22:22
Қазақтық

ТАЯҚ ТАЯНБАУ

 Таяқ таянбау – қазалы үйдің ер адамы жасайтын тыйымсалт.

«Талдан таяқ жас бала таянбайды,

Бала бүркіт түлкіден аянбайды...» - деп басталатын халық әні «Бір балада» айтылғандай дені сау, басы жас адамға таяқ таянуға болмайды. Оның өзіндік себептері бар.

Халқымыздың кез келген салт-дәстүрі, ырым-тыйымы мен жол-жоралғысы сан ғасырлық тіршілік жолы мен ұзақ уақыт ұстанған өмір философиясының жемісі десек, таяқ таянбаудың екі түрлі астарын бағамдаймыз.

Алғашқысы үйелменінен арыстай азаматы қаза болып, бауырды қимай бауыры езіліп тұрған етжақыны туысы қолына таяқ ұстап тұрады. Бұл әуелі сырттан келген бөгде адамға кісісі өлген кім екенін бірден ажыратады. Екіншіден, «бел көтермес қайғыны» таяққа сүйеніп өткеріп тұрғанының белгісі. Сүйенері өліп, таяқты тіреу етіп тұрғанын көрсетеді. Қайғының қаншалықты ауыр болғанының көрінісі.

Екіншісі, мәйітті жерлеп, үйге келген жамағаттың арасында жақынынан айырылған адам енді таяққа сүйенбей, керісінше бүйірін таянып егіледі. Алғашқы таянған таяқты жинап тастайды.

Таяқ таянуға қатысты халқымыз жас балаларға «таяқ таянба!» деп ескерту жасайды. Таяқты жасы келіп, таяқсыз жүре алмайтын қариялар мен кісісі өліп, өзегін өкініш өртеген адамдар ғана таянған.

 

Психологиялық мәні:

Халқымызда таяқ таяну – адамға жаратылысынан берілген нығметі – қос аяғына сүйене алмай қалған жағдайдан хабар береді. Таяққа сүйену, жоғарыда айтылғандай, асыраушы мен «басы» болып саналатын қарағайдай азаматтың қайтыс болғанында қабырғаның қайысқанын және жанашыр мен сүйенердің жоқтығын білдіреді.

Халқымыздағы жанашырлық пен бауырмалдықтың адамдар арасындағы қарым-қатынастың ең басты қағидасы екендігін ескерсек, кез келген азамат өз үйінің ғана емес, елдің азаматы, жоқтаушысы мен сүйенері, ақыл қосушысы ролін атқарған. Сондықтан, азаматы қайтқан ел бір сүйенерінен айрылған күй кешкен.

Алайда, жоғарыда саралағаннан көретініміз, таяққа сүйену ұзаққа созылмаған, мәйтті жерлеп келген соң, артында қалған әрбір азамат енді өз аяғына сүйену қажеттігін мойындап, қазаға мойынсынған. Мәйіт жерленген соң артында қалған азаматтар бүйірін таянып, бауырынан айрылғандығын мойындап, қара жамылған.

Психологиялық тұрғыдан, таяқ сүйенуге тыйым салынуы – салттың тек қаралы жағдайға ғана қатысты екенін білдірмейді. Жалпы, қазақтың «тұсау кесу» сияқты салтынан, «аяғына нық тұрды», «өз аяғына сүйенді» деген сияқты тұрақты сөз тіркестері арқылы әр адамның өз аяғына нық тұруы мен сүйенуіне баулығанын, міндеттегенін аңғарамыз. Бұл міндет – кез келген психотерапиялық және психокоррекциялық жұмыстың басты мақсаты. Әрбір адаммен жұмыс оның өз аяғына нық тұрып, өзіне деген сеніммен өмір сүруіне ықпал етуге әрекет етеді.

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 11 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: