22:34 Қазақтық | |
ҚЫЗ ҚОШТАСАР Қыз қоштасар – (кей жерлерде «қыз таныстыру» деп те аталады) ұзатылатын қыз тойы болар алдында құрбы-құрдастарымен бірге туыс-туған, ел-жұртын түгел аралап, елді тойына шақырады. Қыз қоштасуының да өзіндік үлгі-өнеге, жол-жосыны бар. Қыздың ұзатылар тойының мерзімі белгіленген соң, оның ата-анасы қызына бауыр-туыс пен сыйлы адамдарына әзірлеген жол-жора, киіт-кәделерін беріп, қызын атқа мінгізіп, қасына жақын аға-інілерінен бір-екі қосшы, жеңгелерінен біреуін басшы етіп тағайындап, ауылдағы құрбы қыздары мен сіңлілерінен бірнешеуін ертіп, баратын, түстенетін, қонатын үйлері мен қайтатын уақыттарына дейін егжей-тегжейлі түсіндіріп, ағайын-туысты аралап, қоштасып қайтуға жібереді. Ағайын-туысты аралаған қыз сыйлы үйлер мен қара шаңырақтардан міндетті түрде дәм татып, тіке туыстары мен нағашы жұртын, көңіл жетер дос-жаран, құда-жегжаттарын түгел аралап танысып отырады. Оны бастап жүрген жеңгесі барған жерінің барлығына қыз ата-анасы берген жол-жора, киіт-кәделерін беріп, тойдың қай күні, қай жерде өтетінін, ойын-сауықтың қай күні болатынын мұқият хабарлап, тойға шақырып отырады. Үйіне барған қызды үй иелері ерекше қошеметпен қарсы алып, асты-үстіне түсіп күтеді. Шағын ойын-сауық ұйымдастырады. Ақсақалдар ақ баталарын беріп, «бет алдыңнан жарылқасын» деп ақ жол тілейді. Жақын туыстары мен нағашылары бұйымтайы мен қалаған-сұрағанын беріп, ренжітпей аттандырады. Ал жақын маңдағы ауылдар мен көрші-қолаңды аралағанда, әр үйге кіріп тізе бүгіп дәм татып қана шығады. Жеңгесі «бүгін өлең, ертең той» деп, тойға шақырып отырады. Қыз ауыл аралағанда оның қасына ауылдағы қолы бос қыздың бірі қалмай еріп, оны зор қошеметпен қолпаштайды. Бұл салт қыздардың таныс-білісін молайтып, қоғамдық байланысын кеңейтеді. Туған жұртына деген сүйіспеншілігін арттырады. Ел-жұртын түгел аралап көріп, көз аясын кеңейтіп, білімін молайтады. Отау көтеру, үй ұстау жөнінде белгілі түсінік пен тәжірибеге ие болады. (жалғасы бар) баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
Всего комментариев: 0 | |