09:24
Қазақтық

ТОБЫҚ ТЫҒУ

Тобық тығу – серттесіп ойнаудың бір түрі.

Мысалы, жігіт пен қыз тобық тығып алтын сағатқа немесе қалы кілем беруге серттеседі. Кейде тіпті қыз бен жігіт өмірлік жар болуға да серттесетін сәттер болады.

Бір жылдан кейін бе, бес жылдан кейін бе тобықты тығуға алған жігіт кез келген уақытта, кез келген жерде «тобығымды бер» деген жерде қолына ұстата қоюы керек. Егер жігіт тобықты тауып бере алмай қалса – ұтылғаны. Ол уәде бойынша серттескен затын беруі керек.

Тобықты тығуға қыздар да қатыса алады. Бұрын мұндай ойындар ел арасында көп болған. Бұл ойын ұқыптылыққа, бір сөзділікке тәрбиелейді. Мұның арты қыз бен жігіттің сүйіспеншілігіне, қосылуына жалғасады.

Тобық тығуда қызықты оқиғалар да кездеседі. Солтүстік Қазақстан облысында бір жігіт сүйген қызына тобық ұсынған. Бірақ жігіт көп ұзамай Екінші дүниежүзілік соғысқа аттанады. Үйіне «хабар-ошарсыз кетті» деген хабар келеді. Ал жігіт жау қолына түсіп тұтқында болады. Соғыстан кейін «тұтқында болды» деп еліне жібермей тағы айдалады. 12 жылдан соң еліне оралып, жігіт қыздан сертін сұрғанда салиқалы қыз тобықты ұстата беріпті. Содан екі жас қосылып, тату-тәтті өмір сүріп кеткен екен.

 

Психологиялық мәні:

Тобық – көлемі жағынан кішкентай болғанымен адамның тіршілігінде, оның жүріс-тұрысында атқарар ролі зор. Жалпы, адамның дене мүшелері ауырса да (бас, қол, ішкі құрылыс жүйелері, т.б.), жүріп-тұра алады. Ал тобық сынса, адам өз аяғына тұрмай, таяқ сүйеніп қалатындығы белгілі. Яғни, тобық – өз аяғына нық тұру мен беріктіктің белгісі.

Сонымен бірге, тобық буын ретінде – икемділіктің белгісі. Кез келген буын сияқты, тобық сүйектерді біріктіріп, олардың қарым-қатынасын қамтамасыз етеді.

Тобық тығу ойынының мазмұнын тобықтың адам өміріндегі атқаратын функционалдық ролімен байланыстыруға болады. Ойының шарты – қатысатын екі адамның бірі тобықты тықса, екіншісі кез келген уақытта тобығын қайтаруды сұрайды. Тобық сұраған уақытында қайтарылса, тобықты сұраушы қарыз, берілмесе – тыққан адам сыйлық беруге міндетті. Жоғарыда аталып өткендей, тобық жасыру ойынында бәске қыз ғұмыры да тігілген. Яғни, тобық арқылы екеудің арасындағы қарым-қатынастың орнағанын көреміз.

Бұл қатынас барысында қазақтың құндылықтарына жататын уәдеге беріктік, жауапкершілік пен қарым-қатынасқа аса ыждағаттылықпен қарау, қарым-қатынастың сыйластық пен икемділікке негізделуі, алтын уақыт сияқты терең дүниелер сынға түседі. Адамның есте сақтау қабілеті, жады арта түседі.

Жалпы, тобық ойыны арқылы қазақ дүниетанымы мен тіршілігінен астарлаған тереңдікті де көреміз, кез келген дүниеге астарлы мән берілген.

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 67 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: