11:39
Атбегілік арналары

ЖЫЛҚЫҒА ҚАТЫСТЫ АТАУЛАР

Жылқының піштірілу атауы

Уыз ағыздыру. Піштірілген кезде енін алмай, оның тек ішіндегі ұрығын ағызып жіберу.

Піштіру (кестіру). Құнан, дөнен, бестілердің енін өткір кездікпен мүлде сылып тастау.

Пішпе. Піштірілген жылқы.

 

Құлындайтын бие жайында айтылатын атаулар

Толғақ. Құлындайтын биенің от оттап, су ішпей, жатып-тұруынан, жүре тоқтап, құлындағанша беймазаланып жүруі.

Тұмба. Буаз биенің құлындар алдындағы артынан білінетін құлын тынысы.  

Қағанақ. Құлындайтын биенің құлын тынысынан кейін келетін жұқа сірі қабықтағы түссіз мөлдір сұйық зат.

Шарана. Жаңа туған жас құлын денесінің сыртындағы ақ сары шылым.

Ақ тон. Жаңа туған жас құлын денесінің сыртындағы ақ сары шылымның ақшыл жұқа қабы.

Шу. Жаңа туған құлынның соңынан кешікпей түсетін биенің ішіндегі құлынның жолдасы.

 

Жылқының іс-әрекеттеріне байланысты атаулар

Оқырану. Айғырдың шағылысу кезіндегі, мінілген жылқының босатар алдындағы және құлынды биенің құлынына мекіренуі.

Кісінеу. Сауылатын биенің сауылар уағындағы құлынын іздегенде, арқандаулы не байлаулы жалғыз қалғанда, айғырлардың үйірін іздегенде шығаратын үні.

Осқырыну. Жылқының қақсырдан, иттен, тағы басқадан сескеніп-секем алып, қорыққан кезіндегі шығаратын дыбысы.

 Шұрқырау. Аталмыш дыбыс түліктің қатты шошынуын білдіреді. Мұндай кездер, әсіресе, жылқыға қасқыр шапқанда, сосын ұры тигенде болады.

Ықылықтау. Құлын мен тайдың өздерінен үлкен ірі жылқыдан жасқанып не қорқып, басын төмен соза аузын шайнаңдауы.

Кісіней оқырану. Айғырдың үйірдегі күйті келген биеге шағылысарда ұмтыла жүгіргендегі шығаратын дауысы.

Шыңғырысу. Күйті келген бие мен айғырдың бір-бірін иіскескендегі шығаратын мекірену үндері.

Ышқына кісіней оқырану. Айғырдың үйірін іздегенде, үнін алғашқыда қаттырақ шығарып барып, бөліп-бөліп бәсеңлеуін айтады.

Айғыр талас (таласу). Айғырдың тезектерін иіскесіп, жертарпып, бірін-бірі тебісіп, тістесуі.

Іңір жусауы. Жылқы үйірінің кешкі уақыт біраз тыныстап, от оттамай тұруы.

Түн жусауы. Түн ортасы болған мезгілде тыныстап, демалып, от оттамай тұруы.

Шыңғыру. Асау құлынды (жылқыны) бұғалықтап ұстағанда не ноқталап байлағанда немесе қасқыр тартқанда шошып, қиналғанда шығаратын үн.

Таңғы жусау. Түнгі оты қанып, тойған жылқылардың от оттамай, таң алдында демалып, тоғын басып тұруы.

Ойнақтау. Жылқының көктемде тойынатын не күзге қарай бойы салқындаған кезінде, суық су ішіп, іші мұздаған уақытында ойын салып, алысып, бірін-бірі тістесіп ойнауы.

Мөңку. Тай, құнанды, дөненді үйреткенде (жайдақ немесе ер-тоқыммен) тулап, басын төменге жіберіп, артқы аяқтарын жоғары көтеріп тебінуі.

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 16 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: