19:28 Қазақтық | |
АТАСТЫРУ Психологиялық мәні: Атастыру арқылы ата-ана екі жастың ғана емес, өзара қарым-қатынасын түзеген. Ата-анасымен қарым-қатынасында емін-еркін ұл мен қыздың өздеріне де, екі жаққа да бар ынтасымен көңіл бөліп, алдын ала сіңісуі – босағаның берік, шаңырақтың биік болуының кепілі деп білген. Қазіргі кезде отбасылық психокоррекциялық жұмыстарға ниет етіп келетін ерлі-зайыптылардың көбінің арақатынасы өзара түсініспеушілік пен ата-ананың араға түсуі, құдандалы болса да екі жақтың ата-анасының бір-біріне деген құрметінің төмендігі сияқты мәселелермен келеді. Себебі екі жас бір-бірін сезімдері мен көңілдерінің жарасуы арқылы қосылғанымен, олардың тұрмыс-тіршілігінде өзара және туыстарымен қарым-қатынасы деңгейінде болатын мәселелерді еңсере алмайды. Мысалы, 2019 жылы елімізде 139,5 мың неке құрылса, ажырасу саны 59,8 мыңға жетіпті. Ажырасудың 27,7%-ы 5-9 жыл өмір сүріп ажырасқандар болса, 21,7%-ы 2-4 жыл бірге тұрғандар. 1 жылдан астам уақыт өмір сүріп ажырасқандар саны 7,5% болса, үйленгендеріне 1 жыл болмай жатып ажырасқандар саны 4,6%. Бұл дегеніңіз үйленген жастардың тең жартысына жуығы ажырасады дегенді білдіреді. Ажырасудың артында тек уәдесін бұзған екі жас қана тұрған жоқ. Ажырасу дегеніміз – осы отбасындағы балалардың әлеуметтік жетімге – не әкесіз, не анасыз жартылай жетімге айналуы дегенді білдіреді. Баланың қалыпты дамуы үшін қасында ата-анасының болуы қажет екенін ескерсек, бала психологиясына ажырасудың кері әсер ететіндігі айтпаса да түсінікті. Сонымен қоса, ажырасқан ата-ана күнкөрістің қамы үшін, баланың жанынан гөрі ас-ауқатының қамымен айналысып кететіні тағы бар. Көптеген ғылыми еңбектің нәтижелеріне сүйенсек, ажырасу, яғни әйелі жоқ отбасылар балалардың қалыпты дамуына кері әсерін тигізеді екен. Олардың, әсіресе жыныстық идентификациясы, өзін-өзі тануы барысында қиындықтар туғызады. Отбасылық өмірге кереғар көзқарасын, теріс пікір қалыптастыруына әсер етеді. Отбасындағы сыйластық пен махаббатқа негізделмеген, ажырасу барысындағы қарым-қатынасты көріп өскен бала психикалық, әлеуметтік және эмоционалдық тұрғыда бағытынан адасады. Әсіресе, ажырасулар материалдық және эмоционалдық тұрғыдан әйел адам үшін ауыр тисе, ер адамдар үшін психикалық ұрғыдан қиын болады. Себебі әлемде ажырасқан кезде баланы анаға қалдыру қалыпты жағдай болып саналады. Бұл кезде ер адамдарда екі келеңсіз дүние орын алады: Біріншіден, ер адам әйелді тастап кетіп, қоғам алдында жауапсыз және кінәлі болса; Екіншіден, қазіргі кезде көп адам өз балаларына жақындасып, бауыр басуға қорқады екен. Екі отбасында екі түрлі тәрбие алған, қалыптасып үлгерген жастардың «бастары бір қазанға сиюы», «бір жастықты жастануы» ұзаққа созылатын процесс екенін білген халқымыз, осы үрдісті атастыру арқылы жастарға ерте үйреткен. Оған қоса, босағасы берік отбасында бақытты өмір болатынына сенген. Сондықтан атастырудың ең маңыздысы – демографиялық мәселелердің ушығуының алдын алумен қоса, адамға балалық шағынан бастап, болашақтағы ересек өмірінің маңызды бөлігі – отбасылық өмірге педагогикалық тұрғыдан дайындық. Қоғамның бастауы – отбасының беріктігін сақтауға дағдыландырған, қарым-қатынастың, адамдар арасындағы сыйластықтың мәнін бесіктен түйсіндірген. баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
Всего комментариев: 0 | |