11:53
Қазақтық

КӨҢІЛ АЙТУ

Көңіл айту – азалы адамды жұбатуға арналған дәстүрлі ғұрыптық салт.

Бұл ізгі дәстүр көп халықта ертеден бар. Көңіл айту жаны ашығандықты, қайғыға ортақтасуды, жақындықты, сыйластықты білдіреді.

Қазақ халқында кісі, отбасы, ауыл, ру бачына түскен қайғы-қасірет, өлім-жітімге байланысты көңіл айту қара сөзбен де, өлеңмен де айтылады. Қаза алдымен естіртіледі де, содан кейін көңіл айту басталады.

Көңіл айтуға жұбату жалғасады. Бұл ғұрыптық салттардың бәрі өзара сабақтасып, адам ойын тереңнен тербеп, қайғысын сейілтетін философиялық ойлы, ұтқыр сөздермен көркем жеткізіледі.

Негізгі ой мақал-мәтелмен алыстан орағыта келе, қайғылы адамның жігерін қайрап, үмітін жебейді.

Адамның қайғысын бөлісу қазақ қоғамында ертеден тамырын үзбей жатқан рәсім.

«Көңіл – көңілден су ішеді» дейтін қазақ үшін көңіл айтудың орны ерекше. Той-томалақта кімнің келіп, кімнің қойып жатқаны онша білінбейді, ал қазалы үйге кім келіп, кім кеткені анық білініп тұратыны да осы көңілге тікелей байланысты болса керек.

 

Психологиялық мәні:

Адам жақынынан айрыоып, қазамен кездескендегі келесі сатыларында өмірден өткен кісіні іздеп, зарығады, мұңаяды, сағынады. Одан кейінгі сатыда адам ашынады, үмітін үзеді, зорығады, шырқы бұзылады. Одан кейінгі сатыда бойда қалған сезімдер көтеріліп, болмыс деңгейінде қайта ретке келеді және қазамен жан деңгейінде кездесу аяқталады. Яғни, қазаны қабылдаудың келесі сатысы оны жан деңгейінде қабылдап, мойындап, тірі адамның тіршілік жасауын қамтамасыз етуімен байланысты.

 Қазамен жұмыстың психологиялық астарын зерттеп, зерделеген, әлемге танымал В.Ворденнің пікірінше, қазамен кездескен адам алдында шешілуге тиісті 4 міндет бар.

  1. Болған оқиға мен қазаның орны толмайтынын мойындау;
  2. Бойдағы қайғымен бетпе-бет кездесіп, айрылу (басу емес);
  3. Өмірден өткен адамсыз да өмір барын мойындап, қоршаған ортаны қабылдау;
  4. Айрылған адаммен жаңа сипаттағы байланыс орнату және тіршілік етуді жалғастыру.

Бұл міндеттерді адам өздігінен игере алмайды, қол жеткізе алмайды. Сондықтан, қазіргі кезде қазамен жұмыс психолог маманның сүйемелдеуімен жүзеге асырылады. Психолог маман болсын-болмасын, қазамен кездесуде орны толмас дүниемен кездескен адамның жалғыз қалмауы аса маңызды. Қасында жанашыр адамдардың болуы, олардың мейірімі тіршілікті ары қарай жалғастыруға мұрша береді. Ал халқымыз бұл міндеттерді жүзеге асыруға көңіл айту арқылы қол жеткізген.

Бұл міндеттер орындалмаса, көбінесе, адамдар қазаны сана деңгейінде қабылдаумен шектеледі. Ал адам санадан тұрмайтыны белгілі. Адамның қазамен сана деңгейінде ғана келісуі өміріне кері әсерін тигізеді. Жан мен тәнінде ауытқулар пайда болады. Мысалы, медициналық психологияда осы міндеттердің орындалмауы нәтижесінде ұзаққа созылатын күйзелістер, психопатологиялық ауытқулар, депрессия, жарақаттан кейінгі стресстік бұзылыстармен пара-пар симптомдар кешені орын алатындығы дәлелденген.

Сонымен бірге, қазамен кездескенде адам өзінің ішкі әлемінде екі деңгейде пайымдау, ұғыну орын алады: болған жайтты пайымдауы, оның салдарын ұғынуы және жан мен рухани деңгейдегі қиналысы.

Қазамен жұмыста кездесетін міндеттерге қол жету арқылы адамның дүниетанымы кеңейіп, жаңа психологиялық түйсіктер пайда болады. Бұл түйсіктердің мамзұнына әсер ететін факторлардың маңыздысы – қазаны қабылдау мен қоршаған адамдардың түсіністік танытуы, жақынының қазасын мойындауға көмектесуі, көңілін аулап, жанына демеу болуы. Сондықтан көңіл айту – адамды алдаусырату, жұбату, дым болмағандай кейіп таныту, көңілін көтеру, алдарқату емес, қазаны бастан кешіріп отырған адамның қасында болып, бірге екендігін ұғындыру. Тек осындай сипаттағы әрекеттер қазаның салдарын жеңілдетеді.

Бұған қоса, ет жақынынан айрылған адам бойында өмірге, тіршілікке ашуы оянады. Осы кезде бұл ашудың орынды екендігін, алайда өлімнің тіршіліктің бір бөлігі екендігін майдалап жеткізіп, ұқтыру да маңызды. Сондықтан, көңіл айту қазаны бастан кешіріп отырған адамды әлем мен өмірден шеттетпей, адамдар арасында тіршілігін жалғастыруын қамтамасыз етеді.

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 26 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: