10:49
Атбегілік арналары

АТБЕГІЛІК – ХАЛҚЫМЫЗДЫҢ ГЕНЕТИКАЛЫҚ ЖАДЫСЫ

Сен маған мініп жүрген атыңды көрсет, мен сенің кім екеніңді айтып берейін.

(Ағылшын мәтелі)

Әлбетте, атбегілік – қазіргі тілмен айтсақ, жылқытану жайы қазақтың әлімсақтан қанына сіңген төл өнері, халқымыздың генетикалық жадысының туындысы.

Уақыт өткен сайын осы бір керемет құнды қабілетінен халқымыз айырыла бастады. Бұндай, Алла Тағала ьерген табиғи ақыл-парасатынан айырылған жұрттың тарихи санасы өшеді. Сөйтіп, байырғы этномәдени таным-түйсігін жоғалтады.

Қазақ халқына Тәңірдің берген ерекше қасиеті – терең сұңғылалығы һәм жойқын жадысы. Сөзімізге дәлел – жұртымыздың жадысында жатталған 150 томдық жыр-дастан төгілмей-шашылмай бүгінге жетіпті.

Мұндай көл-көсір дүниені жазбай-сызбай жадысы арқылы ұрпақтан ұрпаққа жалғап, сонау ғасырлар қойнауынан шалдықтырмай, шашпай алып өткен қазақтай халық кемде-кем.

Дәл осы жады мәселесін атбегілік өнерге қаратып айтуға толық негіз бар. Аталарымыз жылқы түлігін қолға үйретіп, бастықтырған ықылым заманнан бастап – атты баптау, оны сынау, бәйгеге қосу, әрі жауынгерлік өнерге үйрету ісіне қатты мән берген. Әрі бұл ілімді ұрпақтан-ұрпаққа жалғастырып, мұрагерлік ретінде үйретіп отырған.

Атбегілік өнер атты сынау мен баптаудан тұрады. Яғни, аттың сынын білген адам оны баптай да алады. Тіпті ерте заманда өмір сүрген атақты сыншылар тірі жылқыны былай қойып, далада жатқан қу сүйекке қарап-ақ сын-сипатын айтатын болған.

Айталық, сонау бағзыда атақты Толыбай сыншы жолаушылап келе жатып анадай жерде жатқан аттың қу басын көзі шалады. Тізгінді тартып тұра қалып: «Ей, мынау ерен жүйріктің басы екен, имен тұқсық, бөкен танау, көзінің ойындысы терең, жар қабақ, екі жақтың ортасы алшақ, тістері әлі жалтырап тұр, сүйегі қандай асыл еді жануардың. Мына тұмсығына қарағанда, шоқтығы биік, аяғы ұзын, қоян тірсек, серпіні қатты, сіңірлі екен. Құмдауыт, босаң, көбелең жерде бәйге бермейтін ат қой бұл. Жасы тоғыздан асып, онға қараған дер шағында өлген екен, жануар», - депті.

Міне, осындай сұңғыла аталарымыздың қарым-қабілетін үзіп алған жоқпыз ба?

Жалпы, қазақ даласында ізі қалған атбегілік өнердің танымал өкілдері – жоғарыдағы Толыбай сыншыдан бастап, бертінде Бөкей Ордасында өмір сүрген әйгілі Ауқатым және шеркеш Айдабол сыншылар, Жәңгір ханның жылқы тұқымын асылдандыру ісімен айналысқан аты мәшһүр сыншы төре абылғазылардың еңбегін ел біледі.

Бөкей Ордасы жерінде өмір сүрген екінші бір атбегі Шоқай Шөңкейұлының сыншылығы жайлы орыс зерттеушісі А.Келлер көлемді еңбек жазып қалдырған. Ал, Атырау аймағында өмір сүрген Дүйсенғали сыншы, шежіре жазушы Сәбит Мұқановтың щығармаларында аты аталатын атақты Киікбай сыншы жайлы көркем әдебиеттерде үзіп-жұлып айтылады.

Халқымыздың сыншылық дәстүрі Кеңес Одағы кезінде де үзілмей жалғасып отырған. Айталық, ұлытаулық Тай Тілегенов сыншы, жаңаарқалық Мұса сыншы, Сарысу бойында өмір сүрген қалмақ көбен сыншы, Оңтүстік өңірде Мақұлбек Шерімұлы, жетісулық ағайынды сыншылар Олжабай мен Бектібай, қытай-моңғол елдерінде өмір сүріп жатқан қазақтар арасынан шыққан Күңгейбай, Қалқабай, Түркістан сияқты сыншылардың артында қалдырған мұралары баршылық.

Ал, атбегілік өнердің екінші бір қыры – ат баптау ісімен ел арасына танымал болған атбегілер – керекулік Бежу, жетісулық Бақай атбегі, сіргелі Меңдеке, сағыздық Тіней Талпақ, Үстіртте өмір сүрген Мықырбай атбегі, осылардың ізін жалғап Кеңес Одағы кезінде атбегілікпен айналысқан атақты «Құланқара», «Бұланқара» атты сәйгүліктер мен «Желмая» атты жорғаны баптаған Бошай Кітапбаевтың тәжірибесі өз алдына бір төбе.

Қазіргі таңда атамұрамызды ұрпақ жалғастырып дамытып келе жатқан ат бапкерлері – созақтың Файзолла Ормызов, тараздық Нұрдәулет Әлібекұлы, жетісулық Нәркен Қалибек, ағадырлықЖолдыбай кенжеғұлов, алтайлық Еркін Темірбайұлы, моңғолиялық Қадыл Айдаубайұлы сынды тұлғалар бар.

Өткен ғасырлардан үзілмей бізге жеткен жоғарыдағы қазақ сыншыларының еңбегін жинақтап бүгінге жеткізушілердің арасында әдебиетші ғалым Жанғара дәдебаевтың еңбегі зор.ғалымның 1993 жылы жарық көрген «Тұлпардың сыны мен бабы» атты шағын еңбегінде өте құнды мәліметтер топтастырылған.

Сол сияқты Ж.Аупбаев құрастырған «Ер қанаты» жинағы (1987) мен Ахмет Тоқтабайдың «Қазақ жылқысының тарихы» (2010) атты елеулі еңбектері құнды жәдігерлер қатарынан орын алары сөзсіз. Әсіресе, тарих ғылымдарының докторы жылқытану ісіне жарты ғұмырын арнаған Ахмет Тоқтабайдың еңбегі ғылыми-теориялықтұрғыдан аса құнды дүние екендігін атап өтуіміз орынды.

Ал, нақты тәжірибелік іс-әрекетке негізделіп жазылған еңбек ретінде Қадыл Айдаубайұлының «Ат пен бап» (1996) атты кітабын атауға болады. Одан кейін әр жылдарықазақ баспасөз беттерінде жылқытану жайлы зерттеу еңбектер жариялаған этнограф Жағда Бабалықұлы, Ахмет Жүніс, Сейіт Кенжеахметов, Бабақұмар Қинаятұлы, Биқұмар Кәмалашұлы қатарлы азаматтардың зерттеулері халық кәдесіне жарап жүр.

Көкпар атын баптау жайында ұлы неміс Адольф Дирингтің тәжірибесі мерзімдік газет-журналдарда жарияланса, шардаралық мектеп оқушысы Нұрлан Аманқожаның көкпар атын қырық күн шілде кезінде жемдеп, суару барысы туралы жасаған тәжірибелік еңбегі атап өтуге тұрарлық.

Атбегілік өнер тек қазақ халқына ғана тән деу – артық айтқандық. Бұл мұра қырғыз, моңғол, алтай, хақас сияқты көшпеліліреге де ортақ дүние. Бұлардың атбегілік өнерлерінде аса айырмашылық жоқ.

Айталық, ішкі Моңғолдың Хөленбұйыр өңірінде мекен еткен көшпелі тайпаларының нояны Пуребжаб 1874 жылдары жазып қалдырған «Құпияның құпиясы, көненің көнесі жайлы ілім» атты атбегілік туралы құнды ілім мен 1888 жылы Петербор қаласында жарық көрген Кулешовтың «Коневодство» кітабында ат баптау мен жылқы түлігінің ерекшелігі жайлы өте құнды мәліметтер кездеседі.

Жылқыны алтын сарайда ұстағаннан жүйрік болмайды, ол нағыз атбегінің баптауы арқасында тұлпар болады.

(Дат мәтелі)

 
 
 

жиған-терген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

М.Әуезов атындағы ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар қаласы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі  

Просмотров: 321 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: