11:12 Қазақтық | |
МОЙНЫНА БҰРШАҚ САЛУ Мойнына бұршақ салу – баласыз адамдардың мойнына көгеннің бұршағын салып, Құдайдан ұрпақ тілеуі. Бұл ертеден келе жатқан ырым. Бұл тағдырға мойынсынып, Тәңірге шын беріліп, оның барлық әміріне көнудің және ақ тілеудің белгілі. Мұндай тілек әсіресе ертедегі жырларда жиі кездеседі. Оның соңы тілек орындалып, қуанышқа кенеліп жатады. Бұршақ салу – Тәңірден бала сұраған жағдайда ғана қолданылады. Қазақы тәрбиеде мойнына жіп салу, белбеу немесе басқа түрлі бұйымдарды салуға тыйым салады. Себебі мойынына жіп салудың астарында ұрпақсыз өтушілік, Құдайға жалбарыну, Алладан беймезгіл тілек тілеу ұғымы жатыр. Сонымен бірге мойынға жіп салудың келесі бір мағынасы өмірден баз кешіп, өз-өзіне қол салуға итермелеу түсінігі де көрініс береді. Сондықтан да қазақ халқы мойынға жіп салуды жақсылыққа жорымаған.
Психологиялық мәні: Халқымыздың ұрпақ жалғастығына алаңдаулы – жеке адам, әулет, ұлттық деңгейлерде өмірден жоғалып кетпеу мәселесіне алаңдағанын көрсетеді. Өмірді жалғастыру мәселесінде, сонымен қатар әрбір адамның өліммен арпалысы да жатыр. Экзистенциалдық гуманистік психология тармағында адам өмірінің маңызды алғышарттарының бірі саналатын экзистенциалдық алаңдау деп аталатын мәселе қарастырылады. Еуропалық экзистенциалист П.Тиллихтің еңбектерінде экзистенциалдық алаңдау – өлімнің «қыр астында» екендігі мен болмай қоймайтындығына, яғни тіршіліктің аяқталатындығына алаңдауы деп танылады. Адам өзінің өліммен жолығатындығын ұғынған кезде экзистенциалдық алаңдауын, көбінесе, бала табу арқылы, яғни өзгені өмірге әкелу арқылы шешеді. Яғни экзистенциалдық алаңдаушылық өз кезегінде адам өмірінің мәні мәселесімен кездестіріп, оны шешуге атсалысатын адам бойындағы тылсым күш деп айтуға болады. Өмір мен табиғат заңдарына қарсы шықпаған халқымыз үшін адамның мойнына жіп салу деген жат дүние. Жіпті жай ғана тағып қоймай, оны өскін – бұршақ деп танып, соны іліп қоюы – баласының болмағанына түңілу емес, оның тап қазір өмір мен өлім мәселесімен, құрып кету қаупімен кездесіп отырғандығын, бұл мәселені мойындағанын білдіреді. Мойынға салынған жіп өлімді білдірсе, ондағы «бұршақ» өмірге деген ниет пен үмітті көрсетеді. Сонымен қатар, мойнына бұршақ ілу арқылы адам өз тағдырына мойынсынады: жіп арқылы өз өліміне, бұршақ арқылы өз өміріне басын иеді. Мойынға бұршақ ілу – өмір жалғасы үшін күресті тоқтатып, тағдырын қабылдайды, тірі ретінде өз тіршілігін жалғастырады. Экзистенциалдық психология саласының маманы Д.Леонтьевтің пікірінше, экзистенциалдық алаңдаушылықты, қазақша айтқанда тіршілікке алаңдаушылығын адам өз өмірінің құрамдас бөлігі ретінде қабылдағаны дұрыс. Себебі онымен өмір сүруден гөрі күрес адамның шыдамын таусып, күш-жігерін тез сындырады деген тұжырымға келген. баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
Всего комментариев: 0 | |