22:48
Қазақтық

ШЫМЫЛДЫҚ ҚҰРУ

Шымылдық құру – адам қаза болғанда мәйітке көлегейлеп ұстайтын перде.

Қазақ халқы қандай жағдай болмасын, ең әуелі ұрпақ тәрбиесі мен баласының амандығын бірінші орынға қойып келген. Мәйтті оң жаққа салғаннан кейін оның басына шырақ жағып, бетіне перде тұтады. Яғни шымылдық ұстайды.

Бұл жеке киіз үйде оң жақта жатқан мәйтті әрбіреу келіп қарай бермесін деген ой болса, екіншіден, өлген адамның түсі суып, жүзіндегі мейірімі қан-сөлсіз сұр өлікке айналатындықтан, бала-шағаның өліктен тіксініп, шошып қалмауы үшін жасалатын сақтық шарасы.

Мәйтке тұтылар пердеге бар болса, жас кезде, алғаш отау болып шыққан кезде ұстаған шымылдық тұтылады. Кейде қарт кісілерге әл-ауқатына қарай ақ торғыннан арнайы шымылдық тігіп даярлайтындар да бар. Бұл ұлт пәлсапасында шымылдықпен басталған өмірдің шымылдықпен аяқталғанын білдіруі де мүмкін.

 

Психологиялық мәні:

Шымылдық арқылы, психологиялық тұрғыдан, халқымыз бірнеше мәселені шешкен.

Біріншіден, қазаны мойындаған. Халқымыздың дүниетанымында өмір мен өлім қатар жүреді, яғни, қазақ қазаны о бастан мойындаған. Оның дәлелі – «мәйітке тұтылар шымылдыққа жас кезде, алғаш отау болып шыққан кезде ұстаған шымылдық тұтылатындығы». Яғни, ересек болып, өз түтінін түтеткен кезден бастап, әр адамның шымылдығы өмірінің аяғында қайта қолдану үшін сақталып қойылған.

Шындығында, өмір бар жерде өлім бар. Психологиялық тұрғыдан алғанда өлім – өмір мен тіршіліктің белгісі. Бойында өмір белгісі – тынысы бардың барлығы өледі, сондықтан өлім – өмірдің ажырамас бөлігі.

Қазаны мойындау – адамды көптеген психологиялық мәселеден сақтайды. Экзистенциалдық психологияда кез келген адам өмірінің дамуы мен оның алаңдаушылығына алып келетін 4 экзистенциал – құбылыс бар. Оның бастысы – өлім мәселесі.

Бұл дүниеге келген адамның өмірі – уақытша. Ерте ме, кеш пе о дүниеге аттанады. Алайда кез келген адамның бойында өлімге өз өмірін қиғысы келмейтін сезім болады. Бұл көптеген қорқыныш пен үрейдің, психологиялық бұзылыстардың себебіне айнлып, адам өлмей жатып, өмір сүруден бас тартуы мүмкін. Сондықтан, психотерапиялық және психокоррекциялық жұмыстар жасау барысында әр адамның өліммен қатынасын реттеп, оны өмірдің белгісі, ол қарама-қайшы дүние еместігін, өмір сүруге тосқауыл болмайтындығын түйсінуі өте маңызды. Осындай дана түсінікті иісі қазақтың түтінін түтеткен кезінен бастап ұғынғаны – бұл халықтың толыққанды, еркін, мағыналы өмір сүруіне алып келген болуы керек.

Екіншіден, өлім өмірдің белгісі болғанымен, ақыл-есі мен санасы толық қалыптаспаған жеткіншек жасқа дейінгі балалар үшін психикасына кері әсер етуі мүмкін. «Өлген адамның түсі суып, жүзіндегі мейірімі қан-сөлсіз сұр өлікке айналатындықтан, бала-шағаның өліктен тіксініп, шошып қалмауы үшін жасалатын сақтық шарасы» ретінде шымылдықтың тұтылуы – психикасы толық қалыптаспаған бала бойындағы көптеген психологоиялық бұзушылықтардың алдын алуды қамтамасыз етеді.

Үшіншіден, шымылдық – өмір мен өлімнің аражігін ажырату функциясын атқарады. Тіршілігі бар үйдің оң жақ босағасында жатқан мәйтке өз орнын белгілеп, өмірден «бөліп» ұстаған. Шымылдықтың бер жағында тіршілік жалғасуына ниет етілген. Сондықтан, шымылдық бұ дүние мен о дүниені бөліп тұрған, қаза болған адамның о дүниеге аттанғандығын білдіретін «есігі» іспеттес. Қазақтың қайтыс болған адамды «қайттыға» жоруы – адамның деструктивті дүниемен кездесуі емес, ана құрсағынан шығып, жер құрсағына қайтқанын ұқтырады.

Осылайша, шымылдық тұту арқылы қазақтың өмір мен өлімге бірдей бас ұрғандығын көруге болады.

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 16 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: