11:41
Қазақтық

ҚАРА ЖАМЫЛУ

Психологиялық мәні:

Психология ғылымында қара жамылу нормативті және патологиялық болып екіге бөлінеді.

Нормативті қара жамылу адам өмірінде 3 айдан 2 жылға дейін созылады. Кейбір әдебиеттерде психологиялық қара жамылу 1 жылда аяқталады. Ос уақыт ішінде адам шок кезеңі, яғни өлімнің болғандығын мойындамай, одан қорғану кезеңін; қайтыс болған адамды іздеп, оған сенбеу, мойындамау кезеңін бастан кешеді. Содан кейін адам өлім себептерін іздеп, өзін және өзгелерді кінәлап өмір сүреді. Осы кезеңде адам өмірдің жалғандығы, өліммен аяқталатындығы, ары қарай өмір сүрудің мәнсіздігі, әділетсіздік сияқты сезімдерді бастан өткеруі – табиғи құбылыс.

Одан кейінгі депрессия сатысында адам өлімнің шынымен болғанын мойындай бастайды және өз бойын бойлап, жалғыздығын сезініп, зарығады. Тек осы сатыда болған жағдайдың өз өмірінің құндылығын қайта қарастыруына, мәнін көруге бағытталуы керек.

Келесі сатыда қаза мойындалады. Осы саты психологияда екі бағытта жүзеге асады: қазаны басынан өткерген адамның қайта қалыптасуы және қазаны жан деңгейінде қорытудың аяқталған кезеңі.

Бұған қоса, аза тұтып отырған адам қазаға қатысты түрлі өмірлік міндеттерді шешумен айналысады. Сондықтан қазамен кездескенде адамның аза тұту мен қара жамылуы тіршілікті тірі адам ретінде жалғастыруының алғышарты.

Осы кезде көкейіңізде «қара жамылып, аза тұтпағанда не болады?» деген заңды сұрақ тұрғаны анық. Оған да жауап беріп көрейік.

Қазаға аза тұтпаған жағдайда, яғни қазаға назар салып, бойдағы табиғи түрде келетін сезімдер мен эмоцияларды толығымен шығармағанда келесідей ауытқулар орын алады:

Бойдағы міндетті түрде болатын реакцияларды кейінге шегеру. Реакциялардың кейінге шегерілуі, көбінесе, қазамен кездескен адамның қайғыруға мүмкіндігі болмаған, өзге адамдар үшін жауапкершілігі басым болған уақытта орын алады. Бойдағы қайғыны шығармау бірнеше жылдарға созылуы да мүмкін. Қайғымен психокоррекциялық жұмыс жасау барысында қазамен кездескенде әке орнына әке болған қыздардың өз қайғысын кейінге шегеруі арқылы артық салмақ (қайғыға шыдауға күш және бойдағы шығарылмаған көз жасы), тұрмысқа шықпау (әке орнына әке болып жауапкершілік алу) т.с.с. мәселелермен жұмыс жасалады.

Бұрмаланған реакциялар. Кейде бұл реакцияларды «қайғыға масаттану синдромы» деп те атайды? Бұндай реакциялар қатарында:

- әлеуметтен ажырап, жалғыздықты қалау;

- қайтыс болған адамның бойындағы ауру белгілерін іздеп табу;

- психосоматикалық күйлер;

- өзіне назар аудармау үшін жұмыста аса белсенділік таныту;

- жан-жағындағыларға жау болу,

- депрессияның ұзаққа созылуы;

- өзін жазықсыз кінәлау сияқты түрлері кездеседі.

Бәзбір тәжірибелерде психокоррекциялық жұмыс үшін келетін көп ересек адамдардың аналары өмірден өткенде өздеріне ары қарай тіршілік етуге рұқсат бермейтіні анықталып жатады.

Патологиялық қайғы. Бұл жағдай адам аза тұту сатыларының бірінде тоқтап қалғанда орын алады.

Патологиялық қайғының белгілері.

- тән деңгейінде қайғыру;

- кінә;

- бар өмірін өлген адамға арнау;

- өз тіршілігінен толық бас тарту;

- шарасыздық;

- қазаны толық мойындамау;

- қазаға ұшыраған адамды ұмытуға, еске алмауға тырысу;

- оған қатысты кез келген дүниемен кездесуден қашқақтау;

- қорқынышпен өмір сүру;

- тіршілік мәнінің жойылуы сияқты құбылыстар.

Қазамен кездескенде аза тұтпау адам өз тіршілігін қайта жалғастырмауына әкеледі. Сондықтан адамға өз қайғысымен кездесіп, аза тұтуына уақыт пен мүмкіндік берілгені дұрыс. Оған қоса, аза тұтудың қалыпты өтуіне ол адамға көңіл айтып, жоқтауына жол беру арқылы көмектесуге болады.

Аза тұту қазақ салтында әйел адамдардың тірлігі болғаны ер адамдар аза тұтпайды деген сөз емес. Олардың аза тұтуға ешқандай мүмкіндіктері болмағанын көрсетеді. Себебі ер адамдарға тіршіліктің бар жүгі артылып, аза тұтуға уақыты мен мүмкіндігі болмаған. Ал психологиялық тұрғыда аза тұту ерлер мен әйелдер үшін бірдей керек.

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 18 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: