23:57 Қазақтық | |
ҚАРА ЖАМЫЛУ Қара жамылу – өлген адамға қайғыруды білдіретін о дүниеге жөнелтуге байланысты жасалатын қарекеттер. Оның рухы мен құрметіне жасалатын түрлі рәсімдер жүйесі. Аза – сан алуан шаралардан тұратын күрделі кешенді ғұрып. Әдетте, қайтыс болған әйелдер мен балаларды аза тұтпайды. Аза тұтуға бірнеше жоралғы жатады. Олар: бой жасаған кезде атқарылатын бақұлдасу, арыздасу, қоштасу, атақты адамдардың өсиет қалдыруы, жерлеу, қаралы үй тігу, қара жамылу, марқұм болған адамның артынан жоқтау шығару, ас беру, марқұмды ардақтау, оның адамгершілік қасиеттерін еске түсіру, қаралы үйдің қайғысына ортақ болу және т.б. Осының барлығы аза тұту рәсімдері болып саналады. Осы жерде айта кететін бір мәселе: бұрынғы кезде қаралы ауылды алыстан көрген жолаушы ауылда қандай адам өмірден өткенін бірден түсінетін болған. Ол үшін өлім шыққан үйдің сол жағына найза шаншып, қаралы ту (жалау) тігу арқылы аза тұтуға себепкер болған марқұмның қанша жаста екендігінен белгі беретін болған. Мысалы, жас жігіт болса – тудың түсі қызыл, орта жастағы адам болса – қара, қарт болса – ақ түсті болған. Ежелден келе жатқан салт бойынша, қайғыға душар болған үйдің қайғысына ортақ болып, жақындарына жұбату айтады. Етене жақындары, әйелдер жоқтау айтып көріседі. Қайғыға ортақтасып, көңіл айтуға келгендерді бет көріп, жақсы сөз айтуға келгендер деп атап, оларды жылаумен қарсы алады. Келгендер жылай көрісіп, еркектер жағы «ой, бауырымдап!» дауыс шығарады, марқұмның әйел туысқандары (әйелі, қызы, келіні, жеңгесі, қарындасы, апалары және басқа да етене жақын ағайындары) жоқтау айтып көріседі. Осы ретте айта кететін жайт – марқұмның әйелі әшекей заттарды тақпауға тиісті. Кейбір деректер бойынша, дәл осындай рәсімді марқұмның апасы, қарындасы сияқты жақын әйел туысқандары да ұстанған. Марқұмды жерлеген соң айтылатын жоқтау кейде Құран сүрелерінен дұға жасалғанша созылады. Егер қайтыс болған адам 20-25-терде немесе одан да жас болса, оған да жылына дейін жоқтау айтылған. Марқұм орта жастағы адам болса, туған-туыс, достары қатты қайғырып, ер азаматтары «ой, бауырымдап!», ал әйелдері беттерін тырнап жылаған. Егер бетін тырнамаса, әйел қайғырмады, яғни сөгіске ұшырайтын болған. Сондықтан, әйелі бетін тырнап, яғни бетіне дақ түсіріп, қатты аза тұтып отырғандығын білдіретін болған. Қазақстанның барлық аймақтарында күйеуі қайтыс болған әйелдер басына қара салады. Қаза болған адамды арулау рәсімдерін өткізуге арнайы тігілген киіз үйге орналастыруды «оң жаққа» салу деп атайды. Ондай киіз үйдің түрілген туырлығы қайғыны білдіреді. Қаза болған адам орта жаста болса, онда оның әйелі қара жамылған кимешегінің жағын ашады. Қайтыс болған адамның артынан аза тұту үрдісі бір жылға созылып, ас берілуімен бірге аяқталады. Астан кейін ол үйде (ауылда) сеп бұзылып, қаралы ту түсіріліп, азалы күй тоқтатылады. Жесір қалған әйел тек ерінің асын берген соң ғана қайта тұрмысқа шығуға ерікті.
Психологиялық мәні: Аза тұту – қазаға байланысты жасалатын психологиялық мәні бар мінез-құлық. Қара жамылу кездегі психологиялық жағдайдың ауырлығы қоғамның барлық салаларында мойындалған. Мысалы, азаматтық құқық саласында қайтыс болған адамның мұрасына кіретін дүние-мүлікті бөлісуге адам қайтыс болған соң алты айдан кейін ғана жол беріледі. Яғни, осы уақыт аралығында қайтыс болған адамның артында қалған жақындарының дүние-мүлікке қарауға да шамасы жетпейтіндігі мойындалған. Психологиялық тұрғыдан алғанда, аза тұту барысында адам қазасына қайғырады, басынан қайғыру сатыларын өткереді және адам өмірдің өзі қазаға қатысты алдына қойған мақсат пен міндеттерге жетуін жүзеге асырады. (жалғасы бар) баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
Всего комментариев: 0 | |