ЕЛДІГІМІЗДІҢ КЕПІЛІ
Әлбетте, Конституция күні – біздің мемлекетіміздің, халқымыздың ең ұлық мерекелерінің бірі. «Көптің сөзі – киелі» дейді дана халқымыз. Ел-жұрттың талқысынан өтіп, таңдауына айналған Басты құжатымыздың авторы – бүкіл Қазақстан халқы.
Ғасырлар тоғысында әлемдік өркениеттің шыңына ұмтылған Қазақстан халқы тарихи да тағдырлы шешім қабылдап, жасампаз жаңа дәуірге қадам басты. Ата Заң біздің бүкіл жарқын істеріміздің қайнар бастауына айналды.
Конституция – мызғымас мемлекетіміздің алтын қазығы, бірлігі мен ынтымағы, жарасқан елдігіміздің бұлжымас бағдары, кемел келешегіміздің кепілі!
Конституцияны басшылыққа ала отырып, біз тәуелсіздігіміз бен мемлекеттігімізді нығайту жолында ғасырлық мәні бар ауқымды іс атқардық.
Біз аз уақытта айбары асқан қуатты ұлтқа, дәулеті тасқан әлеуметті елге айналдық. Ортақ шаңырағымыздың шекарасын шегелеп, іргемізді мызғымастай етіп бекіттік. Тағдыр тоғыстырған, тарих табыстырған түрлі ұлт өкілдері Конституция қағидаттары төңірегіне топтасты. Еуразияның жүрегіне орналасқан Елордамыз әлемге руханияттың ірі орталығы, саясаттың іргелі ордасы ретінде танылды.
Әрбір азамат өзін тең сезінетін, татулығы жарасқан Қазақ елінің, Қазақстан халқының қарымды істері бүгінде әлем жұртшылығы үшін үлгі-өнегеге айналды. Мұның өзі біздің Ата Заңымызда бүкіл адамзаттық құндылықтар мен өркениеттік игіліктердің барлығы қамтылғанын айғақтайды.
Жаңа Конституцияның қабылдануы президенттік басқару нысанының ауқымында мемлекет басшысына мемлекеттік билік органдарының үйлесімді қызмет етуін қамтамасыз етуге, қоғамды түпкілікті реформалауға мүмкіндік береді. Көп ұлтты әрі алуан дінді қоғамда азаматтық татулықтың, қоғамдық тұрақтылықтың және ұлтаралық келісімнің кепілі – Президенттің болуы өмірлік мәнге ие болды. Биліктің тұрақтылығы реформаларды жүргізудің жоспарлылығын, нақтылығын және саяси сабақтастығын сақтады. Қазақстан қысқа мерзім ішінде экономикалық жетістіктермен бірге демократияның негізгі тетіктерін жасақтады. Айталық, азаматтық қоғам құру үрдісі соның бір айғағы. Осылай жаңашылдыққа бағыт-бағдар алған негіздер тәжірибеміздің толыса бастағанын білдіреді.
Қазақстан Республикасының Конституциясы ұлтаралык, дінаралық татулықты орнықтырады. Конституция бойынша дін бостандығы бекітіліп, оның 19-бабында «әркім өзінің қай ұлтқа, қай партияға және қай дінге жататынын өзі анықтауға және оны көрсету-көрсетпеуге хақылы» делінген. Біздің қоғамымызда діннің алатын орны ерекше. Ол арқылы рухани тәлім-тәрбиенің салауатты қоғам қалыптастыруда маңызы зор. Алайда, соңғы уақыттарда елімізге шет мемлекеттерден келіп жатқан көптеген діни ағымдар, қоғамдағы ұлтаралық рухани келісімге дақ түсіріп, қақтығыстар тудыруды көздейтін діни ұйымдардың республикамызда кездесетіні жасырын емес. Әділет департаменттерінен ашылған діни ұйымдарды тіркеу мен олардың қызметіне мониторинг жургізумен айналысатын бөлімдердің құрылуы бұл саладағы соңғы жылдарда орын алған бейберекеттіктерді тыюға оң жағдай жасауға бағытталып отыр.
Осыншама қысқа мерзімде өз Конституциямызды қабылдағанда, бізге таң қалған ел аз болған жоқ. Біз олардың ешбіреуіне мән бермей, өлшеулі уақыт, табанды талап, шығармашылық іс- әрекеттің арқасында алға қойған мақсатымызға жеттік. Сөйтіп, Қазақстан Республикасы өзін демократиялы, зайырлы, құқықтық, әлеуметтік мемлекет екенін Конституциясымен бүкіл әлемге мойындатты.
Мемлекет өмірінің аса маңызды мәселелерін талқылау және шешу кезінде әрбір құқықтық санасы жоғары азамат Конституцияда бейнеленген жауапкершілікті сезінуі қажет. Қоғамның бүгіні мен болашағы үшін, жалпы алғанда өз Конституциямызды құрметтеп қорғап және маңыздылығын жоғалтпай сақтауымыз біздің, яғни әрбір Қазақстан Республикасындағы азаматтың, басты міндеті мен парызы екені даусыз. Себебі, Конституция – Қазақстан Республикасының Ата Заңы.
Асылында, Конституция тек мемлекеттің ғана емес, қоғамның да Ата Заңы болып табылады. Осы идеяның меншікке, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына, қоғамдық бірлестіктерге, отбасына және тағы басқаларға қатысы бар екендігін ұмытпауымыз керек.
әзірлеген
Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
Лебяжі ауданы, Павлодар облысы
|