15:33 Атбегілік арналары | ||
ҚАЗАҚ СЫНШЫЛАРЫНЫҢ ЖҮЙРІК СЫНАУ ҮЛГІЛЕРІ Сегізінші сын. КҮНГЕЙБАЙ ТЫШАБАЙҰЛЫНЫҢ ҮЛГІСІ Жүйріктің дене бітімі сұлу болмайды, олпы-солпы, қарапайым келеді. Қас жүйрікті сыншы ғана біледі. Жылқыны жұтқыншағынан қаттырақ қысып ұстап байқасаңыз, шабан жылқы басны ішіне тартады. Жүйрік болатын жылқы алдына қарай созылып босайды. Жылқының кекілін байлайтын төбе сүйегінен шоқтыққа дейін, шоқтықтан белдемеге дейін, белдемеден сауырдың томпағына дейінгі аралық бірдей болса, бұл нағыз тұлпардың белгісі. Жылқының тұяғына қарап оның қуатын байқауға болады. Атап айтқанда, мүйізі қалың, өкше жағы биік болса бұл күші мол жылқы. Мұндай жылқыны көкпарға салған дұрыс. Тұяғы жұқа әрі тағалық қаратырнағы болымсыз (шамалы) жылқының аяғы әлсіз болады. Ал, жүйрік аттың тұяғы құланның тұяғы сияқты қатты әрі әдемі, тағалаық қаратырнағы өткір келеді. Бұндай жылқының табан-тұяғы қызбайды, аяқ тастасы өте жылдам болады. Бұқар жыраудың: «...жал-құйрығы қаба деп жабыдан айғыр салмаңыз, жауға мінер ат тумас...» деген сөзі бар. Осы орайда, жүйрік жылқының да жал-құйрығы қаба емес, жібек сияқты жұмсақ, біртекті болғаны абзал. Жылқы малы қалай жаратылса солай шабады. Мысалы, жылқыға ер салғанда қапталынан кейінгі артына қарай сауыр-жая жағы биіктеу көрінсе, әрі алдыңғы кеуде бітімі еңкіш тартып тұрса бұл өрге шабатын жүйрік деп есептеледі. Ал, шоқтығы шоюырайып тұрса, бұл еңіске жақсы шабатын жылқы болғаны. Аламан шабысқа ыңғайлы жылқыны білу үшін оның шабысын көру керек. Мысалы, шапқанда бауыры жер сызып, аяғын қайшылап төмен тастап отырса, бұл ұзақ шабатын жүйріктің нышаны. Аяғын төменнен жиып шапқан жылқы ешқашан шаршамайды. Тісі тығыз, шобырлай біткен әрі шағын болса, бұл жүйрік жылқы болмағаны. Тісі таттанған ірі және тойпылдау бітсе, бұл шабысты жылқы. Сондай-ақ, кемиек жылқы деген болады. Бұл нақтырақ айтқанда, жылқының шөпжұлар маңдай тістері бір-біріне сәйкес емес деген сөз. Жоғары жағы артықтау шығып тұрады. Бапталған жүйрікті бәйгеден кейін босатпай тұрып тісіне қарау керек. Себебі, аттың аяғына нұқсан (ақау) түскен жағдайды тісі арқылы білуге болады. Аяғына қан ұйыған аттың тісінің түсі өзгеше болады. Дәл осы сәтте жүйрікті қандауырлап емдеген дұрыс. Жүйрік аттың мінезі өте кең жуас келеді. Астынан өтіп жатсаң да іш жимайды. Көптеген жүйріктер иесінің ымын, айтқанын сезеді. Ат иесі «жат» десе, жатады. Бұл да жүйріктің ақылды адамға ұқсастығы. Жүйрік сезімтал, қағылез жануар болғандықтан, оны бос қояды. Жүйрік еркін жүргенді ұнатады. Қашып, үркіп, теріс мінез көрсетпейді. Иесін далаға тастап кетпейді. Жүйрік болар құлын желіде сілейіп, қозғалыссыз тұрады. Бұл мінез де төзімділікке саяды. Шын жүйріктің дене бітімі мен көз жанарына қарап тануға болады. Көзінің ағы көп болса, қайратты, басы кішкентай, қой мойын, төрт тұяғы тең бітсе, жүйрік келеді. Немесе жайылса желдеп жайылатын, су ішсе, судың тұнығын қуалап ағысты өрлей ішетін, оттаса, көкқұрақты қомағайлана қарбытып, дәл түптен қауыр оратын, жетектесең, ботадай елпілдеп соңыңнан еретін жетекшіл мінезін, мінсең, тақымыңнан көңіл-күйіңді танып лыпып отыратын, сүрініп-қабынып апырақтамайтын, жар астынан жалп етіп жапалақ көретілсе де селт етіп сыр бермейтін қасиеті болады. Жақсы жылқының бойынан құмартып қарайтын белгілерім: омыртқасы шығыңқы бітеді, кең тынысты, сағақты болып келеді, тұсарлығынан адырая көрінетін жуан сіңірді оңай аңғаруға болады, томардай болып шоқтығы да көзге бірден түседі, тұтаса біткен кең кеудесі сирағын қысқа сияқты көрсетеді. Күрек тіс қатары мен азу тіс қатарының арасындағы кетік алшақ болса, ол да жақсы қасиеттің бір нышаны. Сондай-ақ, күндік жерге талмай шабатын жүйріктің белгісі: сауырындағы жалпақ алты омыртқа шеміршексіз құймасүйек болып бітеді. жиған-терген Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ М.Әуезов атындағы ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар қаласы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | ||
|
Всего комментариев: 0 | |