10:24 Қазақтық | |
ИППОТЕРАПИЯ Ат үстінде орындалатын ойындарды саралау барысында иппотерапия туралы айтпау мүмкін емес. қазақтың атпен ойнайтын ұлттық ойындары ұлтымыздың мақтанышы болатын дүние. Себебі аттың денсаулық пен адам психологиясына әсерін көрші Ресейде 1996 жылы ғылыми тұрғыдан зерттесе, әлем бұл мәселеге ХХ ғасырдың екінші жартысынан бастап мойын бұра бастады. Ал біздің халқымыз аттың адам өмірінің сапасын арттырудағы рөлін атам заманнан білген. Қазіргі таңда иппотерапия деген психотерапияның тармағы бар. «Hippos» - грек тілінен алғанда «жылқы», «therapia» - емдеу дегенді білдіреді. Яғни адамның денсаулығындағы қарым-қатынастық бұзылыстарды жылқы арқылы емдеу. Иппотерапия адамның тән және психикалық деңгейлердегі бұзылыстарын емдеу мен реабилитациясын қамтамасыз ететін әдіс ретінде төрт бағытты қамтиды. Олар: физиотерапиялық, спорттық, педагогикалық және психологиялық. Осы жерде иппотерапияны психотерапия элементі бар физиотерапиялық негізде құрылатын емдік физкультура нысаны ретінде саралау маңызды. Ол жүйелік реабилитацияны қамтамасыз ететін қымбат әдіс ретінде АҚШ, Германия, Ұлыбритания Италия, Франция сынды дамыған мемлекеттерде қолданылады. Көрші Ресей елінде иппотерапия 1990 жылдан қолданыла бастады. Ең алғашқы ғылыми жұмыс 1996 жылы кандидаттық диссертация ретінде сүйеніш-қозғалыс аппараты бұзылған адамдардың әлеуметтік қарым-қатынастарға еніп кетуі мен реабилитациясына оң әсері бірнеше жылдар бойы сараланып қорғалып шықты. Сонымен бірге дамуы бұзылған балалармен жұмыстағы иппотерапияның оң нәтижелері (Ю.Н.Жихарева, 2002), ақыл-есі кем адамдармен жұмыстағы көмегі (М.В.Максимова, 2005), ата-ана мен балалардың қарым-қатынасын жақсартудағы адамды таңқалдырған салдарлары (М.А.Филатова-Сафронова, 2002), целебральді паралич диагнозы бар балалардың психикалық дамуына оң ықпалы (Л.С.Чеснокова, 2005) туралы ғылыми еңбектер де жазыла бастады. Жалпы алғанда, дүние жүзінде ХХ ғасырдың аяғында мүмкіндігі шектеулі 450 млн мүгедек болса, олардың қазіргі таңдағы саны барлық адамдар санының 25%-ын құрайтыны белгілі болып отыр. Мүмкіндігі шектеулі адамдармен медициналық, реабилиотологиялық, педагогикалық, психологиялық т.б. жұмыстардың көбісі оларды сау адамдармен бірдей өмір сүруіне барынша жағдай жасауға бағытталған. Себебі мүмкіндігі шектеулі адамдарды ауруларынан сауықтыру мүмкін емес. қолдан келетін дүние – қатардан қалмай тіршілігін жалғастыруына ықпал етумен шектеледі. Мүмкіндігі шектеулі адамдардың өз бетінше қатардан қалмай тіршілік етуі мүмкін емес. оған реабилитациялық жұмыстар жасалуы керек. Бұл реабилитациялық жұмыстар адамның биопсихоәлеуметтік әл-ауқатына негізделіп құрылады. Бұндай жұмыстарды ұйымдастыру барысында негізгі шешілуі керек міндеттердің қатарына мүгедек адамның жүйелік белсенділігін арттыру, яғни психофизиологиялық функцияларын қалпына келтіру мен компенсациясы, оның өмір сүруі дағдыларын арттыру, жеке және әлеуметтік ортаға бейімін арттыратын қабілеттерін жетілдіру сияқты жұмыстарды қамтиды. Сондықтан мүгедек адамдар реабилитациясы олардың психологиялық, болмыстық, кәсіби, эмоционалдық-ерік-жігерін арттыруға бағытталады. Бұл мақсаттарды жүзеге асыру үшін қазіргі таңда нәтижелі әдістердің қатарына иппотерапия әдісі қолданылу қажеттігі айтылып, диссертациялық жұмыстар арқылы терең зерттеліп, қолданысқа ұсынылуда. Ресейде ең алғашқы жазылған иппотерапияның құндылығы туралы ғылыми пікірге сүйенсек: 1) Сүйеніш-қозғалыс аппарыт бұзылыстары бар адамдар үшін ең нәтижелі реабилитациялық әдіс ретінде иппотерапияны айтуға болады; 2) Иппотерапия балалардың целебральді сал, тағы басқа сүйеніш-қозғалыс аппараты бұзылыстарын емдеу мен әлеуметтік-педагогикалық зор ықпал ететін таптырмас әдіс; 3) Иппотерапия барысында мүмкіндігі шектеулі жандардың тін және психикалық тұрғыдан оң өзгерістер орын алып, олар өздерінің ауруларын жеңуін, өзінің болмыстық ашылуын қамтамасыз етеді, шешім қабылдау барысындағы даралығын қалыптастырады. Осылайша, жылқымен қарым-қатынасы арқылы сау адам түгілі мүмкіндігі шектеулі жандардың өзі де тіршілік етуге қажетті көптеген мүмкіндікке ие болып, әлеуметпен қатар өмір сүруі мүмкін болады. Қарап отырсақ, ұлттық ат ойындары шетелде енді дамып келе жатқан иппотерапияның нақ өзі. Шетелдік психокоррекциялық әдістерді қазаққа таси бермей, шаңырағымызға қарап, ұлттық ойындарымызды қайта жаңғырту – бүкілхалықтық деңгейдегі міндет. Себебі ат үстінде ойналатын ойындарды дамыту – қазақтың тән мен жан деңгейінде денінің саулығын қайта қалпына келтіруінің бірден-бір жолы десек, артық айтқандық болмайды. Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
Всего комментариев: 0 | |