18:12 Аспанға қараймын... | |
БОСАҒА Ел аузынан Мал бағуда Босаға жұлдызымен көп пайдаланатын Қазақстанның Шығыс, Орталық, Солтүстік облыстары (Орта жүздің қазақтары). Сөзіміз дәлелді болу үшін тағы біраз мысалдар келтірейік. Шыңғыстау бөктерін мекендегендер Босағаны былай сипаттайды: - Босаға төрт жұлдыз. Босағаның арасы таяу тұрған оңтүстік жақтағы екеуі батады. Ал арасы қашық солтүстіктегі екеуі таңмен араласып кетеді – оны батады демейді. Күздігүні іңірде нағыз қайда тұрғанын анық білетін кісі болмаса, оны Босаға деп ешкім айта алмайды. Босағаны көбінесе қыс ортасы ауған соң, жаззға салым пайдаланады. Маусымда Үркерді таба алмаймыз және тоқымдай бұлт шықса да Үркер көрінбей қалады. Ал Босағаның бір пар екеуін бұлт басса, ана екеуі ашық тұрады. - Мал күзетінде жүргендерінде үлкендер Босаға жұлдызы анау деп көрсететін. Олар мынадай төрт жұлдыз деп екі қолының сұқ және ортан ұштарымен Босағаның төрт жұлдызының орындарын нұсқап көрсетеді. - Босағаның екі жұлдызы, таң ұзақ болса да, қысқа болса да, бәрібір, батпай таң атып кетеді. - Босағаның екеуін қос жұлдыз дейді – ол екеуі батады, ал солтүстіктегісі батпай жоғалып кетеді. - Босаға төрт жұлдыз. Оның екеуі бұрын батады. Жаз басында Босаға батқан соң таң атады. Босаға күнді қуалап батады. - Босағаның батуы жеріне қарай көрінеді. Бұл араларда (Жалаңаш, Кеген ауданында) оның төртеуі де батады. Ал арқада екеуі ғана батады. - Босағаның екеуінің арасы арқан бойы. Қысы-жазы Босаға жұлдызы еңкейсе, Күн сияқты бататын жеріне барса, таң атады. Жазғытұрым Босаға (артқы екеуі) батқан уақта таң белгі береді. Босаға жазға салым таң ата батады. Жазғытұрым Босағаның біреуі (Кастор мен Поллукс) бата, біреуі батпай таң атады. Ал кейбіреулер одан гөрі де дәлдеңкіреп, наурыз айының ішінде Босағаның кеуі де батады дейді. - Наурызға қарай Босаға бата жылқыны далаға жайылымға шығарады. Қар тепкенде қажымайтын қайратты жылқылар қыстың ұзақ түндерінде далада болғанда, арық-тұрақ жылқылар және аз шаруаның жылқылары түнде қорада болады да, таң ата оттауға шығарылады. Шынында, астрономиялық бақылау да жоғарыла айтқанды қостайды: Босағаның екі жұлдызы (Поллукс пен Кастор) қыстай түнде батпай келіп, наурыз айының ішінде таң ата бататын болады. Ал Босағаның енді екі жұлдызы (Капелла мен Жетекшідегі Бета) туралы ел мынадай байлам жасайды: Босағаның екі жұлдызы, таң ұзақ болса да, қысқа болса да, бәрібір, батпай таң атып кетеді. Немесе былай деп те айтады: төрт Босағаның екеуі батпайды, былай (күншығысқа қарай) айналып кетіп қалады, ал екеуі батады. - Босаға төрт жұлдыз. Босағаның екеуі таңнан бұрын, екеуі таң ата батады (таң жарығынан көрінбей кетеді). Алдыңғысы айналып отырады, ал артқысы батады. Бұл қалай? Олай болғанда Босағаның бұл екі жұлдызы Үркер сияқты емес болғаны ма? Дұрысында бұл солай, Босағаның осы екі жұлдызы (Жетекшідегі мен Бета) Жетіқарақшы сияқты батпайтын жұлдыздар. (жалғасы бар) баспаға әзірлеп, жиған-терген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
| |
| Всего комментариев: 0 | |
