09:17 Аспанға қараймын... | |
ҮШАРҚАР-ТАРАЗЫ Шайтантаразы дегенінде де таразы сияқты үш жұлдыз бар екені рас, бірақ олар тым майда, күмілжіп елес-елес қана абайланады. Бұлар Мұсылмантаразыдағыдай (Үлкентаразыдағыдай) анық емес, алдамыш, бұл Шайтантаразы. Айсыз қараңғыда, ауа ашықта тіктеп қарасақ, сол араның өзі түтіндегендей ақтандақтанып көрінеді. Көзі қырағылар осы бозғылт теңбілді анық көріп, оны Үшарқарға кезеген мылтықтың түтіні деп жорыды. Ал енді жұлдызы сайраған қыс күнінің бір іңірінде Үшарқар Таразының Шайтантаразысын бір тәуір дүрбімен қараңыз. Міне, тамаша, жай көзбен-ақ қарап мылтықтың түтінін көргендер қателеспепті: Шайтантаразының майда жұлдыздары бір ақшудам түтіннің ішінде бөлініп тұр. Жұлым-жұлым шүйкедей осы бозғылт түтінді (тұман сияқтыны) астрономияда шашыранды (диффузиялық) тұмандық деп атайды. Таразыдағы осы қалың тұмандық бізге көз ұшында (өте қашықта болғандықтан) шүйкедей ғана болып көрінсе де, ол ақиқатында аспанның керемет үлкен атырабын алып, ошап жатқан газ-тозаңдардың қалың шоғырмағы екен. Осы шүйкедей тұмандықтың бір шетінен бір шетіне, секундына 300000 километр жүретін жарықтың өзі 16 жылда жүріп жете алады. Кең дүниенің тұңғиығында нендей ғажап сырлар жоқ дейсің! Ғалымдардың жоруы бойынша, осындай газ-тозаңның қалың шоғырынан бара-бара жұлдыздар жасалады. Жақсы дүбі аңшыларға қандай қажет болса, малшыларға да сондай керек. Осы күні жылқышылардың дүрбі салып жүргендері де ұшырайды. Дүрбі күндіз де, түнде де керек. Құрметті оқушылар! Жылқы мен қой күзетуші жастар! Санап жұлдыз батырған, Ұйықтамай таңды атырған, - деп Дулат ақын айтқандай, мал баққан аталарымыздың алдындағы жұлдызға да бір көзін сала жүретін рәсімі болатын. Түн жамылып, мал күзетінде жүргенде көктегі сыңсыған жұлдызды да жадыңыздан шығарып жібермеңіздер. Шайтантаразыдағы мылтықтың «түтінін» жай көзбен айырған көрегендер, әттең, жақсы дүрбімен пайдаланса, аспан сырын білуге одан да бетер ынталанар еді. Таразы жұлдызы қияметтегі таразы болса керек деген сияқты шатпағымен қожа-молдалар елдің Таразы жайындағы ұғымын да бұрмалап, оны дін батпағына ұрындырмақ болып әрекеттенеді. баспаға әзірлеп, жиған-терген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
| |
| Всего комментариев: 0 | |
