10:00 Қазақтық | |
АТҚАУМА Атқаума – баланы ептілік пен жылдамдыққа баулитын ойын. Бір топ бала алаңға немесе дене шынықтыру залына жиналады да, ортаға екі бала шығады. Бірінші бала өзінің сол қолымен оң қолының білегінен мықтап ұстайды, екінші бала да осылай істейді. Бұдан соң екі бала бос тұрған оң қолдарымен бірінің білегінен бірі ұстап, айқасқан 4 қолдың басынан «орындық» жасайды да, соған үшінші баланы аяғын салбыратып отырғызады. Атқаума, атқаума, Арқар атқан қай тауда? – деп оны көтеріп алып жүреді де, бір жұмсақтау жер кездескенде: Атқаума, атқаума, Арқар атқан ақ тау ма? Көк тау ма? Көк тау болса, Көп тау ма? Ал тастадық бұл тауға, - деп қол үстінде отырған баланы жерге тастап жібереді. Отырған бала жығылмай, еппен ғана тез ыршып түсу үшін әрқашан сақ және жинақы отыруы керек. Жығылып қалса, ұпай тартады, жығылмай кетсе, қолдың үстіне әлгі екі баланың бірі отырады. Ойын осы тәртіппен жүре береді. Қолдың үстінде отырған ойыншыны «лақтырып» тастауға, әдейлеп жығуға болмайды. Мұнда шапшаңдық пен ептілік керек.
Психологиялық мәні: Ойынның шартынан көретініміз, «екі бала бос тұрған оң қолдарымен бірінің білегінен бірі ұстап, айқасқан 4 қолдың басынан «орындық» жасайды да, соған үшінші баланы аяғын салбыратып отырғызады». Яғни, «Мен» «Өзгеге» қажет кезде сүйене аламын. «Мені» айналамдағылар қаумалап көтере алады. Өзге мен үшін, қажет жағдайда отырсам «төсеніш» бола алады, «қолымен» көтеруі мүмкін. Бұл сүйеніш мәңгілік емес, «балапан басымен тұрымтай тұсымен» болатын кездер де болуы мүмкін. Ең бастысы, «Мені» өзгелер жұмылып, жүк секілді көтеріп жүре алады. Бірақ «Өзгенің» демеуі уақытша. Адам «Өзгеге» масыл болуға ұмтылмауы керек. Арқар ататын ақ тау болсын, көк тау болсын, әйтеуір бір тауда жұлдызым жануы керек, өз арқарымды өзім атуым керек. Яки, өз тіршілігімді өзім көріп, өзім сүруім қажет. Дайын асқа тік қасық болу дұрыс емес. мені өзге арқар ататын тауға жеткізе алады, ары қарай өз арқарымды өзім атуым керек. Бұл дегеніңіз – халқымыздың әр адамның өз тіршілігі үшін жауапкершілікті өз мойнына алуын бұғанасы қатпаған шақтан бастап, талап етуі. Сонымен бірге, жұмыла көтерген баланы кез келген жерге тастай салуға болмайды. Уақыты мен реті келгенде «тасталады». Бұл дегеніңіз – баланы кез келген жерге, кез келген уақытта емес, бұғанасы бекіген, уақыты мен реті келген уақытта ұясынан ұшырып, өз арқарына жұмсау қажеттігін ескерткені. баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
Всего комментариев: 0 | |