21:51 Аспанға қараймын... | |
ҚАРАҚҰРТ ЖҰЛДЫЗЫ Белең, белең, белең құрт, Белі жуан белең құрт, Шандырыңды созармын, Тас төбеңнен ұрармын, Уытыңды жаймай шық! Шық! Дарымшы «оқуынан» Қазақстан жерінде батпайтын шоқжұлдыздың бірі – кассиопея. Бұл Жетіқарақшыға қарама-қарсы, Темірқазықтың екінші жағында, Темірқазықтан Жетіқарақшы қандай жерде болса, ол да сондай жерде тұрады. Кссиопеяның бес жұлдызы қарақұрт (өрмекші) сияқты пішін жасайды, сондықтан ел Кассиопеяны «Қарақұрт жұлдызы» не «Өрмекші жұлдызы» дейді. Қарақұрт шаққан кісіні осы «Қарақұрт жұлдызына» көрсетіп емдейтін бұрынғы ырымның осы кезде де ел арасында тамтығы бар. ешбір сая жоқ ыстық құмның ішінде, мидай далада күнге шыжып, жылдай ұзақ күндерде қой бағу төзімді, қажырлы адамның ғана қолынан келеді. ...Шілденің сарша тамыз ыстық кезі. Балқаш көлінің батысындағы атырауда жайылған қалың қой, шаңқай түс кезінде қақтан су ішіп, жусай бастайды. Таңсәріден шабан аттың үсінде қалжырап жүрген қойшы бала да әбден талығып, атынан түсіп, белін шешіп, жантая беріп еді, білегінің қары дыз етіп аши жөнелді. Қой тұяғымен оянып, елегізген уытты қарақұрт ашуын баладан алды, білекті дуылдатып әкетіп барады. Қарақұрт шаққан бала атына міне сала қойды мезгілсіз өргізіп, ауыл жаққа беттеді. Қу шүберектей өңі қашып келген баланы алдымен қараша үйден шыққан шал көріп, жайын білер-білместен, байдың қойын қасқыр қырып кетер деп баланың атына мініп, кемпіріне ісікке айран жақ, уытын қайтарады, сүт бер деп бұйырып, жалма-жан даладағы қойға тартты. Кеш батты. Құлақ естір жерде дәрігер жоқ. Бала қолды-аяққа тұрмай аунақшып жатыр. - Шал-ау, ісікті жұлдызға көрсетсе қайтарады деуші еді ғой, неге бір қам қылып көрмейсің, - дейді баланың ыңқылы жанына батқан, басқа лаж таппаған қарт әже. Жұлдыз шыға баланы сүйемелдеп далаға алып шығады. Быжынаған жұлдыздың қайсысына көрсету керек? Қарақұрттың зақымынан баланы қалай құтқарам деп тұрған қарттың көзіне нобайы өрелеп бара жатқан улы қарақұрт сияқты тарбиған бес жұлдыз түсе кетті. Аңқау шалдың көңілі сескеніп қалды. Тфу, тфу деп күбірлер бірдеме айтқан болып, баланы әкеліп төсегіне жатқызды. Жас организм жеңіп, дерт қайтып, бала тәуір болды. Өрмекші тәрізденген Кассиопеяның бес жұлдызы осылай қарақұрт жұлдызы атанды. Тамыз айының аяқ кезінде іңірде есіктен шыға (киіз үйдің есігі күншығысқа бейім) қарасаңыз, бет алдыңызда белі қылдай, арт жағы торсиған өрмекшідей бес жұлдыз бірден таныла кетеді. Қарақұртты, яғни Кассиопея шоқжұлдызын көрген адамның бірде-бірі бұл екеуі ұқсас емес деп айта алмас. Қарақұртқа (не М әрпіне) ұқсас пішіні арқылы Кассиопеяны оп-оңай тауып алып, оны ұмытпай, есте оңай сақтауға болады. Ал батпайтын Кассиопея шоқжұлдызын белгілеп тануда маңыз бар. кассиопеяның сыртын ала Андромеда шоқжұлдызы тұрады. Мұндағы бізге ең жақын (Галактикадан тысқарыға) тұмандықты ашық қараңғы түнде жай көзбен де аңғаруға болады. Тақырлы, шөлейт жерлерде малға, малшыларға брде зиянды, бірде пайдалы болатын, мал мен жанға қатысы бар бір жәндік қарақұрт. Қарақұрт туралы малшылар былай деп әңгімелейді: - Бұл жерде қарақұрт көп болады. Қарақұрт шыққанда қазақ «қарақұрт тиді» дейді. Шаққан жеріне аузынан сілекейін төгеді, сол жері суланып қалады – креолин тигендей бозарыңқы тартады. Ол жері іспейді, қаймақшып отқа күйгендей болып тұрады. Шоқ түскендей қолдырап қалады. Қарақұрттың уыты ішті кептіреді, қуықты тұтылдырады, сиюге ол келтірмейді (сигізбейді). Алғашқы сағатта дене қақсап, сықырап, одан кейін безгекше дірілдетіп, адам дөңгелейді. 6-7 сағаттан соң адамның көзі қызарып, айналып шығып кетеді де, жылай береді. Жыланнан қарақұрт жаман болады. Қарақұрт тиген кісіні суық су уытын қайырады деп суға салады. Егер қарақұрт аяқты не қолды шақса, онда оны сойған қойдың қарынының ішіндегі жылы жынына салып қояды. - Бүйідей тиді деген сол, бір жыл қарақұрт кеңшардың 12 түйесіне «тиді». Түйенің артқы ішегі айналып, жығылып өліп те қалады. Жылқыға да тиеді. Қарақұрттың уы ыстықта күшті болады, ал күзге қарай уы жүрмейді. Қарақұрт көп жылы қой семіз, қой оны қуып жүріп, теріп жейді. Қой оны иісінен біледі. - Үрімжінің қасындағы Манас өзенінің бойында, Баркөл деген жерде қарақұрт өте көп. Ол жердегі керейлер қонатын жеріне 3-4 күн қой жаяды, бірнеше жерден от жағады. Қарақұрт отқа үймелейді, оларды қойлар таласып жүріп жейді деп әңгімелейді ел арасында. Бұл арада біз табиғаттың тағы бір қызық сырымен кездесіп отырмыз: таудай түйе бидайдай қарақұрттың уынан өліп қалады, ал қой оны қуып жүріп жеп семіреді. Қарақұрт тигенді «бәдік» айтып, не оқып жазатындар болады. Қарақұртты оқитынды «дарымшы» дейді (оның өз атын атамайды). Қарақұрт шаққанды жұлдызға да көрсетеді. Ол қарақұрт жұлдызы не өрмекші жұлдызы бәрібір дейді малшылар. Сөйтіп, ел аузында қара қасқыр, қара өлім, тұл қара деп аталған қарақұрттың уытын қайтару үшін халық өзінше әртүрлі ем жасап далбасалағанын көріп отырмыз. Дәрігерлі жерден жырақта (мал өрісінде) жүріп, қарақұрттан зақым көрген бақташылар үшін оның зәрін бойға дарытпай, тез қайтаратын шараның қашан а қолда болғаны қажет. Осы тұрғыдан алып қарағанда, профессор П.И.Мариковскийдің ұсынған емі: қарақұрт шаққан жере бір сіріңкенің басын тигізіп тұрып, оны екінші жанған сіріңкемен тұтата қою өте-мөте қолайлы сияқты. Әрине, арқадан не желкеден шақса, бұл тәсілмен жалғыз кісі өзін-өзі емдей алмайды. баспаға әзірлеп, жиған-терген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
| |
| Всего комментариев: 0 | |
