09:06 Аспанға қараймын... | |
БОСАҒА Босаға қандай жұлдыз? Ертеректе басылып шыққан этнографтардың еңбектерінде қазақтарға таныс шоқжұлдыздардың біреуі Босаға (Егіздер) делінген. Елдің айтуынша Босаға төрт жұлдыз. Төрт жұлдыз екі-екіден босағада, Соларды аңдығандай түр үңіліп. С.Торайғыров Қазақтың Босаға дейтін төрт жұлдызының екеуі егіздердегі Поллукс пен Кастор, ал енді екеуі Жетекші шоқжұлдызындағы Капелла мен Поллукс жұлдызы. Мамыр айының орта шенінде іңірде көз жүгіртсек аспан түрі өзгеріп кеткен, сәуір ішінде самсап тұратын таныс жұлдыздар мен шоқжұлдыздардың бірқыдыруы көрінбейді: Үркер бірге тоғап «жерге түскен», Таразы мен Сүмбіле де «жатып қалған». Бірақ дәл Күннің батқан жерінің үстінде аспанда есіктің екі босағасы сияқты екі-екіден баданадай төрт жұлдыз көзге түсе кетеді. Күн жүретін жолындағы есіктің босағасы тәрізді бұл төрт жұлдызды бір көріп, оның Босаға атын естіген кісінің көкірегінде ол сайрап қалады. Жазға қарай Босаға Күннің артынан, Күнді қуалап, Күн батқан жобамен батады. Үркер батқан жер де осы екі Босағаның арасына таман болатын. Осылай әрі арнасы, оған орай әрі түрі есіктің босағасы сияқтанып тұрғандықтан бұл төрт жұлдыз Босаға атанды. Босағаны ел ол төрт есік сияқты, немесе Босаға әкпішке (иін ағашқа) ұқсап тұрады деп сипаттап, ол жұлдыздың көкіректе сайрап тұрған бейнесін тілдескен адамыңның талайы суретін де салып береді. Босағаның төрт жұлдызын аспаннан көрген кісі осы сипаттардың қай-қайсысы болса да Босағаға үйлесімді екенін мойындамай қоймайды. Әкпішке ұйғаруы да көңілге қонымды. - Үркер батқанда Босаға батпайды. Босағаның екеуі Үркермен қатар шығады да, екеуі Үшарқармен қатар шығады, барлығы төрт жұлдыз. Бұл Босағаның сипатын тап басып айтқан дәл сөз. - Төрт Босағаның екеінің арасы ана бұрыш пен мына бұрыштай, ал енді екеуінің арасы жақынырақ. Таңға таяғанда екеі жоғарылай береді, екеуі төмендей береді. Оның екеуі екі жерде қатар тұрған соң Босаға деп атаған. Босаға жұлдызын да қазақ халқы жыл мезгілдерін, түн мезгіліндей айыру үшін көп қолданады. Оның ыңғайлылығы: Босағаның төрт жұлдызының біреуі солтүстік аспандағы ең жарық жұлдыз Капелла, енді бір босағасындағы Поллукс пен Кастор бірінші және екінші шамадағы жарық жұлдыздар. Осы самаладай ірі жұлдыздар өзінің босаға бейнелі пішінімен көңілге жатық болып, көзге оңай түсе кетеді. - Жұлдыздарының ірілігін сипаттап, Босаға күн жарығынан қорықпайды дейді малшылар. Үркердің майда жұлдыздары жөнді көзге ілінбейтін бұлыңғырлау түндерде Босағаның жарық жұлдыздары елес-елес көрініп тұрады да, уақытты бағдарлау үшін мұндай жағдайда Босаға жарамды болып шығады. Босағаның «қос жұлдыздары» бесенеден белгілі және екі босағаның аралығы едәуір алшақ, сондықтан да аспанды бір шолып өткенде-ақ қос жұлдыздың біреуі көзге шалына кетеді де, Босаға түгел табыла қояды. Қыс аяғына таяған сайын Үркер таңнан көп ерте батып кетіп отырады. Сонан жазғасалым Үркер іңірде-ақ батып кетеді. Елге мәшһүр Таразы, Сүмбілелер де жазға қарай Үркермен бірге ерте, яғни іңіден батады. Міне, сондықтан қыстың аяқ кезінде және жазғытұрым елдің түн мезгілдерін, таңның ататын уақытын білу үшін белгілейтін жұлдыздары Босаға болады. Бұл кезде (іңірде болмаса) Үркер, Таразы, Сүмбілелер аспанда көрінбейді. (жалғасы бар) баспаға әзірлеп, жиған-терген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
| |
| Всего комментариев: 0 | |
