21:35 Аспанға қараймын... | |
ҮШАРҚАР-ТАРАЗЫ Үркер қайда барады Айдан озып, Үшарқардың әкелдім Бұтын созып. Ел аузынан Орионның қазақша аттары Жазғытұрым іңірде шу дегеннен көзге түсетін аспанның оңтүстік-күнбатысындағы жұлдыздар. Міне, Үркер жымыңдап «жамбасқа» келіпті. Маржандай тізілген ана үш жұлдыз Үшарқар-Таразы. Текесүмбіле сайдың тасындай ірі. Ол әлгіден гөрі де оңтүстікке бейімдеу, тасырайып оқшау тұр. «Жататын» мезгілі жақындап, бұлар енді қонақтайтын қаздай, көкжиекті жағалап жүр. Жұртқа әйгілі осы үшеуінің өресі бір – олар бірін-бірі маңайлап жылжиды. Орион «белбеуі» деп аталатын қолмен тізгендей үш жұлдыз көктегі жұлдыздардың ішіндегі ең көзелі. Сайраған үш жұлдыз дүние жүзіндегі халықтарға әуелден белгілі. Егінші де, матрос та, малшы да, жүргінші де, аңшы да, жортуылшы да онымен сырласып, оны серіктікке алды. Сұңғыла жандар олар жайында қызық хикаялар ойлап шығарды. Орионды кең-байтақ еліміздің дені Таразы не Үшарқар-Таразы дейді, ал Алатау жүйесін мекендегендер оны көбінесе Үшарқар деп атаған. Ел арасында ара-тұра Шідер жұлдыз деген аты да ұшырайды. Ғылым тұрғысынан алып қарағанда да осы Орион шоқжұлдызының ішінде тамаша жұлдыздар көп. Таразының қаз-қатар үш жұлдызы және оның күнбатысындағы (көктемде астын ала тұратын) көгілдір түсті Ригель біздің Күннен де үлкенірек және ыстығырақ жұлдыздар екен. Ал Таразының күншығысынан (үстін) ала тұрған қызғылт-сарғыш Бетельгейзе біздің Күннен миллион есе үлкен, бірақ салқындау жұлдыз. Үшарқар-Таразы қыс бойы түнгі аспанда жайнап тұрады да, көктемде батысқа келіп, Үркермен бірге «жерге түсіп» (Күннің тұсына барып), шілдеде көрінбей қояды. Таразы Үркерден кейінірек, жаздың аяғын ала, таңмен аралас туады. Жаз бен күздің екі арасын (тең арасын) білдіреді, содан Таразы атаған ғой дейді қостаналайлықтар. Таразы туса таң салқын, бидай, тары піседі деп осыдан айтқан. баспаға әзірлеп, жиған-терген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
| |
| Всего комментариев: 0 | |
