09:58 Атбегілік арналары | |
ҚАН АЛУ АРҚЫЛЫ ЕМДЕУ Көшпелі халықтың негізгі күн көріс тетігі мал шаруашылығы, соның ішінде жылқы түлігі екені анық. Сондықтан да жылқыда кездесетін ауру-дерт түрлерін емдеу жолын біздің ата-бабаларымыз жақсы білген. Соның бірі – кәдімгі қандауыр арқылы жылқыдан қан алу тәсілі. Қандауыр қолданып қан алуды жақсы меңгерген емшілер жылқы тамырларын: қолқа және барлау тамырлары деп екіге бөліп қарастырған. Бұл атауларды қазіргі ғылыми тілмен айтсақ: қолқа тамырлары – артерия да, барлау тамырларын – вена деп атап жүрміз. Байырғы жылқы емдеуші оташы-тамыршылар қолқа тамырлары жүректен шыққан таза қанды организмдерге жеткізеді, ал барлау тамырлары – организмде пайда болған арам қанды тазарту үшін жүрекке жеткізеді деп есептеген. Сондықтан оташы-тамыршылар барлау тамырларды тауып шаншу немесе қандауырлау арқылы жылқы организміндегі арам қандарды сыртқы ағызып тастап отырған. Жылқыдан қан алу жұмысын қандауыр арқылы жүзеге асырады. Яғни, қандауырлау дегеніміз – жылқының бойындағы дертті барлау тамырларынан қан алу арқылы емдеу. Қандауырды кәнігі шебер ұсталар берік металдан жасайды. Көбінесе темір қолданады. Оны мүсәтір ерітіндісімен суарады. Бұлай жасалған қандауырдың бойында улы-зәрлі тотықтар болмайды һәм қан алғанда жылқының қан тамырларына уытын жаймайды. Жылқы организміндегі қан айналу жүйесінің әрқилы мүшелерде орналасу ерекшелігіне байланысты қандауыр да әртүрлі болып келеді. Мысалы, тіл асты тамырларынан қан алуға арналған қандауыр өте жіңішке ұшы өткір ұзындығы 5-6 см шамасында болса, қалың етке шаншитын қандауырдың ұзындығы 25 см-ден кем болмайды. Бұны үлкен қандауыр дейді. Жалпы қандауыр құралының ұзындығы орташа есеппен 10-17 см, ені 0,3-1 см, қалыңдығы – 2-4 мм болады. Қандауырдың ұш жағы: тік, бұраң, жебелі, айналмалы, т.б. формада болады. Ал жалпы пошымы: төрт қырлы, екі жүзді, үшкіл тұмсық, біз бітімді, шапқы тектес, қуыс өзекті, ара жүзді, жыланбауыр, т.б. түрлері кездеседі. Қан алу ісі жылқының ауруларына байланысты әртүрлі тәсілмен және әрқилы жолмен қандауырлайтын нүктені таңдап-табу арқылы жүзеге асады. Ол үшін емші-оташы алдымен жылқы дертінің пайда болу себебін және аурудың түрін білгені жөн. Мысалы, баптауда тұрған жүйріктің тісі кетіле бастаса аяғына қан түскенін білдіреді. Қан алу көктем айларының соңы мен жаз айларының басында іске асады. Бұл кезде жылқы көкке тойынып, қуаты артатындықтан жоғалтқан қанның орнын толтыру мүмкіндігі көп деп есептейді. Қан алу ісін кез келген адам атқармайды. Ол үшін арнайы жаттыққан отаншы-тамыршы-қаналушы адам жылқы мүшесінің ыңғайына байланысты қандауыр шаншу мөлшерін анықтайды. Көп жағдайда тамыршылар қандауырдың жетесіне арнайы ағаштан жасалған әртүрлі кеп кигізеді де, шаншу тереңдігін анықтап алып, іске кіріседі. Этнограф зерттеуші Бабақұмар Хинаятұлының анықтауы бойынша, қазақ оташылары жылқының 30 түрлі тамырлы мүшелерінен қан алуды жақсы меңгерген. Қан алу тәсілінің нәтижесінде жылқы ағзасының жасушалары тітіркеніп, оның қарсы реакциясы қан түзу үрдісін арттырады. Осылай ағзаның резистенттілігі артуының себебінен биологиялық активті заттар көбейіп, физиологиялық қуаты күшейеді. Жылқыда төрт нәзік тамыр болады. Олар артқы, алдыңғы аяқ тамырлары және өкпе тамыры. Бұл тамырларды жиі шанши беруге болмайды. Мысалы, бір жылы алды шаншылса, келесі жылы артын шаншу керек. Екінші бір ескеретін дүние – жылқының қан құрамы майлы болса, шаншуға болмайды. баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
Всего комментариев: 0 | |