00:06
Қазақтық

АҚ БАЙПАҚ

Қазақы дүниетанымда салт-дәстүр, ырым-тыйым, тіпті қарапайым ойынның өзі бала тәрбиесіне негізделген. Осы бағытта көшпелі салтты ұстанған ұлтымыздың негізгі тіршілік көзі мал шаруашылығы болғаны айтпаса да түсінікті жағдай.

Ал күнделікті тұрмыста енді-енді ақыл тоқтатып келе жатқан баланың санасына жан-жануарларды, бес түлік малды сіңіруде ойынның алар орны ерекше бұл бағыт бойынша түрлі ойын-сауықтар бары да ақиқат. Осы ретте жануарлар дүниесін көз алдыңа елестетіп ойнайтын ойындардың бірін атап өтпекпіз. Ол – «Ақ байпақ» ойыны.

Ойынға қатысушылардың санына шек қойылмайды. Ойнаушылардың саны неғұрлым көп болса, ойын солғұрлым қызықты болады.

Ойыншылар көгалды жазық жерді таңдап алады да, дөңгелене жүрелеп отырады. Сонан соң араларынан бір ойыншыны ортаға шығарып оны бота деп, көрсетпей жауып қояды. Осы кезде боздап ботасын іздеп інген келеді де, отырған ойыншылардың біреуінің иығына отырады.

Ойыншы: - Ақ иығымның үстіндегі кім?

«Інген»: - «Ақ байпақ».

Ойыншы: - Нең жоқ?

«Інген»: - «Ботам» жоқ.

Ойыншы: - «Ботаң» көлде бетін жауып жатыр.

Осы кезде «інген» орнынан тұрып, 4-5 адымдай жерге барып келіп: «Бе-е-е, жоқ қой» деп ойыншының иығына тізесімен бір түйіп кетеді. Екіншісіне барып отырады. Ол да солай, «Ботаң шөпшек теріп жүр», дейді... Келесі ойыншы «ботаң ұйықтап жатыр», дейді.

Осылайша, барлық ойыншының иығына отырып болған кезде, ойнаушылардың әрқайсысы ботаға бергенін айтып, біреуі су бердім, екіншісі шөп бердім, үшіншісі тамақ бердім, тағысын тағы... дейді де «ботаны» тастай сала жан-жаққа бытырай қаша жөнеледі. Жаны жай тауып «ботасын» көрген інген «ботасынан» «Кім не берді?» деп сұрай бастайды.

 

Психологиялық мәні:

«Ақ байпақ»-тың мәнін сараламастан бұрын бір эксперимент жасап көрсек.

Орындыққа ыңғайлы жайғасып, бүкіл дене-бітіміңізге, тұла бойыңызға назар аударыңыз. Тұла бойыңыз жай тапқандай сезім болғанда, орындыққа назар аударыңыз. Орындық үнсіз, ал сіз орындықта отырсыз. Дәл қазір орындық сіздің сүйенішіңіз. «Орындықтың сүйеніші не?» деп сұрақ қойыңыз. Орындықтың да сүйеніші бар. Ол – орындық тұрған бөлменің едені. Бұл еден де үйдің іргетасына сүйенеді. Үйдің іргетасы қара жерге «сүйенген». Жер планета ретінде тартылыстың заңымен, жаратылысынан басқа да табиғат заңдарына сүйеніп, «құламай» тұр. Яғни, сіз осы жолдарды оқып отырғанда, өзіңіз білмейтін «сүйеніштеріңіз» жетерлік.

Бұл эскпериментпен не айтқымыз келді? Бес түлігін сайлаған халқымыздың бес түліктің төресі – інген мен ботасының бірін-бірі жоғалтып табудағы өзгелердің міндетін ашып көрсеткен ойынында сенім мәселесінің жатқандығын осы экспериментпен байланыстырғымыз келді.

Інген баласын «жоғалтқанда» өзгеге сүйене алады. Кез келгенге арқа сүйегенде оны демеу міндет. «Ботадай боздап» жылаған кез келген жан иесі үшін мынау әлем дос болуы керек. Сүйенішін жоғалтқанда кез келген еті тірі ботаға азық болуы керек. Яғни, бұл ойын арқылы халқымыз бауырмалдық пен сенімді әркімнің бойына сіңірген.

Інген мен бота қосылғанда жан-жағындағылар тым-тырақай қашуы – басқаға сенгенмен, жанашырлық танытатынына шүбә келтірмегенмен, баласы үшін бар жауапкершілік ата-анаға артылатыны көрсетілген. Жаны жай тауып «ботасын» көрген інген «ботасынан» «Кім не берді?» деп сұрауы – ботаға бүкіл әлемнің сүйеніш екендігін, анасы жоқ кезде жанашырлық танытар өзгенің барын «ботаға» ұғындырғаны. «Ботаның айтуымен оған жөндеп тамақ бермегендер «інгеннің» бұйрығымен жазаланады, демек, өнер көрсетеді». Бұл дегеніңіз бойында жанашырлық пен жылулық оята алмаған адамның бойын өз өнері арқылы «жібітуі», «жетімді» жылатқаны үшін жауапкершіліктің жүктелетіндігін меңзегені.

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 44 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: