13:00
Ата Заң - айшықты айбынымыз!

МЕМЛЕКЕТТІГІМІЗДІҢ МӘРТЕБЕСІ

Әлбетте, Қазақстан Республикасы саяси тәуелсіздік алғаннан кейін, 1995 жылғы 30 тамызда Республикалық референдум өткізу (бүкіл халықтық дауыс беру) жолымен қабылданған еліміздің негізгі Заңына биыл он тоғыз жыл толып отыр. Осыған орай мерейлі мереке дінаралық, ұлтаралық татулық берік орныққан Отанымыздың барлық өңірінде салтанатты түрде атап өтілуде. Осы орайда Конституция сөзінің мағынасы, тарихы, қазақ елінің Ата Заңы туралы танымдық ой толғасақ.

Конституция дегеніміз не? Конституция термині латын сөзінен алынған. Ол латынша – constitio, мағынасы – белгілеу, орналастыру. Ал қазіргі түсінік бойынша, Конституция – мемлекеттің Негізгі Заңы. Ғылыми, саяси, құқықтық тұрғыда Конституция материалдық, нысандық мағынада өзіндік мән-маңызға ие.

Конституция материалдық мағынада, ең бірінші, елдегі адамның, азаматтың жеке құқықтары мен бостандығын жариялайды, оған кепілдік береді, елдегі әлеуметтік құрылыстың негіздерін, басқару мен мемлекеттік құрылымның нысандарын, жергілікті, орталық билік органдарының негіздерін, құзіреті мен өзара қарым-қатынастарын, мемлекеттің рәміздерін, астанасын айқындайды, осылардың бәрі жөніндегі өкімдік акт, актілердің немесе конституциялық рәсімдердің жиынтығы болып саналады. 

Конституция нысандық мағынада барлық басқа заңдарға қатысты жоғары заңи күшке ие заң немесе заңдар тобы болып есептеледі. Анығында, Конституция – елдің бірлігі, берекесі, тыныштығы, оны іс жүзінде жүзеге асыратын қуатты күш, ол – конституциялық құрылыстың құндылықтары мен институттары, нормалары, әлеуметтік байланыстар мен мемлекеттік биліктің қатынастарын, мемлекеттік-құқықтық реттеу негіздері ресми түрде баянды етілетін ең жоғары құқықтық нысан, осы заманғы мемлекеттіліктің маңызды белгісі.

Елдің бүкіл заңнамасының негізгі, мемлекеттің ең жоғары заң күшіне ие Конституция осы саланың құқық ғылымында Заң жүзіндегі Конституция, іс жүзіндегі Конституция болып ажыратылады һәм Конституция нысанына қарай сараланған Конституция, сараланбаған Конституция, аралас тұрпаттағы Конституция болып бөлінеді. Енді осы аталғандарға аз-кем тоқталып өтсек.  

Заң жүзіндегі Конституция – еліміздегі барлық әлеуметтік қатынастар шеңберін реттейтін құқықтық нормалардың айқындалған жүйесі. Іс жүзіндегі Конституция – осындай қатынастар, нақты қолданыстағы қатынастар. Сараланған Конституция – конституциялық сипаттағы барлық негізгі мәселелерді реттейді және сол жөніндегі бірыңғай құқықтық акт болып саналады. Оның барлық басқа заңдарға, нормативтік-құқықтық актілерге қатысты жоғары заңи күші бар, ол – ұлттық құқық жүйесінің қайнар көзі. Жалпы, өзге нормативтік-құқықтық актілердің бәрі Конституцияға сай келуге тиіс. Конституцияны қабылдайтын орын – Парламент, Конституциялық ассамблея.

Сараланбаған Конституция – айқындауға тиіс мәселелердің жекелеген бірнеше заңнамалық актілермен реттелуі. Айталық, заңгерлер оған Ұлыбританиядағы, Жаңа Зеландиядағы, Израильдегі жағдайды мысал етеді. Аралас тұрпаттағы Конституция парламенттік заңдарды, соттардың үлгі іс-тәжірибесін, конституциялық рәсімдер мен қағидалық түсіндірулерді қамтиды. Солардың бірі Конституцияның негізгі мәтінін құрайды. Яғни, аралас тұрпаттағы Конституция – ішінара сараланған құқықтық актілер. Австрияда, Канадада, Швецияда, Чехияда, Финляндияда солай. Мысалы, Швеция-ның Конституциясы үш заңнан құралған: Басқару нысаны; Тақ мұрасы туралы акт; Баспасөз бостандығы туралы акт.

Конституция болжалды мерзіміне сәйкес тұрақты Конституция, уақытша Конституция болып екіге бөлінеді. Уақытша Конституцияны елдің түпкілікті конституциялық құрылымын әзірлеу қажет өтпелі кезеңде қабылдайды. Мұнда негізінен билікті ұйымдастыру жөніндегі басты қағидалар ғана мазмұндалады. Кейде мұндай Конституцияны көптеген жылдар бойы қолданады. Тұрақты Конституцияның қолданылу уақыты кейде өте қысқа болады.

Өзгерістер енгізу тәсіліне байланысты Конституция икемді Конституция, қатаң Конституция болып бөлінеді. Икемді Конституцияның жай заңдар қабылдау жолымен өзгертілуі мүмкін де, қатаң Конституция арнаулы рәсімдемелер жолымен ғана өзгертіледі. Олар: парламент мүшелерінің басым көпшілік дауысын талап ететін, Конституцияға енгізілетін түзетулерді бекіту үшін кейде референдум өткізуді қажет ететін күрделі сипаттар.

Қазақстан саяси тәуелсіздік алғанға дейін өз аумағында үш рет Конституция қабылдаған болатын. Оның ең алғашқысы – 1926 жылғы наурыздағы Жалпы Қазақстан-дық кеңестің Х съезінде бекітілген Қазақ КСР Конституциясы, екіншісі – 1936 жылғы 5 желтоқсанда өмірге келген Ата Заңымыз, үшіншісі – 1977 жылғы 7 қазанда Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің кезектен тыс жетінші сессиясында қабылданған Конституция. Ал, 1993 жылы тәуелсіз еліміздің тұңғыш Конституциясы қабылданды. Мұнда елімізде Парламенттің ролін түбегейлі көтеруге ұмтылыс жасалынды. Алайда заңгерлердің, саясаттанушылардың пайымдауынша, 1993 жылғы Конституцияда елеулі олқылықтар орын алды. Бұл құжатта ескі саяси жүйенің жаңа саяси жүйеге трансформациялануы заңдастырылды. Ұзақ жылдық тәжірибесі бар Батыс демократиясын елдің кеңестік саяси жүйесін жаңартуға пайдалануға әрекет болды. Өтпелі кезеңнің экономикалық және әлеуметтік қайшылықтарын жеңе алатын тиімді вертикальды атқа- рушы билік жасалынбай қалды. Осындай қателіктің салдарынан Қазақстан терең экономикалық дағдарыс қыспағында қалды. Осы тұста елдің саяси жүйесін өзгерту қажеттілігі туды. Соған сәйкес 1995 жылғы 30 тамызда жүргізілген референдумның (бүкіл халықтық дауыс беру) нәтижесінде Қазақстан Республикасының екінші Конституциясы қабылданды. Бұл жаңа Конституцияда биліксіздік құбылысын жеңу мақсатында парламент құқықтары елеулі шектеліп, президенттік билік вертикалі күшейтілді. Сөйтіп, атқарушы биліктің тікелей президентке бағынушылық тетіктері нығайтылды, оның заң шығарушы парламенттік билік алдындағы жауапкершілігі азайды. 1995 жылғы Конституция бойынша, Парламент Палаталары «Мәжіліс», «Сенат» деп аталып, Қа- зақстан Республикасы Констициясының 49-63 баптарында ел парламентінің саяси жүйедегі орны мен құзыреттері және ол заңмен реттейтін қоғамдық қатынастар тізбесі нақты көрсетіліп берілді. Яғни, Қазақстан Республикасының 1995 жылғы Конституциясының 49-бабында былай деп жазылған: «1. Парламент – Қазақстан Республикасының заң шы- ғару қызметін жүзеге асыратын Республиканың ең жоғары өкілді органы». Конституциялық заңдардың қағидаларын тұжырымдап, бір арнаға келтірген 1995 жылғы Конституция кіріспеден және 9 бөлімнен (98 баптан) тұрады. Мұндағы «Жалпы ережелер» деп аталатын 1-бөлімде (1-9 баптар) Қазақстан Республикасының стратегиялық бағыты, елімізде жүзеге асырылатын қызметтің негізгі принциптері бекітілді. Олар: қоғамдық келісім, елдегі саяси тұрақтылық, республика қызметінің экономикалық дамуға бағытталуы; қазақстандық патриотизм – Отансүйгіштік, мемлекет өмірінің мейлінше маңызды мәселелерін демократиялық жолмен шешу принциптері, мемлекеттік биліктің біртұтастығы мен тармақтарға бөлінуі, оның тежемелік және тепе-теңдік жүйесі, халықаралық құқық принциптері мен нормаларын құрметтеушілік, күш қолданбау және күшпен қауіп төндірмеу принципі, мемлекеттік шекараның мызғымастығы принципі, ішкі іске араласпау принципі, қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі мәртебесі, мемлекеттік рәміздер, республиканың астанасының айқындалуы. Ал «Адам және азамат» деп аталатын екінші бөлімде (10-39 баптар) адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтары баянды етілген.

Асылында, Заң, тәртіп туралы Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбар: «Мемлекетте қуатты, беделді тәртіп болмаса, ол күйрейді», Г.Фуллер: «Заң адамды бағындырады, заңды ақыл бағындырады», Сенека: «Жазылмаған кейбір заңдар жазылған заңдардан да қатаңырақ», Дж.Гарфиллд:«Көндіре алатын күші болмаса заң заң болудан қалады», Бауыржан Момышұлы: «Тәртіпке бас иген құл болмайды, тәртіпсіз ел болмайды» деген қанатты сөздердің құдіретті қуаты Конституцияның мемлекеттік мәртебесін аспандатады.

әзірлеген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ[i]

 

[i] Қазақстан Республикасы Журналистер Одағының мүшесі, №3741-мүшелік билет

Просмотров: 1009 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: