11:50
Атбегілік арналары

ЖЫЛҚЫҒА ҚАТЫСТЫ АТАУЛАР

Жылқының күйі мен бітіміне қатысты атаулар

Жабық етті жылқы. Аса семіз емес, қара еті жоқ, қабырғасы жабық жылқы.

Жалды жылқы. Қоңы ортадан төмен бірақ жалының шел майы кетпеген жылқы.

Құр ат. Жүген-құрық тимей, әбден семірген ат.

Мұз жалды жылқы. Семіз, жалы тұтасқан жылқы.

Су жалды жылқы. Қолмен ұстап көргенде жалы білінбейтін, қоңы төмен арық жылқы.

Сабылған жылқы. Семіз күйінде қинап мініп, көбік терін шығарғандықтан, сабылмаланып (аяқ-қолы дірілдеп) семіздей болдырған жылқы.

Соқтыққан жылқы. Ауыратын немесе әбден болдырған жылқы.

Ер арқа жылқы. Жая жағы мен шоқтығы биік, арқасы ой келген жылқы.

Сиыр құйымшақ жылқы. Арқасы сауырдан бастап, құйрықтың қыл түбіне дейін түзу біткен жылқы.

 Астау жонды жылқы. Жаяның екі жақ еті шығыңқы келген жылқы.

Тік жонды жылқы. Арқасы мен жоны тұтасып біткен жылқы.

Қақпақ жонды жылқы. Арқа-жоны тұтасып, қабырғаға түсіңкіреген, жаялы келген жылқы.

 Ешкі бас жылқы. Басы ешкінің басына ұқсас келген жылқы.

Қой бас жылқы. Бас бітімі қой басына ұқсас жылқы.

Орақ бас жылқы. Кеңсірігі шығыңқы, дөңес (құс) тұмсықты жылқы.

Қамыс құлақ жылқы. Екі құлағы серектеніп біткен жылқы.

Қайшы құлақ жылқы. Жүргенде екі сүйрік құлағын қайшылап жүретін жылқы.

Мәстек құлақ жылқы. Екі құлағы екі жақ жанына қарай қисайып біткен жылқы.

Бөртекі жылқы. Тез болдырғыш, қара етті жылқы.

Маймақ жылқы. Аяғы қисық біткен жылқы.

Қоңылтаяқ жылқы. Бойына ет алып дұрыс тойына алмайтын жылқы.

Қоңторғай жылқы. Не жесе де тойынбайтын жылқы.

Шырсыз жылқы. Арық жылқы.

Қолау жылқы. Буыны қатпай, жас кезінде қаты мініс көріп ер батқандықтан қолы (алдыңғы аяғы) ауырған, қолы түскен (алдыңғы аяғын баса алмай қалған) жылқы.

Көтерем жылқы. Әбден арып, жілік майынан айырылған, буынына сарысу толып, әлі кетіп, орнынан тұра алмай қалған жылқы.

Жайланған жылқы. Көп мініліп, оңалмаған жылқы.

Қатпа жылқы. Сүйектері терісінің сыртынан арса-арса болып білініп тұратын қызылсыз, етеймеген жылқы.

Көкбақа жылқы. Жілігі татымайтын, өте арық жылқы.

Зорыққан жылқы. Жүруге жарамай жолда қалған жылқы.

Қайма тұяқ. Жүргенде табаны көп тасырламайтын, тұяғы өте мықты жылқы.

Қазтабан. Жалпақ тұяқты, жүргенде табаны тез тасырқалайтын жылқы.

Жалбыр. Түгі ұзын қылшықты, жал-құйрығы қалың боп, жерге төгіліп тұратын жылқы.

Бүкір. Бел омыртқасы дөңес біткен, алдынан арт жағы биік келген жылқы.

Шыңылтыр. Тойынбайтын, бойына шыр бітпейтін арық жылқы.

Қызыл майланған жылқы. Семіздей мініліп, суытылмай жіберілгендіктен жүні іріп, тойынбай, жарау қатқан жылқы.

Бүгежік жылқы. Жүрісінің өнімі жоқ, кібіртіктеп жүре алмайтын жасқаншақ жылқы.

Көбең. Қыстан арық шыққан, бірақ ерте жайылысқа жіберіліп, қоңдана бастаған жылқы.

Нәқұс ат. Тегі нашар, қамшыласаң аяғын бір баспайтын, қара етті, шабан жылқы.   

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 23 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: