22:07
Қазақтық

ҮЙІМНІҢ ҮСТІНДЕГІ КІМ?

Үйімнің үстіндегі кім? – бұл ойынды ойнау үшін қатынасушылардың бірі жұдырығын түйеді де, столдың үстіне қояды. Оның үстіне 2,3,4,5-ші ойыншы да өздерінің бір-бір жұдырықтарын қояды. Бірінің үстіне бірі қойылған жұдырықтар бірнеше қабат үй сияқтанып биіктей түседі. Егер ойыншы 2-3-ақ адам болса, әр ойыншы екі жұдырығын өзара алмастыра қоюына болады.

Ең үстіңгі жұдырықтың астындағы қолдың иесі:

- Үйімнің үстіндегі кім?

- Мұсамын.

- Негып жүрсің?

- Ұшамын.

- Тезірек ұш.

- Қорқамын.

- Кейінірек ұш!

- Асығамын.

- Секіріп түс.

- Жығыламын.

- Астыңдағы не?

- Келі.

- ішіндегі не?

- Тары.

- Жүзің неден сары?

- Жас шіркінің кәрі.

Осы сөз айтылысымен ойыншылар түгелдей: «Ат та жымпи, көжеңді іш те тымпи», - деп қолдарын алады да, тым-тырыс бола қалады. Кім бұрын күліп қойса, сол ұпай төлейді.

Ұпайдың тәртібі – күліп қойған ойыншының алақанын жазып, білегінен ұстап отырады да:

«Кімнің үйіне қондың?» - деп сұрайды. Күлген бала тез өзі білетін үйлерінің ішінен ең адамы аз біреудің атын атайды. Мысалы, «Есеттікіне қондым», - дейді. Ұпай алушы бала:

Есет атам ет асатар,

Ет асатса бес асатар,

Бесбай етті неше асатар? – деп тез-тез 5 рет айтып шық деген бұйрық береді.

Ойнаушы жаңылтпашты жақсы айтып кетсе, сонымен ұпайдан құтылады. Егер айта алмаса ойын бастаушы күліп қойған ойыншының алақанын қаттырақ шымши отырып «ет асата» бастайды.

«Ет асатуды» үйде неше кісі болса, сонша қайталап жасайды.

Мысалы, Есеттің үйінде 3 адам бар. Өзі, әйел – Қанипа, ұлы – Мұрат.

Мә, сізге Есет ағай,

Мә, сізге Қанипа апай,

Мә, саған Мұрат балақай, - дейді де, содан кейін өзі «асайды». Ең соңынан ойын бастаушы «Енді жақсылап тұрып, өзім де бір асайын» - деп батыра шымшып, өзі де «асайды». Ойын осылайша жүргізіле береді.

 

Психологиялық мәні:

«Үйімнің үстіндегі кім?» ойыны да ерік-жігерді шыңдайтын ұлттық ойын. «Қаһарлы-Бану»-дан айырмашылығы: адамның ерік-жігері, қайраты бірнеше сында шыдау, суырыпсалма жауап беру, жаңылтпаш айту сияқты сайысқа түседі.

Ойын барысында ерік-жігерді қалыптастыру үшін суырыпсалмалық пен жаңылтпаштардың таңдалатыны жайдан-жай емес.

Суырыпсалма немесе импровизация арқылы адам оқыс, күтпеген жағдайға ет үйретеді, дайын болады. Импровизация алдын ала дайындалып қойған дүниелерге сүйенбей, адамның сыртқы жағдайлардың ойын барысындағы күтпеген талаптарға дайын болып отыруын талап етеді.

Қазіргі кезде бизнесті дамыту барысында музыкант П.Берлинердің суырыпсалмалыққа «импровизация – бұрын болған форма мен мазмұнды бір дүниені орындау барысында ойға келген жаңа идеяларға сәйкес үнемі жаңартып, толықтырып отыру, осылайша кез келген ескіге жаңа, бірегейлік сипат беру» деп берген анықтамасы кең қолданылады екен. Жалпы, импровизация тұлғалық дамудағы, бизнесті дамытудың іргетасы деп саналып отыр.

Ойын барысында жаңылтпаштың болуы – әрбір ойыншының етек-жеңін жиып, әр нәрсеге дайын болуын, зейінін басқаға бұрмауын қамтамасыз еткен. Ғылымда жаңылтпаштың адам организмін оятатын қабілетінің болатындығы, таңертең жаңылтпаш айтып тұрғанда организмнің толық оянып, күні бойы кез келген іс-әрекетке дайындығын қамтамасыз ететіндігі дәлелденген.

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 56 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: