23:23
Қазақтық

СЫҢСУ

Сыңсу – қыз ұзату дәстүріне байланысты туған тұрмыс-салт жырларының бірі.

Бұл – қыздың ұзатылар алдындағы ел-жұртымен, ағайын-туыс, құрбы-құрдастарымен, туып өскен жерімен қоштасуы ретінде айтылады.

Сыңсуды ұзатылатын қыз өзінің сіңлілерімен не жеңгелерімен үй-үйді аралай жүріп белгілі әуенмен айтатын болған. Сыңсудың өлеңін ақындар немесе қыздардың өздері шығраған. Ұзатылып бара жатқан қыз сыңсу арқылы жұртқа өзінің мұңын, қоштасуын жеткізсе, артында қалған аға-іні, сіңлілеріне халықтың қамқор болуын, әке-шешесіне қолдау көрсетуін сұраған.

Сыңсуда қыздың жеке басының ғана емес, әлеуметтік мәселелер де қозғалған. Артында қалған отбасының тұрмысы, өмір сүруіне алаңдаушылық та айтылады.

Қазіргі кезде негізінен қыз ұзатылып кетіп бара жатып, туған-туыстарымен қоштасу барысында айтылады. Қыз өзінің ішіндегі бар сағынышын шығарып, қайынжұртына кетеді.

Сыңсуды әр қыз өзінше түрлендіріп айта береді. Сондықтан да сыңсудың түрі өте көп. Мысалы, біз сыңсудың бір нұсқасын ұсынып көрейік:

Есіктің алды ошаған,

Ұстатпайды қашаған.

Қайта айналып келгенше,

Қош аман бол босағам.

Базардан алған тақтайым,

Сындырмай қалай сақтайын?

Айналайын, ақ апам,

Ақ сүтіңді қайтіп ақтайын?

Қызғалдақ едім құлпырған,

Барамын ұзап жұртымнан.

Тірегім болған әкешім,

Тілеушім болған сыртымнан.

Базардан келген құйысқан,

Тарамай шашым ұйысқан.

Келіп те кетіп жүріңдер,

Сағындырмай, туысқан.

 

Психологиялық мәні:

Кез келген қыздың тұрмысқа шығуы оның туған отбасынан ажырап, өз отбасын құруы қыз үшін психологиялық тұрғыда жеңіл-желпі дүние емес. қыздың жат жұрттық болуы, тұрмысқа шығуы – тек табиғи қажеттіліктерін жүзеге асыру немесе күнделікті міндеттерінің бірі емес. терең психологиялық дайындықты қажет етеді.

Психологиялық тұрғыдан қыздың тұрмысқа шығуы – шарананың құрсақтан шығып, жарық дүниеге келуімен пара-пар. Қыз ғұмыр аяқталып, үлкен жауапкершілік кезеңі – жар болу, ана болу, ұрпақ жалғастыру міндеті жүктеледі. Сондықтан қазіргі таңда тұрмысқа шығар алдында және тұрмысқа шыққаннан кейін қызға психотерапиялық көмек қажет деген пікір тараған.

Тұрмысқа жаңа шыққан келіншекке психотерапиялық көмек бірнеше бағытта жүзеге асырылады. Психологтың қабыладуына келген келіншектермен жұмыс барысында қыздар келесі мәселелермен бетпе-бет кездеседі:

  • өмірлерінің маңызды кезеңі – балалықтың аяқталуы;
  • жаңа әлеуметтік келбет басталып, жауапкершіліктің пайда болуы;
  • ата-ананың әлпештеуінің аяқталуы;
  • жеке бас мәселелері көбейіп, уақыты мен мүмкіндігінің азаюы, шектелуі;
  • күйеуімен қосақтасып өмір сүруге мәжбүрлігі, бірге шешім қабылдау міндеті;
  • тұрмысқа шығар алдындағы отбасы және қарым-қатынастық мәселелерге қатысты иллюзорлы ұстанымдарының ыдырауы мен шынайы өмірмен кездесуі;
  • жалпы қыз ғұмырдың келмеске кетіп, мазмұны мен мәні жағынан мүлдем басқа ғұмырдың басталғаны туралы өкініші.

Тұрмысқа шыққан қыздардың осы мәселелермен кездескендегі психоэмоционалдық жағдайы сүйемелдеуді қажет етеді және бұл жарты жылға дейін созылады.

Бір қарағанда қуанышты, табиғи жайт болып көрінгенімен, қыз баланың тұрмысқа шығуы – мазмұны жағынан өзінің болмыстық бір келбетімен қоштасып, жаңа келбет қалыптастыруын талап етеді. Халқымыз аталған дүниені терең түйсініп, қыз ұзату барысында қыздың мұңы мен сырын сыңсуға қосқан. Жалпы айтқанда, қазіргі кезде қыздың тұрмысқа шығуы барысында айтылмай қалған сыңсуын айтқызу үшін маман көмегі жарты жылға дейін созылады.

Адамның некеге дайын болуы тек жасы жеткендігіне байланысты емес. отбасылық құндылықтар, ерлі-зайыптылар арасындағы мақсатпен үміттің айқындығы, жұбайлардың қарым-қатынасы туралы ересек көзқарастың қалыптасуына байланысты.

Тұрмысқа шыққанға дейін осы мәселелер бойынша қыз баланы отбасылық құндылықтар және отбасылық өмірге дайындаған. Ал қыз ұзатылып жатқанда, оның тұлымшағы желбіреген қыз ғұмырының аяқталғанын және осы кезге дейін бойына сіңірген дүниелерді жүзеге асыру сапарына қуанудан гөрі, салиқалылықпен шығарып салған. Сыңсу арқылы іштегі қоштасуға байланысты мұң-зары жаңа отбасына өзімен бірге ала бармауын, іштен тынбауын, ұзату барысында сыңсу арқылы сыртқа шығаруын әдетке айналдырған.

Қыз бала туғаннан табиғаты аналық мейірімге «бір иығы жақын». Тұрмысқа шыққанға дейін бойында тұнып тұрған мейірімді өз ата-анасы мен бауырларына бағыттайды. Сондықтан тұрмысқа шығу барысында қыз баланың өз отбасынан психологиялық сепарациясының орын алуы өте маңызды.

Психологиялық сепарация 4 аспектіде жүзеге асады:

  • шиеленістен тәуелсіздік (ата-анамен текетірестер барысында пайда болған ішкі шиеленістерден және жағымсыз реніштерден босау);
  • аттитюдті тәуелсіздік (ата дүниетанымына өз дүниетанымының, сенімінің бағынышты болмауы);
  • эмоционалды тәуелсіздік (ата-ананың мақұлдауы мен сүйемелдеуіне зәрулігін тоқтату);
  • әрекет деңгейіндегі тәуелсіздік (өз бетімен шешім қабылдау мен әрекет ете алуы).

Психологиялық сепарация болмағанда қыздардың отбасылық өмірде өз орнын таба алмайтындығы психология ғылымында дәлелденген дүние. Мысалы, кейбір зерттеулерге сүйенсек, тұрмыста болып, артынша ажырасқан және мүлдем тұрмысқа шықпаған орта жастағы қыз-келіншектердің бойында ата-анасымен психологиялық сепарациясы болмауы да мүмкін екендігі анықталып отыр. Бұл жағдайда қыз-келіншектердің психологиялық әл-ауқатына қатар төніп, өз өмірінің мәніне көңілі толмаушылығы көп орын алатындығы дәлелденген. Егер де қыз бойында тұрмысқа шығар жасында психологиялық сепарация болса, ол өз өмірінде кездесетін міндеттерін жүзеге асырып, өмірге деген құштарлығы арта түседі.

Сондықтан сыңсу айту психологиялық тұрғыда ұзатылар қыз үшін өмірінің әл-ауқатын арттыратын міндет болса, тұрмыс құру жасына жеткен қыздар үшін де жат дүние емес.  

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 87 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: