09:43
Аспанға қараймын...

ҮРКЕР

Үркер көтерілді, қошқар басын көтереді

Қой мен ешкі өсіруде дер кезінде күйек байлап, күйек алу ең келелі мәселенің бірі. Мал шаруашылығында үлкен рөл атқарған, қошқар мен текеге байлайтын төрткіл киізді – күйекті келешектегі ұрпақтар ауыл шаруашылығының мұражайынан көріп таңырқар. Бір кездегі аталарының істеген ілдебай айласына олар іштегі қатқанша күлер. Кезінде қолдан ұрықтандыру шыққаннан бері күйектің аты ғана қалды.

Күйек байлаудың мезгілін де малшылар Үркердің орнына қарап айырады.

- «Үркер көтерілсе, қошқар басын көтереді» деген мақал бар.

- Үркер көтерілді, қой қаша бастайды, енді қошқарға күйек байлау керек, әйтпесе қой арамза туады дейді шаруалар.

- Құмға (Мойынқұмға) асатындар күйекті қазанның 20-сында алады, сонда наурыздың 20-сында қой қоздайды дейді оңтүстіктегілер.

...Қалың қойдың ішінде қалғып жатқан аймүйізді ақ қошқардың кең кеңсірігінің сезімтал жалбыршақтарына болымсыз желмен бірге ұшып келіп түскен, мүмкін, бірнеше молекулалар ғана шығар. Қошқар шошығандай басын жұлып алады. Пысқырып, танауын аршып, қайта иіскеп байқайды. Қателік жоқ, хабар анық келіп тұр. Атып тұрады. Иіс оны жетелеп алып жөнеледі, алдында қазулы ор, құрулы шеп тұрса да тоқтамастай бір алып күш билеп кетеді. Бұл ұлы жаратылыстың мәңгі даму заңының бір ғана айғағы.

Бір көзі аспандағы Үркерде, бір көзі жердегі малда болып жүрген күзетші, қой ішіндегі беймезгіл жүрісті байқады. ертеңінде әйелдерге тағы бір тосын жұмыс килігеді: күйектерді жедел сырып, оларға мықты бау тағы керек. қошқар мен текенің беліне бұдан былай күні-түні түспейтін күйек байланады.

баспаға әзірлеп, жиған-терген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 14 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: