07:30 Атбегілік арналары | |
БӘЙГЕ және ЖҮЙРІК ТҮРЛЕРІ Қазақ жүйрік түрлері Қазақ атбегілері жүйріктерді жақын және алыс қашықтықтарға шабатын деп екіге бөліп қарайды. Жақын жерге шабатындарды – ұшқыр жүйрік десе, алысқа шабатындарды – қыза шабатын жүйрік дейді. Ал аламан шабыстың жылқысын арғымақ деп атайды. Арғымақтан кейінгі жүйрік – тұлпар. Жүзден жүйрік шықса, мыңнан тұлпар туады. Арғымақ пен тұлпардан басқа шабысты жылқыларды жай жүйріктер дейді. Жай жүйріктердің өзін – желғабыз, еңіреу, дүлдүл, өрен, шаңтимес, желтимес, алдына ат салмас, қапшық жүйрік, әндігер жүйрік, күлік, т.б. деп бөледі. Бай-өлкелік атбегі Қадыл Айдаубайұлы жүйрікті сәйгүлік деп атайтынын бұл термин моңғолдың «сайн хүлэг» (қазақшасы – жақсы жүйрік) деген сөзінен шыққанын дәлелді түрде баяндайды. Моңғолия қазақтары жүйріктерді: төңірек, күдір, желбегей, қызбел, босбелбеу, созақ, мұзбүйрек деп алты топқа бөліп қарайды. Бұлай атау басқа өлкелерде кездеспейді. Бөкей ордасында өмір сүрген этнограф-ғалым Мұхамед-Салық Бабажанов (1832-1871) «Журнал коневодство и коннозаводство» журналында жарық көрген зерттеу еңбегінда қазақ жылқыларын – берік, жүрдек, жүйрік деп үшке бөле отырып, жүйріктерді: ұшқыр, қарғыншыл, қашағаншыл, аламан-жүйрік, аяңшыл, жорға деп қарастырады. Жылқытанушы Ахмет Тоқтабай қазақ жүйріктерін шабысына қатысты – арынды жүйрік, ағынды жүйрік, сарынды жүйрік деп бөледі.
Шаңтимес. Лап етіп шабады, зу етіп алға шығады, тыз етпе, ұшқыр. Арынды жүйрік – «шүу» дегенде жарқырап алға шығады, оны ұшқыр деп те атайды. Арынды жүйріктердің бағы көкпарда жанады. Салым салатын аттар сол арынды жүйріктер тобына жатады. Ағынды жүйрік – бірқалыпты, ағындап шабатын жүйрік. Алғашқы шабысынан танбайды, ұзаққа сілтейді, аламан бәйгеге шабады. Сарынды жүйрік – үдемелі жүйрік, айқый-шуды естігенде, дүбірлі шабыс тақалғанда екілене шабатын, құлағын үнемі сарынға тігіп отыратын, бүйірі дуда қызатын жүйрік. Мұндай жүйріктер қолға сирек түседі. Қалбағай жүйрік – алдыңғы қолтығы денесіне тимей алшақ тұрады. Еңіреу. Бәйге болғанда алысқа шабатын, жорық кезінде аламан жүріске шыдайтын жылқыларды айтады. Еңіреу жүйріктердің ең басты қасиеті жер аяғы алыстаған сайын денесі қызып, тер шығып, терлеген соң, терісі кеңіп, құлаштап көсіліп шабады. Қазақта «еңіреген ер» дейтін теңеу бар. Бұл нағыз батырларға айтылатын сөз. Демек, қазақ жүйріктің де нағыз дүлдүлін еңіреу деп атаса керек. баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
Всего комментариев: 0 | |