21:53
Қазақтық

ҚАЛЖА

Психологиялық мәні:

Қалжа арқылы халқымыз ананың бала босанған сәтінен бастап бар есіл-дертінің тек балаға ауғанына шек қойған, өзіне деген қарым-қатынасын ұмытпауын талап еткен.

Себебі адам қарым-қатынастан басталады.

Біріншіден, қарым-қатынастың бір ұшында ананың өзі тұр. Демек, бала ата-ананың өз-өзіне деген қарым-қатынасынан бастау алады. Бұл қарым-қатынасты бала ана құрсағынан бастап сіңіретіні анық.

Екіншіден, адам өз-өзіне қатынасы бар адамдардың қарым-қатынасынан пайда болады. Өзіне қатынасы анықталмаған, әйтпесе, қатынасы мардымсыз адамдар өзгеге жақсы қарай алмайтынын түсініп, өзіне бергенді өзгеге береді.

Қазақта «таяқтың бір ұшы өзіңе тиеді» деген сөз бар. Бұл қарым-қатынастың өзгенің тірлігі емес, екеудің арасындағы дүние екеніне дәлел.

Сондықтан қалжа халқымыз жаңа босанған әйелге өзіне қараудың жөн-жосығын көрсетіп, өзіне жақсы қараудың балаға да өмірлік әсерінің бар екенін көрсетеді.

Сонымен бірге қалжа – ананың ағзасын қажетті дәрумендермен қамтамасыз ететін тағам. Тоғыз ай, тоғыз күн ана ағзасы балаға қажетті заттарды бөліп отырады. Бұл әрекет бала дүниеге келіп, ет алғанша жалғасады. Осы тұста ана ағзасын қажетті дәрумендермен қамтамасыз ету оның физиологиялық, психикалық жағдайын қалыпқа келтіруге бағытталған әрекет. Қазіргі таңда кейбір дәрумендердің зәрулігі психикалық денсаулыққа тікелей кері әсер ететіндігі туралы медициналық әдебиеттер дабыл қағып келеді. Мысалы, Д дәруменінің жетіспеуі адамның депрессияға ұшырауына, оның өте ауыр өтуіне, сонымен бірге өз-өзіне қол жұмсауына алып келетін факторлардың бірі болатындығы дәлелденген. Сондықтан тоғыз ай бойы әлсіреген ағзаға тұшымды тамақ беріп, қалпына келтіру – ананың көңіл күйінің көтеріңкі болуына, психоэмоционалдық жағдайының қалыпты болуының кепілі.

Ананың психоэмоционалдық жағдайы омырау сүтінің жеткілікті болуына тікелей әсер етеді. Осы тұста қалжаның келесі функциясы – дәрумендерге бай тамақ жеу арқылы ана сүтін молайту. Өз кезегінде ана сүтінің сәби дамуындағы маңыздылығы соншалықты  - ол туралы толық зерттелмеген.

2018 жылғы ЮНИСЕФ-тің зерттеулеріне қарағанда, Қазақсатнда 6 айға дейінгі балалардың 40 пайызы ғана емізу арқылы ана сүтімен қоректенеді екен. Қалғандары ана сүтінің баламалы жасанды түрін алатын көрінеді. Бұл қалжа жемеген ана мен уызына жарымаған сәбилердің көбейіп жатқандығының дәлелі болуы да мүмкін.

Медицинада ана сүтімен емес, жасанды сүтпен қоректенетін сәбилердің өлімі 10-15 есеге көп екендігі дәлелденген. Сонымен бірге ана сүтінің жасанды баламасын ішетін балаларда ішек инфекциялары 5 есеге көп, пневмонияның өлімге әкелу жағдайлары 4 есеге көп екен. Жалпы алғанда, жасанды сүтпен өсетін балалар ауруханалық емдеуге 5 есе көп жүгінеді. Осы тұста қалжасына тойған ана өзінің физиологиясы психикалық денсаулығын қалпына келтіріп қана қоймай, бала өмірін сақтап қалуға ықпал етеді.

Қалжа жеп сүті молайған ана бала өмірінің бастауы болатын бірнеше психологиялық мәселелерді де шешеді. Алдымен, емізу арқылы ана аналық мінез-құлыққа үйренеді. Емізгенде балаға иіп, өзінің табиғатын сезінеді. Балаға өмірінің іргетасы – мейірімін төгеді. Екеуінің арасындағы өмір бойы жалғасатын жақындық, тығыз байланыс қалыптасады.

Ешқандай ана аналық мінез-құлықты біліп тумаған. Емізу арқылы баланың қажеттіліктерін өтейді. Ол жылағанда омырауына баса отырып, өзінің өмірлік келбетін ашады, өмірдегі мол мүмкіндіктерін ұғынады.

Өз кезегінде емізу – ана мен баланың денсаулығына биологиялық тұрғыдан ғана емес, эмоционалдық деңгейде де әсер етеді. Ең алдымен емізу арқылы шарана құрсақта жатқан кезде қалыптасқан ана мен сәби арасындағы физиологиялық және психологиялық байланысты жалғастырады.

Баланы тек ашыққан кезінде ғана емес, мазасыздану барысында да емізу арқылы әйел балаға оның интеллекті мен психикасының да толыққанды дамуы үшін қажетті махаббат пен қорғаныш сыйлайды.

Осындай ана мен баланы байланыстыратын емізу арқылы баланың әлеуметке сіңісуіне қажетті психофизиологиялық іргетасы қаланады.   

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ)

Ақсу қаласының Абай атындағы №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 110 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: