18:28 Аспанға қараймын... | |
ҮРКЕР Үркердің туып, батуы Тегінде аспандағы қай жұлдыз болса да (Жетіқарақшы сияқты батпайтын жұлдыздардан басқасы) тәулік сайын белгілі уақыттарда туып, батып отырады. Бірақ бақылаушының жер бетіндегі орнына (ендігіне), жыл мезгіліне (күннің орнына) қарай, жұлдыздың аспандағы орнына қарай, жұлдыздың туатын, не бататын уақыты, не оның екеуі де кейде (мысалы, маусымның басында Үркердің туып, батуы) күндізге келіп ауысады. Жұлдыздардың көрінуі ақшам жарығының ұзақтығына да байланысты. Көктем мен күздігүні ымырт тез жабылады. Күн батысымен ұзамай қараңғы түседі. Ал қыстыгүні мен жаздыгүні ымырт ұзақтау. Мысалы, Алматыда тамыздың бас кезінде Үркер түн ортасында туады, бірақ ол көкжиекке барып батқанша таң атады да, бату мезгілі күндізге келеді. Ал қаңтардың аяғында қас қарайысымен Үркер дәл төбеге таяу («Қақаған аязда қақ төбеге») тұрады да, түнгі сағат 3-тің кезінде көзімізше батады. Бұл жағдайда Үркер күндіз туады. Сөйтіп біз тамыз айында Үркердің батқанын, қаңтарда туғанын көре алмаймыз. Түннің мейлінше ұзаруы қарсаңында, яғни желтоқсанның (қыс тоқсанының) басында іңірде шығыста көрінген Үркер өзінің ұзақ жолымен шырқап барып, тура таң ата батады. Осылай бір түн ішінде Үркердің әрі туғанын, әрі батқанын көре аламыз. Желтоқсандағы таңның ұзақтығы мен шілдедегі күннің ұзақтығы бірдей деседі. Осынысы әбден рас, маусым айының бас кезінде Күн аспанда (Үркермен бірге) қандай жол сызып шықса, Үркер де желтоқсанның бас кезінде түнде аспанда дәл сондай жол жүреді. Осы таңның әбден ұзарған (желтоқсан айының) кезінде Үркер түнде (іңірде) туып, түнде (таң ата) батады. Жылқышыларды қажытатын қыс тоқсанының осы ұзақ түндері. «Үркер төбеден аса жүргендегі таңның ұзақтығын айтпасайшы, Құдай салмасын, жылдай!» - дейді олар. Үркер «жерге жатады» дейтін мерзімде ол түнгі аспанда көрінбейді, әлбетте оның тууы мен батуы да көрінбейді. Үркер «жерге түсті» дейтіні қате, Үркер ол кезде күндіз туып, күндіз бататын болу керек деп, кейбір зейінді бақылаушылардың топшылағаны жобаға әбден келеді. шынында да дәл солай: ол кезде Күн Үркердің маңына барады да, Үркер Күнмен бірге туып, батып жүреді. Бағзыбіреулер «Үркер екі туады» дейді. Бұл «Үркер туды» деген сөз екі түрлі жағдайда айтылады дегені. Үркердің 40 күндей көрінбей жүріп, алғаш 20 маусым қарсаңында, таң жарығында көрінуі халық тұрмысында үлкен маңызы бар оқиға. Мұны астрономияда «гелиакический восход звезды» деп атайды. Ол шақта «Үркер туды, енді шықпаған шөптің басы шығады» деген сияқты мәтелдер еске түсіріліп, шаруалар күндіздің өзінде енді Үркер «туды» деп сөз етіп отырады. Бұл Үркердің көкке шығуы. Ал енді маусым, тамыз, қыркүйек айларында үйдегілер түндк даладан келген кісіден «Үркер туып па екен» деп сұраса, ол Үркер көкжиектен көтеріліп шықты ма деген сөзі. Үркер хикаясы көп. Қойдың пысқырық ауруын да қазақ Үркерден «көреді». Қораңның аузын Үркердің туысына қаратқансың ғой, қойың пысқырық болыпты деп тәжірибе етеді екен (Алатау өңірінде) бағзыбір малсақтар. Ойлап қарайықшы, осынысының жөні қалай келер екен. Үркер солтүстік пен шығыс арасынан туады. Байқауымызша, Алматы Алатауының өңірінде дәл осыдан соң ебінің желі бір түрлі жайсыз (суық) тиетін сияқты. Ендеше қораның аузы нақ соның өтіне қарап, аңқиып тұрғаны қойға, сірә, бапты да болмас. баспаға әзірлеп, жиған-терген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
| |
| Всего комментариев: 0 | |
