22:46
Атбегілік арналары

ЖЫЛҚЫҒА ҚАТЫСТЫ АТАУЛАР

Жылқы түгінің атаулары

Өлі жүн. Көктемде жылқыдан түсіп қалатын қысқы түгі.

Тірі жүн. Жылқының қыстағы түгінің арасынан не астынан жазға қарай шыққан жаңа жүні.

Түлеу. Көктемнен бастап, жылқының қысқы түгінің астынан жаңа жүн шығып, бұрынғы түктерінің түсе бастауы.

Түлеген жүн. Сәуір айынан бастап жаңа түктері тегіс шығып, жылқының өлі жүндері түсіп болғанын айтады.

Күзеу. Сәуір, мамыр айларында қысыр биелер мен тай, байталдардың құйрығы мен жалын күзеп алу.

 

Жылқы туралы айтылатын одағай сөздер

Құрау-құрау. Құлыны байланған биенің сауыны болған кезде құлынын емізіп, сауу үшін шақыруға қолданылатын сөз.

Құр-р. Жылқыны тоқтатып ұстау үшін және ноқталап немесе жүгендеу үшін қолданылатын сөз.

Тәк. Бас асауы бар, жаңадан бастықтырылып үйретілетін жылқыны жүгендеп, ерттеп, мініп үйрету үшін және үстіне ер салып мінгеше тапжылмай тұру үшін айтылатын сөз.

 Моһ-моһ. Жылқыны ұстау үшін, шақырғанда қолданылатын сөз.

Құрайт (қойт-қойт). Айғырға биені кезіктіріп, үйіріне қосып алдыру үшін айтылатын сөз.

Тыр-р. Арба мен шанаға жеккенде немесе мінгенде, жетекке алғанда атты тоқтату үшін айтылатын сөз.

Құр былай (әй). Шеттеп жүрген жылқыны үйіріне қарай қайырып, қосу үшін айтылатын сөз.

Құр, жануар, құр. Жылқыны еркелетіп немесе жақсы көріп, жүріп бара жатқан бетінен тоқтатып, қолмен үркітпей ұстау үшін айтылатын сөз.

Құройт-құройт. Айғырды күйті келген биеге шағылыстыру үшін айтылатын сөз.

Ай-һай, жануар, ай-һай. Иіріліп тұрған жылқының бірін-бірі теуіп тістелемес үшін, айғырдың бір-бірімен талапауы үшін, олардың жатқан кездерінде, үріккен уақыттарында, тағы басқадай қияңқы-қыңыр мінезді әрекеттерін тоқтату үшін және түнде жусаған жылқылар үрікпеу үшін қолданылатын сөздер.

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 19 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: