21:10
Қазақтық

ҚАЛЖА

Қалжа – жас босанған келінге арнап сойылған қойдың еті.

Жаңа босанған ана өмірінде қалжаның мәні зор.

Қазақта босанған әйелге арнайы сойылған қойдың еті біткенше келінді жеке қалжалаған. «Жас босанған әйелдің тісі әлсіз болады, түсіп қалуы мүмкін» деп суық ас жегізбеген.

Жас босанған ана мен бала үшін қой сойылады. Босанған анаға жас етті жегізіп, сорпасын ішкізіп, жоғалтқан күш-қуатын қайта жинауына мүмкіндік жасайды.

Ене келініне қойдың етін ұсақтап турап, жас сорпамен терлетеді. Жақсы қалжалаған келінннің сүйектері қақсамай, тістері түспей, буындары бекіп, бес-алты күннің ішінде үй тіршілігіне араласып кететін болған.

Қалжаға сойылған қойдың мойын омыртқасын бірінші күні келіннің өзіне тісін тигізбей, қолымен мүжіткен. Еттен тазарған мойын сүйекті таяқшаға кигізіп, баланың мойны қатқанша керегінің басына ілген. Бұл баланың мойны тез қатайсын деген ырым.

Қалжаланған, күтімі жақсы әйелдің сүті де тойымды әпі жеткілікті болады. Тоқ бала балпиып, тойған қозыдай жақсы ұйықтайды. Анасының ұйқысы да жақсарады.

Қазақ халқының ұрпақтан ұрпаққа ұласып келе жатқан өзіндік мән-мағынасы терең ырым-тыйымдары, салт-дәстүрлері бар. Бүгінге дейін желісі үзілмеген ырымдардың бірі де осы қалжа. Ата-бабамыздан осы күнге жеткен бұл ырымды халық тұрмыс-тіршілігінің бүгінгі көрінісінен де көруге болады.

Бұрынғы кезде кедейдің кедейінің өзі әйеліне қалжа жегізген. Тіпті бұған өзінің шамасы келмеген күнде ауқатты адамдар қалжасын әкеліп берген. Өйткені қалжа әкеп беру де сауабы үлкен іс болып саналған. Қалжаның күнделікті желінетін еттен айырмашылығы – ол жас босанған ана мен баланың сыбағасы. Әрі құрметті ас саналады. Қалжа, біріншіден, дүниеге келген нәрестенің құрметіне арналса, екіншіден, жас анаға дүниеге перзент әкелгені үшін арнайы сойылатын болған. Күнде келінге сорпасын ішкізіп, етін жегізіп отырғандықтан, жас босанған ана өзінің жоғалтқан күш-қуатын осы қалжа арқылы қалпына келтіреді. Босанғаннан кейінгі күтімге қалжаның тигізер пайдасы ұшан-теңіз.

Ашқарақ, тамаққа өте сұғанақ жандарды көрсе, «шешесі қалаға тоймаған ғой» деп әзілдейтін болған.

Тілімізде жиі қолданылатын осы сөздің өзінде мән-мағына жатыр.

Қалжаны кей өңірлерде қыздың төркіні де әкеледі. Алайда қалжа, негізінен, келіншектің күйеуінің мойнындағы міндеті болып есептеледі.

 

Психологиялық мәні:

Қалжаның психологиялық мәні келесіге саяды:

Алдымен, қалжа – жаңа осанған анаға деген сый-құрмет. Әйел бала босанған шағында өзінің еркін өмірі аяқталып, ендігі өмірі бала тәрбиесімен өтетін функцияға айналғандай жаңсақ сезім пайда болуы мүмкін. Ана бұл кезде өзін өмір жалғастырушы құралға айналып кеткендей, өзін құрал ретінде сезінетін жағдай да болып жатады. Осы тұста баладан бөлек әйелдің денсаулығын қалпына келтіруіне айналасындағылардың, қайын жұрты мен төркінінің де баса назар аударуы арқылы ана өз өмірінің де маңызды екендігін ұғынады. (жалғасы бар)   

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ)

Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 159 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: