08:58 Қазақтық | |
ҰРЫН БАРУ Ұрын бару – күйеу жігіттің айттырылған қалыңдығымен кездесу үшін қайын жұртына ең алғаш барған сапары. Қайын жұрт атарпынан бұл сапар «ұрын бару» аталса, осыған байланысты ұйымдастырылған той-думан «ұрын той» аталған. Қазақ дәстүрі бойынша ата-аналар өзара келісе отырып, балаларын атастырған. Атастырылған жастар кәмелетке толып, оң-солын танитындай жағдайға жеткенде алғаш рет ресми түрде кездестіріп таныстырған. Мұндағы негізгі мақсат – жастардың өзара түсінісіп, үйлену тойына дейін бірін-бірі жақсы білісуіне жағдай жасау. Ұрын келу сапарына күйеудің қасына өнерлі 4-5 жігіт қосып, салтанатты түрде аттандырған. Ұрын барған кезде жігіттің ата-анасы жігіттің жолдастарына «ілу», «өлі-тірі», «есік ашар» кәделеріне арнап бірнеше мал айдатқан. Бұған қосымша әртүрлі кәделерге арналған маталар, күміс теңгелер, сақина, сырға, орамал сияқты ұсақ-түйектер де апарылған. Қалыңдық ауылы күйеу мен оның серіктеріне арнап үй тігіп, қуанышпен қарсы алған. 2-3 күнге созылған той-думан (ұрын той) соңында күйеуді отау үйде қалыңдықпен жолықтырған. Ұрын келу сапарынан кейін күйеудің жасырын түрде қалыңдықпен кездесіп тұруына тыйым салынбаған. Мұндай кездесуді «қалыңдық ойнау» дейді. Қазақ үшін, әсіресе жеңгелер мен жастар үшін бұл да бір той десе де болады. Болашақ күйеу қыз ауылына өзінше «көрінбеген» болып, бірақ қарағы түсе салтанатпен, жолдас-жораларымен келеді. Мұны «есік көру», көбінесе «ұрын келу» деп айтады. Күйеу осы жолы өзінің болашақ жарын көріп, танысып-білісіп, тілдесіп көңілін демдейді. Әрине, «ұрын келудің» де кәде-жоралары аз емес. «Сені күтіп жүгіреміз деп ентігіп қалдық» деп «ентікпе» сұрап жеңгелері келеді, «балдыз көрімдік» деп тағы біреулері келеді, тағы да сол сияқты. «Ұрын той» өткізіліп күйеуге және оның жолдастарына құрмет көрсетіліп, сый тартылып, олар еліне қайтады. Құда түскенімен, келісім жасалғанымен күйеудің қыз алуына аса зәрушілік болмаса, «ұрыннан» бұрын келуге хақы жоқ. Егер келе қалса қыздың туыс-туғандары (аға-інілері) қазақ әдет-ғұрпын бұзған тәртіпсіздігі үшін оны сабап жіберулірене де еркі бар. Демек, құда түсумен бірге оның тәрбиелік ереже-қағидалары, тәрбиелік ғұрыптары әдеп пен тәртіпті талап етеді. Күйеу кәделері мен ырымдары тағы бар. Олар мынандай: ұрын келу, ескі ашар, ентікпе, балдыз көрімдік, күйеу табақ, сүт ақы, жігіт-түйе, атбайлар, босаға аттар, сәукеле байғазы, жеңгетай, шымылдық байлар, отау жабар, кереге көтерер, уық шаншар, түндік жабар, үзік жабар, туырлық, майын тастау, ілу, қыз қашар, шашу, қыз көтерер, арқа жатар, қалыңдық ойнау, қол ұстатар, шаш сипатар, көрпе қиылдатар, ит ырылдатар, «кемпір өлді», бақан салар, күйеу аттандырар, т.б. Қазақ «Тойдың болғанынан, боладысы қызық» дегенде осы салт-жоралғыларды айтса керек. Әр ісінің астарында тәрбиелік мәні, әдеп пен тәлімнің үлгісі тұнған халқымыз, «қызға қырық үйден тыйым» деп, қыз тәрбиесіне аса мән берген. Соның бір көрінісі осы «ұрын келу» дәстүріндегі түрлі жосын-жоралғылар. Қайсысын алып қарасаңыз да, астарында қыз баланың ар-ұят, әдеп-ибасы, тәлім-тәрбиесі, ең бастысы көргенді жердің, текті әулеттің қызы ретінде ата-ана абыройына дақ түсірмеу мәселесі жатыр. (жалғасы бар) баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
Всего комментариев: 0 | |