09:18
Атбегілік арналары

ЖҮЙРІК БАПТАУДЫҢ НЕГІЗДЕРІ

Жүйрікті суыту

Жүйрікті суытудың жайы:

  • Жүйріктерді алғаш баптауға ұстап тынысын ашып, ара боғын тастатқан соң 5 сағатқа жуық суытып барып отқа қою керек.
  • Ертеңінде ерте ұстап, түс ауған кезде шабандоз балаға мінгізіп 10 шақырым жолдың жартысын аяңдап, жартысын желе-жортып жүргізіп бусандырған соң тағы да 5-6 сағат суытады.
  • Кейбір бапкерлер жүйрік суыған соң ноқтасын алып, арқандаулы тұрған үйір аттың қасына бос жіберіп, тынықтырады.
  • Тыныс ашудың соңғы күні жүйрікті көзкөрім қашықтыққа алдымен аяңдатып, одан соң желдіріп, соңында шаптырып, дегендей үш түрлі жүріс қолданып, терлеген соң терін қырмай желге қарсы жүргізіп кептіреді де, 6-7 сағат суытады.
  • Көбік тері алынған жүйрікті суытқанда түн ортасы ауғанша байлап қояды да, артынан тықырлау бетегелі жерге арқандайды. Таңға жуық қайта байлайды. Күндіз көлеңкеде ұстайды.
  • Қара етті жүйрікті жиі таң асыра бермейді, тым қатты қинамай желе-жортып жүріп, аз ғана уақыт суытады.
  • Еті майлы жүйрікті суытқанда мұқият болған жөн. Өйткені, бір-екі таң асқан соң оның түгі майланып ұзақ уақыт суымай тұрып алады. Бұл іш майы кетпегендіктің белгісі. Сондықтан оған саумал ішкізген дұрыс.
  • Еті қалыпты жүйрікті 10 күннен соң, ал, қондыларын 15 күннен кейін 2-3 шақырымға желе-жортып бусандырып таң асырады.
  • Көптеген атбегілер тәжірибесіне қарағанда: баптауда тұрған жүйріктің көбік және тұнық терін алған соң таң асырады.
  • Баптаған жүйріктің іші дәл тартылса, онда атты алғаш тыныс ашу кездегідей аяң жүріспен жүргізіп, одан желіске салып, одан кейін шоқыта шаптырып суытуды жалғастырады.
  • Бәйгеге бір немесе бір жарым апта қалғанда, атты суытудың ең маңызды кезеңі басталады. Ол үшін жүйрікті 4-5 шақырым қашықтықта алдымен аяңдатып бастап, одан желіске көшіп, желістен – шоқыраққа , одан қайтадан желіске көшеді. Желіске көшерде атқа жабу жабылады. Кермеге 100 қадамдай қалғанда, аяңға көшу керек.
  • Жүйрікті шабандоз баланың өзі суытқаны жөн. Суыту кезінде бала мен ат бір-бірімен түсініседі, кейін ол бәйге барысында нәтижесін береді.
  • Ат суытатын жер ойлы-қырлы болғаны дұрыс, сонда аттың бұлшық еттері жақсы жетіледі.
  • Атты көп жетелеп, аз байлап суытады, шаршатпайды.

 

Суытуы қанған жүйріктің белгісі:

  • Жақсы суытылған жүйрік жатқанда төрт аяғын біріктіріп буып тастағандай күйде болады.
  • Жақсы суытылған ат бестен тоғызға дейін қатты құмалақтайды және ол құрғақ болады.
  • Суытуда тұрған жүйрік артқы екі аяғына кезек-кезек салмақ салып, жерге тұяғының ұшын ғана тіреп тұрса, бұл жақсы нышан. Өйткені, аяғы әлді жылқы тезірек тынығуға мүмкіндік алады.
  • Таң асырған күні тастаған тезегінде тамшы су болмауы тиіс.
  • Таң асырып жіберген кезде бірден басын жерге салмайды, шауып барып жайылады.

 

Дұрыс суымаған жүйріктің белгісі:

  • Жүдеу тарта бастайды, арқасы домбығып ісінеді. Осындай жағдайда қинап шаптырса, қартасы аударылып өліп кетуі мүмкін. Өйткені, жылқының тоқ ішегіндегі тезегі баланың жұдырығындай үлкен әрі қатты болады. Ол күштеп шапқан жағдайда аударылып кетсе, тік ішектен сыртқа шықпай тіреп тұрып қалады. Бұл өте қауіпті.
  • Суытуы қанбаған жүйрік қаны бұзылып, қызылмайланып тұрып алады. Оған жас биенің бір шелек сүтіне 10-15 тауық жұмыртқасын араластырып берсе оңалады.
  • Жылқының суытуы қанғанын һәм қанбағанын ұмасынан ұстап біледі. Ұма ыстық болса бүйрегінде майы бар деген сөз. Оған қысырақтың қымызын береді немесе бие сүтіне жұмыртқа қосып ішкізеді.

 

Жүйрікті суыту барысында жемдеу-суару жайы:

  • Суытуы қанған жүйрік есінеп, іле-шала аунап-қунайды, сілкінеді. Дәл осы кезде суға бөктірілген үш-төрт қос уыс ақ сұлы беріп таң асырған дұрыс. Таң атқан соң жетелеп жүріп, таза жерге жаяды. Суды көп ішкізбейді. Бір-екі сіміртіп тоқтатады.
  • Таң асып суыған жүйрікке алдымен аздаған жоңышқа жегізеді. Одан кейін сұлы, сұлыдан соң тағы да аздаған жоңышқа береді. Соңында атты қанғанша суарады.
  • Жем-шөпті атты суытудың жиілігіне байланысты өзгертеді. Суытылмаған күндері атқа аздаған ғана сұлу береді.
  • Таң асырылған жүйрікті 9-10 сағат суытып таң қылаң берген кезде отқа қойып, 8 сағат жайылған соң сәске түсте қайта байлап, кешкі ымыртта қайтадан отқа қояды.
 
 

жиған-терген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 235 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: