарқан жайған.

Бастаңғының екі түрлі тәрбиелік мәні бар. Алғашқысы баласының үйде отырып томаға-тұйық болып қалмауына, елмен араласуына, замандастарымен жақын танысуына жол ашу, қонақ күте білуге баулу. Енді бірі – қызды қазан-аяқ ұстауға, дастарқан жасай білуге, т.б. үйрету. Сондықтан Бастаңғыны көбіне қызы бойжете бастаған үйлер жасаған. Бірақ Бастаңғы рұқсатсыз, бақылаусыз өтпеген. Өйткені «шешесі қыдырмашы болса, қызы бастаңғышыл болады» деген сөз бар.

Басқосу барысында жастар әзіл айтысып, ұлттық ойындар ойнап, ән салып, күй тартып, әртүрлі өнерлерін ортаға салған.

Әке-шешелері жол жүріп кеткенде, көрші жастар келіп, ол үйдің дастарқанына бастаңғы жасатып, тағам дайындатады. Бұл – жолаушылап кеткен адамдардың жолы болып, ауырмай-сырқамай қайта оралсын деген жақсы ойдан шыққан дәстүр.

 

Психологиялық мәні:

Бастаңғы – біріншіден, ұрпақ еркіндігін қамтамасыз етуді көздесе, екіншіден, адам тіршілігінің іргетасы – жауапкершілік пен билік етуді үйретудің бірден-бір жолы.

Экзистенциалдық психологияда жауапкершілік адам өмірінде шешуге тырысатын өмірлік мәселелердің бірі деп саналады. Әр адам өз өмірі үшін жауапты. Жауапкершілік мәселесін адам өздігінен түйсініп өспейді. Қанмен келген дүние емес, алайда өмірлік міндеттердің бірі.

Адамға өмір беріледі. Бұл берілген өмір үшін алдымен ата-анаға жауапкершілік жүктеледі. Жаратқаннан берілген нығмет іштен шыққан бала өміріне құндылық ретінде қарап, бұл құндылық үшін жауапкершілікті ата-ана сезінбесе, бала да бұл өмірдің құндылығын түйсінбей өтуі мүмкін. Нәтижесінде, ержеткенде өз тіршілігі мен өмірі үшін жауапкершілік туралы түйсігі мен қабілеті қалыптаспай өтеді.

Бұған қоса, адам өз ата-анасының психологиялық билігін сезініп өседі. Әлем туралы тонын бала анасын «көру», сезу арқылы пішсе, бұл әлемде қалай өмір сүру керектігін әкенің қорғаны арқылы білетіндігі айтылды. Сондықтан ата-ананың балаға қатысты асыра сілтеген билігі, өз кезегінде, адамның өз өмірінің иесі екендігін ұмытып, оны өз қолына алмайды.

Бастаңғы арқылы халқымыз ата-ана мен бала арасындағы жауапкершілік пен билік мәселесін ерте бастан шешуге тырысқан. Ересектер үйде жоқта жастар жиналып, емін-еркін ашылып, аралас-құралас болып, танысып-білісіп, қарым-қатынас құруды үйренген. Өз жағдайларын өздері жасап, қонақ күту мен тіршілікке қажетті икемділіктерін арттыруға тырысқан.

Жалпы, қазақ жастарының тәрбиесі қарым-қатынастың маңыздылығын бойға сіңіруге бағытталған. Түзде ақсүйек ойнаған жастар, тек түзде емес, үйде де өз-өздеріне қожа мен би бола алатындықтарын білген.

Бастаңғы жасау үлкендердің рұқсатымен жасалатын дүние. Бұл дегеніңіз жастарға ересектер өздерінің мәңгілік еместігін, дүниенің алмакезек екенін, өз өмірлері үшін жауапкершілік пен билік мәселелерін өз қолдарына алатын кездің де ауылы алыс еместігін ыммен жеткізуі.

Яғни, халқымыз бала тәрбиесінде олардың түз бен үйде емін-еркін өсуіне баса назар аударған деп айтуға болады. Қазіргі таңда психологиялық кеңес алуға келетін көптеген ата-ана балаларының өмірі үшін жауапкершілікті оларға әлімжеттік жасау мен билігін жүргізу деп ұғынатындығы кең таралып барады.

Ауыл баласы болмаса, қала баласы түзде де, үйде де еркін емес, қадағалау көп. Баланың жеке даралығын мойындамай, өмірі мен әлі жететін, қалағанын жасайтын, «илеп», сындыратын, өздерінің орындалмаған арман-тілектерін орындатқызатын ата-аналардың қатары көбейіп келеді. Бұл жайттар өз үні жоқ қуыс кеуделікке, балалардың жаратылысынан өмір сүруге икемділіктерін жоюға әкелетіндігін ескеріп, бастаңғы тәрізді ұлттық сипаттағы өмір сүруге бейімдеу әдістерін бала тәрбиесінде қолданған жөн.

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 23 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: