14:34 Қазақтық | |
АРҚАН ТАРТУ Арқан тарту – кең таралған ойын. Арқан тарту бір жағынан ойын болса, бір жағынан тартысты спорт. Қазақ халқы күш сынасқанды жақсы көретін халық. Бұл ойын той, мерекелерде, басқа да қызық сәттерде ойналады. Мысалы, той-томалақтарда балалар топ-топқа бөлініп, арқан тартысады. Кейде бұл ойын ересек адамдардың арасында да өтеді. Тойға жиналғандар тартысты қызыға тамашалайды. Тойда жастар өз командаларын, үлкендер өз командаларын құрып топ-топқа бөлінеді. Ойынға қатысушылар өздерінің таныстарын, туыстарын жинап команда құрады. Осылайша бірнеше команда құрылып, өз араларында мықтыны анықтайды. Бірінші ұтылған команда жеңілген болып есептеледі. Жеңілген команда бәсекеге қатыса алмайды. Осылайша соңғы команда қалғанша тартыса береді. Соңғы қалған топ жеңімпаз атанады. Оларға бағалы сыйлық беріледі. «Арқан тарту» үшін, алдымен, үзілмейтін берік арқан керек. Екіншіден, арқан ұзын болуы керек. Себебі арқан тарту барысында әр командада кемінде бес адам болады. Ойынға он адам қатысады десек, арқанның ұзындығы кемінде 20 метр болуы тиіс. Ереже бойынша арқанды арнайы алаңға алып келеді. Алаңның үстіне сызық сызылады. Кейін сызықтың үстіне арқан қойылады. Сызықтың үстіне қойылғанда, арқанның екі жағының ұзындығы тең болуы қажет. Сосын екі команда бір-біріне қарама-қарсы тұрып, арқанды өзіне қарай тартуды бастайды. Жарыс әділ өтуі үшін, әр командадағы адамдардың салмақтары тең болуы керек. Егер де команда мүшелері толық құрамымен сызықты басып кетсе, жеңілген болып есептеледі. Осы ойында жеңімпаз болу үшін, командалық түсінушілік қажет. Командадағы адамдар арқанды біркелкі тартуы керек. Арқанды біркелкі тартапаса, жеңіліске ұшырайды. Арқан тарту ойынының басты мақсаты – жас балаларды күш біріктіре білуге, ынтымақтастық пен бірлікке тәрбиелеу.
Психологиялық мәні: Қазақтың ұлттық ойындары педагогикалық, танымдық, психологиялық, медициналық, спорттық мәндерге ие. Арқан тартыстың бірінші мәні – ауыл, ру, туыстық, достық пен сыйластыққа негізделгенімен, тепе-теңдік қағидасынсақтай отырып, бала мен ересектер арасындағы топтық бірлестік пен ауызбіршілікті сақтау. «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығару», алға қойған мақсатқа жету, жеңістің дәмін бірігіп көру, «жалғыздың үні шықпайтынын» мойындау. Екінші мәні – топ арасындағы ауызбіршіліктен өзге олардың жеке шекараларын сақтау. Мысалы, психологияда адамға өзінің жеке даралығын ұғындыратын кеңістік ретінде жеке шекарасы белгіленеді. Адамның жеке шекарасының диаметрі көптеген психологияның тармақтарында, сонымен бірге кейбір спорт түрлерінде (мысалы, таэквондо) қол мен аяқ ұзындығымен сәйкес келеді. Бұл шекараның өлшемі, көріп отырғанымыздай, арқан тартыста да сақталған. «Бір жағадан бас шығару» бар, сонымен бірге, топ қатысушыларының арасында өз шекаралары сақталғанда ғана тепе-теңдік болады. Шекара мәселесі екі топтың арасында да сызық арқылы белгіленген. Адамдар арасында арқан сияқты байланыс бар, сонымен бірге араларында шекара да бар. Сондықтан шектен шықпау, ала жіпті аттамау сияқты астарлы дүниелер арқылы шекара мәселесі шешілген. Үшінші мәні – халқымыздың көп ойындарынан көретін астар – өмірде жеңіс пен жеңілістің, әлсіз бен мықтының қатар жүретіндігі. Бұл құбылыстардың алма-кезек екендігін ұғынамыз. Жаз алдында көктем әлсіз, көктем алдында қыс әлсіз, күз алдында жаз шарасыз, қыс алдында күздің шарасыздығы сияқты, әр құбылыстың өз дәурені болатындығы, ұтылғанның алдында тағы да мүмкіндіктер туатындығын байқаймыз. Сонымен бірге екі тараптың арасында жеңіс пен жеңіліс орнағанымен, арқан бүтін, яғни екі жақ «ат кекілін келіспейді». Бұл жерде, қандай жағдай болмасын, халқымыздағы қарым-қатынас мәселесінде бет жыртыспай-ақ, арқанның бүтіндігіндей бауыры бүтіндік сақталуы міндет екенін көреміз. Психологияның экзистенциалдық анализ тармағында адам – құс іспеттес, ал оның қуанышы мен қайғысы – құстың екі қанаты деп саналады. Құс сынған қанатпен немесе жалғыз қанатпен ұша алмайтындығы сияқты, адам да қуанышты жалғыз мұңды сезімдерсіз өмір сүре алмайтындығы алға тартылады. Жалпы психологияда адамдар арасындағы қарым-қатынаста – сүйкімділік, бауыр басу, достық, ғашық болу, жақсы көру, қанағаттану, бақыт, мақтаныш сияқты сезімдермен қатар, антипатия, дұшпандық, қызғаныш, көре алмаушылық сияқты қарама-қайшы сезімдердің де қатар жүретіндігі белгілі. Арқан тартыс ойынының астарында осы түсінік пен мағына жатыр. Адам – берік арқан тәрізді, ал жеңіс пен жеңіліс, күшті мен әлсіз, жақсы мен жаман, қуаныш пен мұң арқан тартыстағы екі тарап сияқты оның өмірінің екі келбетін көрсетеді. Сонымен бірге, қазіргі таңда ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынасты диагностикалық анықтау барысында ата-ана мен балалардан олардың арасындағы қатынастардың «арқан тартысу», «хрустальді шыныаяқ», «вальс биі», «кемедегінің жаны бір» деген тұрақты сөз тіркестері арқылы анықтаймыз. Егер ата-ана мен бала арасында бала өмірі үшін күрес жүріп жатқандығынан хабар береді. Сондықтан арқан тартысудың астарында екі топтың қызығар бір құндылығы болады. Әрбір топ мүшелерінің өздерін ел алдында мойындату, өзгені мойындау мәселесі жатады. Арқан тартыста білек күші мен ауызбіршілік қатар жүру арқылы күш бірлікте екенін түсіну бар. баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
Всего комментариев: 0 | |