17:20
Атбегілік арналары

ЖҮЙРІК БАПТАУДЫҢ НЕГІЗДЕРІ

 Қара жарыстың мән-маңызы

Қара жарыс дегеніміз – аттың майлы етін азайтып, тынысын кеңейтіп, бұлшық еттерін шынықтырып, сіңірлерін қатайтуға арналған жаттығу деген сөз. Атбегілер жаратуға ұстаған жүйрігін әртүрлі уақытта, әрқилы қашықтыққа көсілте жарыстырып, бабын анықтайды. Бұны көпшілік тілінде қаражарыс салу деп атайды.

Қара жарысты: алыс, жақын және орта қашықтық деп үшке бөледі. Жүйрік атты әлбетте 6-7 рет қара жарысқа салып, терлетіп таңасырып, жаратуға тиісті.

Қара жарыстың ең жақыны көрші қонған үш ауылдың қоныс шебінен (7-9 шақырым) кем болмауы тиіс. Жарыс сайын 2 шақырым қосылып отырады. Жарыс қашықтығы мен санын жергілікті атбегілер өздері ортақ ақылдаса отырып, шешеді. Көп жағдайда: орта қара жарысты 10 шақырымға, үлкен қара жарысты 10 шақырымнан алыс қашықтыққа жоспарлайды.

Қара жарыстың пайдасы: жүйріктің тынысын кеңейтіп, қуатын арттырып, төзімділігін шыңдау үшін қажет. Сондай-ақ, бой жазып шабыс көрген жылқы артық ет-майынан да тез арылады.

Алғашқы қара жарыс жүйріктің тыныс алу мүшелері қақ-соқтан толық тазарып, өкпесінің ашылуына зор ықпал етеді. Осы бірінші жарыстан соң кәнігі атбегілер баптауға қажет, тиісті амалдарды таңдайды. Бір сөзбен айтқанда, жылқыны садақтың оғындай етіп «жонады».

Екінші-үшінші қара жарыстан кейін жүйріктің бабы, жай-күйі анықталып, қалған уақытта не істеу қажеттілігі анықталады. Күн өткен сайын жарыс қашықтығы ұзарып отырады.

Соңғы қара жарысты бәйге болатын уақыттан 3-4 тәулік бұрын орта қашықтықта (12-15 шақырым) өткізеді. Осы жарысқа қосылған жүйрік тынысын танауы арқылы еркін алып, еркін шауып келсе, бабы келісе бастағаны деп есептейді. Бірінші қара жарыстан бастап, екінші-үшінші жарыстардың арасы 3 тәуліктен кем болмауы тиіс.

Қара жарыстың қашықтығы:

Тайды – 8 шақырым,

Құнанды – 10-12 шақырым,

Дөненді – 15-18 шақырым,

Бесті атты – 20-25 шақырым,

Сақа жүйрікті – 25-30 шақырым,

Жорғаны – 10-15 шақырымға жарыстырады.

 
 

жиған-терген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі  

Просмотров: 216 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: