11:43 Қазақтық | |
ЖОҚТАУ Жоқтау – дауыс шығару деп те аталады. Қазақ халқының әдет-ғұрпында адам қайтыс болған күннен бастап оның жылы өтіп, асы берілгенше жоқтау айтылады. Қазаны естіген жанашыр туыстар ауылға «ой, бауырым» деп ат қойып шауып келіп, атынан жығыла түсіп, жақындары жоқтау айтып, қайғылы сарынмен көріседі. Қазаны естіген жанашыр туыстар ауылға «ой, бауырым» деп ат қойып шауып келіп, атынан жығыла түүсіп, жақындары жоқтау айтып, қайғылы сарынмен көріседі. «Жоқтау айтылып жатқан кезде, - деп жазады этнограф, тілші-ғалым Т.Арынов. – Айтушылардың барлығы жылап, көл-көсір көз жастарын төгу шарт емес. Тек өлген азаматтың жұбайы ерекше сарынмен, терең сезіммен айтқан кезде азаматқа арналған қайғылы сөздер мен ащы өкінішті көтере алмай талып қалатын әйелдер, қыздар болады. Осы бір ауыр сурет тыңдаушыларына қатты әсер етеді, әркімді ел үшін, өз халқы үшін қызмет етуге баулитын үлкен тәрбиелік мәні бар құбылыс болған». Жоқтау өлеңдерінің көнелік сипаты жайлы сөз еткенде ең алдымен тасқа басылған алғашқы үлгілер, көне түркі жазба ескерткіштеріне айырықша тоқталған жөн. Бұл жазулар жалпы түркітектес халықтардың мол мұрасы, бастау бұлағы екені мәлім. Мәселен, Күлтегін жазуларында форма жағынан да, мазмұн жағынан да қазақтың жоқтау жырларымен үндес тұстары кездесіп отырады. Осыдан-ақ, қазақтың жоқтау салтының қаншалықты терең, қаншалықты тарихи маңызды екенін байқауға болады. Көріс айту немесе жоқтау айту әуелі қайтыс болған адамның қандай деңгейде екенін танытса, екіншіден артында қалған туыс-туғандарының көңілінде шер-шемен қалдырмай, арылуына септігін тигізеді.
Психологиялық мәні: Аза тұту барысында қайғыдан қара жамылып отырған адам бірнеше мәселемен кездеседі: Біріншіден, қайғырушы адам қайтыс болған адаммен өз қатынасын орнату керек. Бұрын тірімен тіршілігін кешкен адам енді өлі адаммен өз байланысын орнатады. Бұрын кешкі шайдың дәмі күйеуімен дәмді болса, енді күйеусіз кешкі астың дәмін татады. Екіншіден, тірі адам қайтыс болған адамсыз өмір сүруге бел бууы үшін, алдымен қайтыс болған адамның өз өміріндегі алған ролін айқындап, неден айрылғанын жоқтауы керек. Мысалы, адам өз асыраушысынан айрылуы мүмкін, өмірінің жалғасынан, тірегі мен қамқоршысынан айрылуы мүмкін. Үшіншіден, бірге тіршілік етіп жүрген адамның қайтыс болуы ол адамның ғана өмірден жоқ болып кетуін көрсетпейді. Адам бірге кешкен тіршіліктегі өз орнын да жоғалтады. Мысалы, Алдияр (ойдан құрастырылды) қайтыс болғанда, Алдиярдың әйелі өзін алдиярдың әйелі ретінде бірге көмеді. Енді Алдиярдың әйелі болмай өмір сүруге үйренуі керек. Жалпы алғанда, қайтыс болған адам мен артында қалған адамдарды өмір байланыстырады. Осы өмірлік байланыстың үзілуін мойындау – тек жоқтау арқылы жүзеге асады. Сонымен бірге, психологияда жан тапсырған адам артында қалған адамдардан өздігінен кетпегендіктен, қаза болған кезде, қайтыс болған адамнан артында қадған адамы өзі кетуі керек. Қазамен кездескен адамды психолог емдемейді, тек сүйемелдейді. Бұл жұмыс барысында жоқтау арқылы іштегі шер қатып қалмауға әрекет жасалады. Оның сыртқа шығуына барынша ықпал етеді. Сондықтан, қазамен жұмыстың мазмұны жоқтау айту мен шер тарқатудан тұрады. Жоқтау айтудың психологиядағы маңызы зор, себебі, тек жоқтау арқылы адам қайтыс болған адамның енді бұл өмірде жоқ екендігін ұғынып, жоқтығын мойындай бастайды. баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
Всего комментариев: 0 | |