16:50
Аспанға қараймын...

ҮРКЕР

Үркер батқанда таутеке тастан ұшады

Бұлай дегеніміз естімеген бір жұмбақ тәрізді тосырқау өз болып көрінеді. Неге, қалай деп мүдіретін мұнда талай жәйт бар, тіпті он екіде бір нұсқасы келмейтін сияқты: таутеке ұшады демей, секіреді десе бір сәрі... бірақ одан да не түсінеміз? Мұнда түйіннің екі ұшы ғана, яғни көктегі мен тастағы таутекенің ұшуы Үркердің батуы ұштастырылып беріліп отыр. Мұнан әрі тыңдасақ, айтушы арадағы аттатылып кеткен құбылыстарды енді тізе бастайды.

- Үркер қаңтар айының 11-де батады... деп сабақтай береді ол енді әңгімесін. Бірақ Үркер жайын жете білмейтін адам осы бір ауыз сөздің сырын аңдамай қалуы мүмкін. Мәселе былай:

Қазан, қарашада Үркер батпай таң атады (ол бұл айларда күндіз батады). Ал желтоқсанның ішінде түнге қарай (қызыл іңірде( туған Үркер таң әбден ұзарғандықтан шырқап барып, түнде (иаң ата) батады. Бұл белгі боларлық елеулі құбылыс. Қыс тоқсанының басталу белгісі осы. Есепшілердің айтуынша, бұл амалдардың біреу «Теке бұрқылдақ» не «Жеті амал». Жылқышыларды қажытатын жылдай ұзақ түндердің қарсаңы осы. Күннің қысқарып, тоқырайтын айы да желтоқсан (қысқы күн тоқырау, 22 желтоқсан).

Енді сөзді ел адамдарының өзіне берейік.

- Біз қой мезгілсіз тумасын деп күйек байлаймыз. Ал жабайы аңдарға жаратылыс нысап берген. Қаңтардың 11-інде (ескіше) Үркер батады, сол күні арқар, құлжа, таутеке, тауешкі үйірге түседі. Сол уақытқа шейін тауешкі, арқар, киіктер үйірге түспейді. Үйірге түсетін болса, ерте «арамза» туып, қырылып қалады. Олар да 5 ай көтереді. Аңшылар аң біткенің бәрі Үркерге қарайды дейді. Тауешкінің ұрғашысы қораланып тұрады. Үлкен теке тастың үстінде екі көзі Үркерге қарап, Үркерді аңдып, күйсеп, не тасты жалап жатады. Үркер батқанда таутекелер, арқарлар тастан ұшады, үйірге түседі. Ұшқанда кейбіреулері өліп те қалады.

- Үркер батқан күні таутеке:

Алты айда алған майымды,

Алты күнде арытпасам,

Несіне теке болып жатайын, -

деп айқайлап тастан қарғып ұшады, сонда жеті-ақ күнде ұрынып, «сасай» болып шығады.

- «Теке бұрқылдақ» амалы кезінде киіктер (ақ бөкен) қосақталғандай болып тұрады. Сол күндері ғана сасай болған текені (оны теке «қалысы» дейді) ат та, ит те қуып жете алады.

Түз аңдары (таутеке, арқар, киік сияқтылар) үйірге түсерде Үркердің (не Үшарқара-Таразының) батуын аңдып, жартаста жатады деген өзінше қызық аңызды Алатау жүйесін мекендегендердің күллісі, құдды келісіп қойғандай, бір ауызбен айтады. Сөйтсе де, бағзылар оған өзгеріс енгізеді: тауешкілер, арқарлар қыс жұмсақ болса, қараша айында да маталады, ал қыс кеш шығатын жылы кешірек маталады дейді олар.

Шынтуатйна келгенде, Үркер батқанда таутеке тастан ұшады деген келісімді аңыз поэзияға икемді біреулердің таратып жіберген ертегісі болу керек. Бұл да халық шығармашылығының өзінше бір түрі.

Бұл едәуір ұзақ ертегі, ол жануарлар мен адамға ересен күш беретін Алатау шөптерінің арасында бір бөтен шөп болады, таутеке мен құлжа сол шөпті тауып жеп күш алады деген аңызбен аяқталады. Кім білсін, жень-шень сияқты шөптердің табиғатта болатыны да рас.

Аңшылардың аздап «өңдеп» жіберетіні қашаннан белгілі. Ал олардың айтқаны шын ба, өтірік пе деп кім тексерсін: аңшы емес кісі, таутеке Үркер батқанда «ұшар» ма екен деп, соны аңдып, қаңтардың әрі суық, әрі ұзақ түнінде Алатаудың қақ басындағы жартастарға «бір Құдай айдап, бір Құдай жетелесе де» барар ма екен? Әйтсе де, әлгі аңыздардың ұзын-ырғасы шындыққа жанасады. Тобымен жүретін киік, арқар, тауешкі сияқты аңдардың күнелту жағдайымен байланысты маталу мезгілінің ұзаққа созылмайтын қатаң мерзімі болу керек. Ауа райының қалың жаңбыр сияқты өзгерістері жануарлардың күйіне әсерін тигізуі де ықтимал. Ендеше киіктің маталуы көбінесе қалың жаңбырмен ілесе жүреді деп топшылауға болады. Елдің «Киіктің матауы», «Теке бұрқылдақ» амалы жауын-шашын болып өтеді дейтіні міне осыдан болар.

баспаға әзірлеп, жиған-терген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 3 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: