11:44
Атбегілік арналары

ЖЫЛҚЫҒА ҚАТЫСТЫ АТАУЛАР

Жылқының жатып-тұруына байланысты айтылатын атаулар

Алдынан тұру. Жылқының жатқан орнынан алдыңғы жағынан көтеріліп барып тұруы.

Алдынан жату. Жылқының алдыңғы екі тізесін жерге бірдей бүкпей, кезек бүгіп барып жатуы.

Сиыршылап тұру. Әбден көтеремнің аз-ақ алдында жүрген жылқының жатқан орнынан алдыңғы жағынан тұрмай, арт жағынан көтеріліп барып тұруы.

Аунау. Жылқының көгалды, ащылы, құмайтты жерлерге жатып, екі жағынан кезек арқысын жерге тигізіп, аяғын жоғары көтеріп, ерсілі-қарсылы домаланып жатуы.

Үйелеу. Шұңқырға түсіп кетіп, не ойлау жерде ыңғайсыз жатып, орнынан тұра алмай қалуы, бұл жағдайда жылқының іші кеуіп, төрт аяғы серейіп, өліп қалады.  

Сілкіну. Жерге жатып, аунап тұрған жылқының үстіне жабысқан шөп-шалам, шаң-тозаңын қағуы.

 

Жылқының түсіне байланысты атаулар

Қара жылқы. Сырт түгі түбіне дейін шымқай қара, ұшы жылтыр қылшықты боп келуі.

Сары жылқы. Жылқының сыртқы түгі бірыңғай сары болып келуі.

Жирен жылқы. Сыртқы қылшық түктері бірыңғай сарғыш-қызыл болып келуі.

 Торы жылқы. Түк бітістері тобылғы түстес, жал, құйрық, сирақтары қара қошқыл болып келгені.

Көк жылқы. Жылқының түктері шымқай көк болмай, көкшіл қылшықты келуі.

Қара көк жылқы. Жылқының сыртқы түктері қара қошқыл болып келгені.

Қызыл көк жылқы. Көк түсті жылқының қылшықтарының ұшы қызыл түстес келгені.

Құла жылқы. Басы мен денесі жылтыр сары, немесе құрым сары реңді болып, аяқтары мен жал құйрығы қара, арқасынан құйрығына дейін созылған жіңішке қара жолағы бар жылқы.

Ақжал жылқы. Түр-түсі құланға ұқсасболып келетін, бірақ сирақтары мен жал-құйрығы бозғылт немесе боз болып келген жылқы.

Сұр жылқы. Жылқының дене түк бітісі ақ көкшілдеу болып, бас-сирақтары, жал-құйрығы қара келіп, шоқтығынан құйрығына дейін арқасында қара жолағы бар және жауырыны, тірсегі, сирағы кейдк көлденең жолақты тарғыл болып тұрады.

Қаракер жылқы. Жылқының жалпы түсі қара болып, тұмсығы мен шабы күңгірт тартып келгені.

Шабдар жылқы. Сырт түгі ақшыл сары болып, жалы бурыл, ақ қыл мен қара қылдың араласып келгені. Бірақ ашық шабдар торыға жақын келгенімен, жал-құйрығы бурыл болады.

Ала жылқы. Жылқының негізгі түгінің арасында ақ жүнді үлкен-кішілі дағы бары.

Шұбар жылқы. Денесінің қылшығы ақ келіп, арасында майда теңбілі (қара, торы, жирен, тағы басқа) бар, не қылшығының басқа түсте болып, арасында ақ теңбіл ұшырасып келген жылқы.

Бурыл жылқы. Жылқының негізгі дене түгінің (қылшығының) арасында жирен, қараторы, біртегіс ақ қылшық араласып келуі. Ақ қылшық басы мен аяғында болмайды.

Шаңқан (боз жылқы). Түсі шымқай ақ болып келген жылқы.

Баран жылқы. Торы жылқыны айтады. Мұның денесі мен басы шие түстес қызғылт боп келіп, құйрық, жалы, сирақтары қара болады.

Қылаң жылқы. Боз, ақ боз жылқыны осылай деп атайды.

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 10 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: