23:21
Қазақтық

БЕСТАС

Бестас – өте көне дәуірден келе жатқан, қазақ халқының ұлттық ойындарының бірі.

Ол еңбек құралдары ағаш, тас, сүйек болып келетін ғасырларда пайда болған деп болжанады. Бұл ойынды кезінде жасөспірімдерден бастап ересек адамдарға дейін ойнаған. Ойынға керекті зат бес кішкентай домалақ тас немесе бес асық болса жеткілікті.

Қазақтың бұл ұлттық ойынының тарихы да өте ежелгі дәуірлерге барып тірелетіні анық.

Махмұд Қашқаридың «Түркі тілдері сөздігі» еңбегінде бестас ойыны туралы мағлұмат кездеседі. Бұл мағлұматтар арқылы «бестас» ойынының сақ-ғұндардан бері келе жатқан ойын екеніне көз жеткізуге болады. Ойыншыны жылдамдыққа, қағызелдікке, тез шешім қабылдауға үйрететін, тарихы сонау ежелден басталатын таспен ойналатын ойынның «бестас» аталу себебі ойында бес тастың пайдаланылуымен байланысты.

Ойын «балта шабу», «тоқылдақ», «құдыққа салу», «қуалау», «кедергі» сияқты көп кезеңнен тұрады.

«Кедергі» аталатын кезеңге ойынды әбден меңгерген, епті, қағылездер ғана өте алған.

Ойын формасы «үштік», «төрттік» деп аталады. Одан кейін «жалау» деген түрі, «нәби» сынды бірнеше кезеңі бар. Мысалы, «жалау» ойынында төрт тасты жерге тастап, қолдағф қақпа тасты алып, оң қолыңызбен жерге 3 не 5 рет жалату ойын басында ойыншылардың өзара ақылдасуына, келісуіне байланысты. Осылайша бестас ойынының кезеңдері, тәртіптері, түрлері жалғаса береді.

Әр ойын өзіндік ережесімен ерекше. Бекітілген ережелері – ойынның қаңқасы іспетті. Ойынға әбден машықтанған адам мен қолына алғаш тас ұстаған ойыншыны ажырату оңай.

Кез-келген ойын белгілі бір ережеге, тәртіпке бағынатыны анық. Бестас ойынын да ата-бабаларымыз сондай бір керемет ережелермен бекіткен. Яғни бірінші қатысатын адам саны анықталады. Ойынға қатысатын адам санына шектеу жоқ. Кемінде екі адамнан басталады. Ойынға қатынасушылар дөңгелене отырады. Ойнау үшін қолға епті, ұстауға ыңғайлы тастар таңдалып алынады. Көбінесе қойдың құмалағынан үлкенірек домалақ бес тас таңдалады. Кейде тас орнына асықты қолданады.

Ойынды кімнің бірінші болып бастайтынын шешу үшін ойынға қатынасушылар кезектесіп бес тасты алақандарына салады да, жоғары серпіп жіберіп, алақандарының сыртымен тосып алады да, қайта серпіп жіберіп, ендігі кезекте қолды серпе қаршып алады. Ең көп тас қағып алған ойыншы бірінші кезек алады да, қалғандары да сол ретпен кезекке тұрады.

Бұл ойынның бірнеше кезеңі бар, ойыншылар сол кезедерден сатылап өте оытырып жарысады.

Бірінші тәсіл: Ойыншы бес тасты еденге шашырата тастайды да, ішінен бір тасты таңдап алады. Алған тасын жоғары серпіп жіберіп, жерден бір тасты іліп алып, лақтырған тасын қайта қағып үлгереді. Жерден алған тасын жанына қойып, сол тәсілмен екінші, сонан соң үшінші, төртінші тастарды бір-бірлеп іліп алып отарды.

Екінші тәсіл: Бес тасты еденге шаша тастап ішінен өзіне қолайлы бір тасты алады да, жоғарыдағы тәсілмен жерде жатқан тастарды екі-екіден жиып алады.

Үшінші тәсіл: еденге бес тасты шаша тастайды да, ішінен біреуін алып, жоғары лақтырып, алдымен біреуін іліп алып, лақтырған тасын тосып алады, сонан соң жерде жатқан үш тасты сол тәсілмен бірден жиып алуы керек.

Төртінші тәсіл: Бес тасты қолына алады да, біреуін жоғары серпіп жіберіп, қолындағы төрт тасты жерге қойып, жоғары серпіген тасын қағып алады. Сонан соң ол тасты жоғары қарай қайта лақтырып, жерге қойған төрт тасты жинап алып, жоғары лақтырған тасты қолға қағып алады.

Бесінші тәсіл: Бес тасты уысына алып, бірін жоғары қарай серпіп жібереді де, тасты алақанына қыса ұстап, шынашағымен еденді үш не бес рет (ойыншылардың алдын ала келісімі бойынша) сипап өтіп (жалап өтіп деп те атайды) лақтырған тасын қағып алады.

Алтыншы тәсіл: Төрт тасты (төрт) бұрышқа орналастырып (мөлшерін алдын ала келіседі), бір тасты жоғары серпе тастайды да, төрт тасты жедел теріп алып, лақтырған тасын қайта қағып үлгереді.

Жетінші тәсіл: Бес тасты еденге шаша тастайды да, арасынан бір тасты алып, оны жоғары серпіп жібереді де, жердегі тастарды жиып алып, лақтырған тасын қайта қағып алады. Сонан соң оны сол қолына салады да, жоғары серпе лақтырып, жерге түсірмей, қайта қағып алады.

Сегізінші тәсіл: Тастарды еденге тастайды да, арасынан біреуін алып жоғары лақтыра отырып, жерде жатқан тастарды бір-бірлеп алақанына жинай береді. Осы тәсілмен жерден тасты (төрт) жиып алады.

Тоғызыншы тәсіл: Бірінші тәсілдегі қайталанады. Бірақ тастарды қағып алған кезде тастар бір-біріне тимеу керек.

Оныншы тәсіл. Бірінші тәсіл қайталанады. Бірақ жерден іліп алған тасқа жоғарыдан қағып алған тас дәл тиюі керек.

Он бірінші тәсіл. Сол қолының бас бармағы мен (сұқ қолын ортан қолының үстіне айқастыра ұстап)  ортан қолын жерге тіреп тұрып, оң қолымен сол қолының астына әкеліп сыртынан асыра бес тасты алдыға қарай тастайды да, ішінен бір тасты «ата» деп белгілейді. Оны «Нәби» деп атайды. «Нәбиді» (атаны) отырған ойыншылар белгілейді. Ол иілген қолдың астына өткізугі қиын бір тас болады. Не тас өткізетін жерге тақау, не ең алыс түскен тас болады. Ойыншы жерде жатқан «Нәбиден» басқа тастардың бірін алып, оны жоғары серпе тастап отырып, барлық тасты біртіндеп иілген қолдардың астынан өткізеді де, ең соңында «Нәбиді» өткізеді. Жоғары лақтырып отырған тасын жерге түсірмеумен бірге «Нәби» сайлаған тасқа да басқа тастарды тигізуге болмайды. (жалғасы бар)  

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 56 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: