17:09 Атбегілік арналары | ||
ҚАЗАҚ СЫНШЫЛАРЫНЫҢ ЖҮЙРІК СЫНАУ ҮЛГІЛЕРІ Төртінші сын. АБАЙДЫҢ ҮЛГІСІ (ХІХ ғасыр) Жүйріктің мұрыны бөкеннің текесінің мұрыныдай кең танаулы болады. Мұны «теке мұрын» немесе «теке тұмсық» деп атайды. Ерні салпы келіп, тістері ұзын болады. Жағы қоянның жағындай, сағақтығы кең, үңірейіп тұрады. Ауыз омыртқасы шығыңқы бітіп, желкесі ой болып келеді. Жүйріктің мойны жұмырланып келеді. «Қаз мойын» деп осындай мойынды айтады. Жалы майда келеді. Омырауы кең бітіп, төсі тояттаған бүркіттің төсіндей салпы көрінеді. Шынтағы қабырғадан алшақ тұрады. Аяғы тік, жерсоғары сіңірлі келеді. Бақайы жуан, тақыр келіп, тұяғы жұмыр болады. Жоны жоталы, қабырғалы, жауырыны етсіз әрі тақтайдай жалпақ, сауыры кең, мықыны тар бітеді. Жоны мен бауырын салыстырып қарағанда, жоны қысқа, бауыры жазық көрінеді. Алды-арты бірдей, үсті жайлы. Арты талтақ, санды. Тірсегі ботаның тірсегіндей маймиып бітеді. Құйрығы күлтеленіп, қыл түбі әлді, көтендігі шығыңқы, ашамайлы, ұмасы үлпершекті келеді. жиған-терген Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ М.Әуезов атындағы ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар қаласы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | ||
|
Всего комментариев: 0 | |