11:01 Қазақтық | |
ТЫМАҚ ҰРУ Тымақ ұру – ойыны жазық кең алаңда ойналады. Ойынға қатысушылар екі жарым метрдей таяқты жерге қадайды да, оның басына тымақ не малақайды іліп қояды. Ортаға бір ойыншы шығады. Оған таяқтың басында ілулі тұрған тымақты (малақайды) көрсетеді де, көзі көрмейтіндей етіп орамалмен мықтап байлайды. Сонан соң оны атқа мінгізіп, қолына қамшы ұстатады да, бірер айналдырып басына тымақ ілінген таяққа қаратып қоя береді. Көзі байланған салт атты қолындағы қамшысымен тымақты ұрып жерге түсіруі тиіс. Бірақ тымақ ілінген таяқтың биіктігі салт аттының қолының деңгейінен аспауы керек. Әр салт аттының көзін байлайтын орамал өзгеріп отырады. Оны өзгертуге мүмкіндік болмаса, алдымен ақ қағаз жауып, сыртынан орамал байланады. Ойын кезектесіп жүргізіле береді. Тымақты ұрып түсіре алмағандар айып тартады. Олар айыптарына ән, тақпақ орындап, аяғы ойын-сауыққа айналады.
Психологиялық мәні: Қазақ халқының өмір сүру салты мен тіршілігіндегі жылқының алар орны ерекше. Жылқы – қазақтың тіршілігіне қажетті құрал, бес түліктің бірі ғана емес. ұлттық ойындарда жылқының қолданылуының астары жылқының адам өміріндегі зор психологиялық, медициналық, педагогикалық және денсаулығы мен әл-ауқатын қамтамасыз ететін ресурс екендігінде. Біріншіден, қазіргі кезде ғылым жылқы мен адам арасындағы жақындық пен мінездегі ұқсастықты, жалпы адам мен жылқының жақындығын ғылым мен техниканың дамуынсыз да білген. Сондықтан да «адам сөйлескенше, жылқы кісінескенше» дейді. «Тымақ ұру» ойынынан адам мен жылқының жақындығы, адамның жылқыға деген «көзді жұмып тұрып» сенгендігін көруге болады. Ойынның басқа да мақсаттары көп: ойыншының атқа сену арқылы бойындағы үрей мен қорқынышты жеңуі, әлеммен көзін байлап тұрып байланысын орнатуы, сезіну мен түйсік жүйесін дамытуы, «ат құлағында ойнап» психомоторлы дамуын жетілдіруі т.б. Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
Всего комментариев: 0 | |