20:46
Қазақтық

ҚЫЗ ҚОШТАСАР

Психологиялық мәні:

«Қыз қоштасар» дәстүрі астарынан бірнеше психологиялық мән аңғарылады:

Біріншіден, бұл дәстүр арқылы қыздың еркі мен бостандығын көреміз. Кеңестік кезеңде жазылған әдебиеттердің басым көпшілігінде қазақ оғамында қыз байдың малына жығылып берілген сияқты баяндалады. Ал мына дәстүр, шындығында, бұндай асыра сілтеушіліктің көп етек алмағандығын көрсетеді. Бұл дәстүрге сәйкес, қыз бар құрбысын жинап, елге өзінің басында болғалы жатқан өзгерістер туралы өзі жар салады. Асылы, малға сатылған қыз өз келісімі мен сезімі болмаса, мұңды өзгерісі туралы жарияға жар салуға асықпас еді. Ата-ана қызын мал мен шалға берейін деп жатқанына мақтанбас еді. Сондықтан аталған салт қазақ қоғамындағы некенің ақ-адал, қыздың ерікті болғандығынан хабардар етеді.

Екіншіден, бұл дәстүрді орындау арқылы қыздың бойында болғалы жатқан өмірлік өзгеріске мойынұсынушылық пайда болады. Қыз қасына құрбы-құрдастарын ертіп, барлық туыс-туғандарын, ел-жұртын түгел аралап, олардың әрқайсысына ұзатылатыны жайлы хабарды таратады. Сол сәтте ел не істейді? Әрине, қызға өз қуанышын білдіреді, бар жақсы тілегін айтады. Яғни қазақтың кемеңгерлігі – ұзатылғанға дейін қызды ұзатылуға психологиялық тұрғыда дайындап қойған. Бұл дайындық баса-көктеу, зорлықпен емес, қыздың өзін қатыстыра отырып жүзеге асқан: «ұзатыламын, мені шығарып салыңыздар» деп ел аралап жүріп, қыздың өзі жан дейгейінде дайындығын жасайды.

Үшіншіден, «Қыз қшотасар» барысында қыз туыстарымен қоштаспайды, оған дәлел «төркіндеу» салты. Қыз өзінің қыз ғұмырымен, болмысының бір келбетімен қоштасады. Бар жақындарының алдына өз аяғымен барып, «менің қыз ғұмырым бітті, енді менің болмыстық келбетім өзгеше болады» деп өз өзгерісін өзіне және өзгеге қайта-қайта айту арқылы келіндік өмірге дайындалады.

Төртіншіден, ұзатқанға дейін «қызға қырық үйден тыйым» болып, үкілеп өсіргені белгілі. Қыз бүкіл ағайын-туыстарын аралау арқылы арқасүйерінің көп екеніне көз жеткізеді. Өзінің артында дүйім ел тұрғанын, ертең келін боп барғанда, артында бір қауым төркіннің бар екенін, тілеулесінің көп екенін біледі, өз-өзіне сенімі артады.

Қыз ауыл аралағанда оның қасына ауылдағы қолы бос қыздың бірі қалмай еріп, оны зор қошеметпен қолпаштайтындығының да өзіндік астары бар. Бұл арқылы ұзатылып бара жатқан қыз өзін жалғыз сезінбейді. Бүкіл ауыл-аймақ, ел-жұртының, ағайын-туғанның, ауылындағы қолы бос жастардың барлығының құрмет-қошеметін, оның өмірлік жаңа қадамына ерекше мән ұзатудың қиын, мұңлы қадам емес, жұрт қызығар мағыналы, өмірлік мәні зор салтанатты сәт екендігіне көз жеткізіп, өзінің ұзатылуы мен болашақ жаңа өмірі жайында оның санасында оң, жағымды пікір қалыптасады. Осылайша оның өз үйінен жақсы көңіл-күймен аттануына, ал келешегіне үлкен үмітпен қарауына қолайлы жағдай туғызылып, негіз қаланады.

Бұл салт арқылы қазақ психологиясының адам бойындағы психологиялық бұзылыстардың салдарын түзеуге емес, оның алдын алуға барынша көңіл бөлгендігін көреміз.

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 93 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: