Біздің төл тарихымызда әйелдің орны қалай бағаланды? Атақты араб саяхатшысы ибн Батута: «Бұл өңірде (Орта Азия) мені таңқалдырған жайт — мұндағы халық әйелдерді ерекше құрметтейді екен» деп жазды. Иә, Аллаға шүкір, бір дана айтпақшы, «Қазақ тарихында бетті басып, қатты сасып, тұра қашып, ұялатындай дәнеңе жоқ». Расында да, Алаш баласы әйел затына ерекше құрметпен қараған. Нәзік жандыларға арнап қаншама қимас сөз, жыр-дастандар шығарған. Қаншама тарихи жер-су атауларды әйел затының атымен атаған. Тіпті, көкке көтеріліп, әйел жаратылысын космогониямен де байланыстыра білген. Яғни әйел жайлы пайымдаулар қазақ дүниетанымының ажырамас бөлігіне айналған десек, асыра айтқандық емес. Әйел теңсіздігі бізде де болған. Десе де, ХХ ғасырдың басында өмір сүрген Алаш зиялыларының әйел турасындағы көзқарастары өзгеше пайымдауды қажет етеді. Өйткені олар өмір сүрген тарихи кезеңде адам бостандығы, құқықтық теңдік мәселелері ғаламдық деңгейде қоғам талқысына түсіп жатты. ХІХ ғасырда Қазақ жеріне ғылыми экспедиция жасаған орыс зерттеушілерінің көбісі қазақ әйелдерін қалың малға сатылатын, әйелдің үстіне әйел болып баратын, тұрмыс тауқыметін тартқан салпы етек сорлы сипатта бейнеледі. А.Левшин, Н.Гродеков, Н.Израцов, И.Андреев, И.Ибрагимов, Ф. Лазаревский, Л.Баллюзек, А.Диваев т.б. зерттеушілердің жазбаларында осы тақылеттес пікірлерді кездестіре аламыз. Тіпті, халқымыздың алғашқы ағартушылары Ш.Уәлиханов, Ы.Алтынсарин, А.Құнанбаевтар да қазақ даласында әйел құқығы аяққа тапталатынын ашынып тұрып жазды. Айталық, Ш.Уәлиханов атастыру салтына қарсы: «…Қазақтардың тұрпайы әдет-ғұрпы, өздерінің қыздарын күйеуге тым жас кезінде, көбінесе олардың келісімінсіз беретіндігінен болса керек. Қазақтар кейде өздерінің балаларын бесікте жатқан кезінен атастырып қояды... жеке басының ықтиярынсыз некеге түспеуіне... қатаң бақылау қоюын тапсыру қажет» деп жазса, Хакім Абай:
Есерлер жас қатынды тұтады екен,
Жас қайғысын білдірмей жұтады екен.
Ортасында бұлардың махаббат жоқ,
Тұсап қойып қашырар бұқа мекен.
Бай қартайса, малына берер шылбыр,
Мал өмірді жаңғыртпас, құдай ұрғыр.
Біреудің қызын алып малға сатып,
Баяғыны іздеген қандай құрғыр, -
деп өз дәуіріндегі әйел теңсіздігін тебірене жырлады.
Шариғатты бекем ұстаған «ар ілімінің» авторы Шәкәрім қажы қазақтың «айттыру», «жеті атаға дейін қыз алыспау» секілді салттарын дәуірі өткен жоралғы ретінде бағалаған. Мысалы, «Еңлік-Кебек» поэмасында «айттыру» дәстүріне үзілді-кесілді қарсы шығады:
Мені де кедей емес, байға берген,
Күйеуім өткен жазда ұрын келген.
Қасына жатпақ түгіл, жуымадым,
Білген соң шіріктігін келген жерден.
Бетіне тумай тұрып түскен әжім,
Күңге де есіктегі қылды тәжім.
Кер кеткен кеселдіге душар болдым,
Осыдан құтыларлық бар ма лажым.
Оң қолының бармағы тағы шолақ,
Бармақсыз қол ұстауға қандай олақ.
Мен сорлы емей, кім сорлы, ойла, батыр,
Күйеуімнің болған соң жайы сол-ақ.
Ал «жеті атаға дейін қыз алыспау» дәстүріне «Қалқаман-Мамыр», «Нартайлақ-Айсұлу» атты шығармаларында қарсы екенін білдіреді. Ол жеті атаға дейін қыз алыспау салтының шариғатқа үйлеспейтінін алға тартып, бұл дәстүрдің ескіргенін, дін нормаларына қайшы екенін ескертеді. Мысалы, «Нартайлақ-Айсұлуда»:
Рас, қазақ қыз алмайды жеті атадан,
Мұны айтқан дінсіз кезде өткен адам.
Қосады немерені шариғатта,
Ақтығы Нартайлақтың осы арадан.
Айсұлу күйеуіне көнбей өткен,
Басы бос қыз есепті сол себептен.
Еркімен ер жеткен қыз байға тиер,
Ондайға жарамайды зорлық еткен.
Әйтсе де, Шәкәрім қажының шариғаттық тұрғыдағы көзқарастары қазақтың дәстүрлі дүниетанымындағы «қан тазалығы» түсінігіне қарама-қайшы еді. Осы себептен де ойшыл ақынның діни-фундаментальді бұл түсінігін қазақ қауымы қабылдай алмады.
Алаш ардақтысы Ғұмар Қараш та өз шығармасында әйел бостандығы мен теңдігін сол кездегі қазақ қоғамының күн тәртібінде тұрған көкейтесті проблемалардың бірі ретінде жырлады. Оның пайымдауынша, әйел құқығы аяқ асты етілетін орта прогрессивті реформаларды бастан кешіруге әзір емес. Өркениетті қоғамға бас ұру үшін әйел құқығы еркектермен тең дәрежеде қорғалуы тиісті-тін. Ол «Тумыш» атты жинағында қазақ әйелдерінің әлеуметтік сипатын былайша жеткізеді:
Кейбір жан санға әйелді есептемес,
Хақы бар нендей үлкен оны білмес.
Атына ашуланса қатын соғар,
Бейне бір оны күңнен артық көрмес.
Жұмсайды отқа, суға, күл-көмітке,
Үстіне оңды киім алып бермес.
«Киім әпер, үстім тозды» деп айтарға,
Қорқады оның соңы бір төбелес.
Бұлайша әйел алып ғұмыр сүру,
Айуандық, адамға лайық емес.
Ғұмар Қараш Алашорда үкіметінің сайлаған муфтиі бола тұра, көп әйел алушылықтың әлеуметтік салдарын алға тартып, шариғатта рұқсат берген пәтуаларға қатысты «Әйелдер хақында» деген еңбегінде өз ойларын айтты. Сондағысы: «Қазіргі уақытта ауқатты адамдар көп әйел алады. Егде тартқан шағында халі келмей, бір-бірін басқара алмайды. Сөйтіп, бала-шаға иесіз қалады. Құранда рухани һәм материалдық жағынан мүмкіндігі болғанда ғана көп әйел алуға болады дейді. Әйтпесе, бала-шаға мен әйелдердің обалына қалады... Тас жүректерді де ерітетін, рахымсыз көздерге жас келтіретін қайғылы халдердің бәріне де біз Руссия мұсылмандарының қатын-қыз әлеміне ұшырадық. Аянышты оқиғалар әр кісіге де белгілі. Бұл жөнінде көп жазылды. Сол халдерді жазушылардың қаламынан әйелдердің көз жасы сорғалағандай. Бұл жайларға газет, журнал беттерінде де кең орын берілді. Аш, жалаңаш жетім-жесірлердің аһ ұрған зарлары ақын, жазушылардың қаламына ілікпей қалған жоқ». Ғұмар Қараш бабамыз өзі діндар болғанымен, сол кездегі қазақ қоғамындағы әйел мәселесіне реалист ретінде баға берді. Отбасы институтында жаңа мәдениет тұрғысынан қарау керектігіне көбірек назар аударды. Айталық, «Аға тұлпар» деген жыр жинағында:
Біздің елдің байлары
Қатын жию баққаны.
Екеу етпей, үшті алар.
Басқа елде адамдық.
Адалдық етпек жұртына, —
деп жырлап, өзі өмір сүрген қазақ қоғамындағы әйел тағдырына қатты налыды. Ол осы жыр жинағында: «Бұған жалғас алпыста, Он бес жасар қыз алып, Сорға шыққан шал құрсын», — деп жырлап, жас қыздарды келісімінсіз шал-шауқанға малға сатуға да ада-күде қарсы шықты. Жалпы, Ғұмар Қараш қазақ ағартушыларының ішінде тұңғыш болып әйел құқығы толыққанды қорғалуы үшін қазақтың «неке кодексі» қабылдануы керектігін көтерді. Ол бұл жөнінде 1911 жылы «Шора» журналына басылған «Өтініш» атты мақаласында былай деп жазды: «Баспа арқылы барлық көпшілікке, оқырман қауымға арналған неке туралы заңды қабылдау шарт. Мұндай заң болмағандықтан, неке бұзушылар көріне бастады. Әсіресе, еркектер жағынан көбірек кездеседі. Ашу үстінде еркектер әйелдерді мәжбүрлейді, жәбірлейді, осының бәрі де белгілі заңның жоқтығынан. Шын мәнінде әйелдер құқын қорғайтын әділ қазылар жоқ. Сол себептен он-он бес, тіпті жиырма жыл бірге тұрған жұбайлардың айырылысуы осы жайлардың жолға қойылмауынан. Сол үшін осындай адамдардың көз жасын ескеретін әділ шара керек».
ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басы қазақ халқы үшін ғажап бір кезең болатын. Өйткені Алла тағала осы дәуірдің жүгін арқалай алатын арда оғландарды Алаш баласының пешенесіне жазды. Солардың бірі, сөз жоқ, тұңғыш Қазақ Конституциясын жазған ағартушы-заңгер Барлыбек Сыртанов еді.
Б.Сыртанов «Қазақ Уставы» атты жобасында әйел құқығын қорғайтын нақты құқықтық нормалар енгізді. Уставтың 12 бабында «Қазақ елінде ер адам мен әйел адам тең. Қазақи ерекшеліктер әйелдерді қорламайды, әйел келісімімен іске асады» деп көрсетіп, әйел құқығы мен бостандығын паш етті. Мұндағы «қазақи ерекшеліктер әйелдерді қорламайды» деп әдет-ғұрыптағы әмеңгерлік, көп әйел алушылық секілді дәстүрлерді айтып отырғаны белгілі. Яғни, ол әдет-ғұрып нормаларына үзілді-кесілді қарсы шықпағанымен, әйелдің де құқығы мен бостандығы аяққа тапталмау керектігін алға тартып отыр. Сондай-ақ, ол өзін-өзі басқаруды жүзеге асыратын «Ынтымақ ережесінде» еркектердің отбасын құрудағы материалдық қажеттілігін өтеу жөнінде: «Біреудің қатыны өліп қалса, көбіміз қатын алып береміз, бай-кедей демей» деген норманы көрсетті. Шынында да, қазақтың әдет-ғұрып ережесі бойынша қарапайым еркектерге «қалың малын» төлеп, жөн-жоралғысымен әйел алу өте қиынға соғатын еді. «Жеті Жарғыда» орташа қалың малдың құны 47 қылқұйрық болғаны мәлім. Бұл, әлбетте, ХХ ғасырдың басындағы аса бақуатты емес қазақ қоғамындағы отбасы институтын әлсірететін көрсеткіш еді. Осыны ескерген ағартушы «Ынтымақ ережесіне» отбасын құрудың жаңа үлгісін ұсынған болатын. Б.Сыртанов та жас қыздардың өз ықтиярынсыз жасы егде тартқан адамдарға тұрмысқа шығуына қарсы болды. Ол өз дәуіріндегі осы сұрқай көріністі публицистикалық еңбектерінде қатал сынады. Мәселен, ол «Замана шалдары» атты фельетон мақаласында Жақсыбай болысына қарасты Жұмабай деген жетпістегі шалдың өрімдей жас қызға сөз айтып, жігіттік қылмақ болғанын әжуалап тұрып жазды
ХХ ғасырдың басында қазақ ағартушылары қазақ әйелінің құқығы мен бостандығы жоқ деп ұлардай шулағанда, керісінше бағалай білгенге қазақ әйелінің құқығы ерімен тең екенін дәлелдеп жазған реформаторлық көзқарастағы заңгер Райымжан Мәрсеков еді.
1899 жылы «Дала уәлаяты» газетінің №1 санында «В.М.» деген бүркеншік аттағы автор «Әйел» атты мақаласында қазақ әйелдерін күңмен теңестіріп, басында ешбір билік жоқ екенін ашына отырып жазған еді. Р.Мәрсеков бұл мақаланы қазақ әйелдерін кемсіту немесе қазақы дүниетанымнан бейхабар болу деп ұғып, «Дала уәлаятына» қарсы мақала жазады. «Әйел» деген статьяны жазған адамның қазақ әйелдері үлкен қорлықта жүреді дегеніне жауап қайырмай тұра алмаймын... Рас-ақ, біздің қыздардың көретін қызығы қазақ арасында үй шаруасын үйренумен өтеді... Қазақ әйелінің басынан мүлде билік кетпейді. Қайта көбі байының ақылдас, серігі болып кетеді. Ері үй жамағатының бастығы. Шаруа тұрмыс-жүрісінің көбін-ақ қатынмен ақылдасып істейді. Қырда қатыны шаруа жүріс-тұрмысын билейтін үйлер көп жолығады... Ері қатынын адам сықылды көрмейді дегеннің бекер екені мынадан белгілі: баласы жоқ болып, бала үшін екінші қатын алғысы келгенде ері қатынынан рұқсат сұрайды». Яғни РМәрсеков «Әйел» атты мақаланың біржақты жазылғанын, қазақ әйелінің болмысын дұрыс түсінбегендіктен тілдеуге барған деп қарсы уәж айтады.
Сайып келгенде, Алаш ардақтылары әйел жанын қорғауды ел мүддесі деп ұғынды. Себебі олар өмір сүрген ортада әйел бостандығы қоғамның басты әлеуметтік мәселелерінің бірі-тін. Осы тұрғыда Жүсіпбек Аймауытов «Күнікейдің жазығы», Міржақып Дулатов «Бақытсыз Жамал», Спандияр Көбеев «Қалың мал», Мағжан Жұмабаев «Шолпанның күнәсі» атты әдеби туындыларды жазғаны белгілі. Қазан төңкерісінен кейін «әйел теңдігі» мәселесі мемлекеттік деңгейде қарастырылып, жетпіс жыл бойы «феминизм» тақырыбы қоғамның басты ұранына айналды. Феминизм шегінен асыра дәріптелгендіктен, бүгінде қазақ қоғамында әйелдердің белсенділігі артып, сүр бойдақ, тастанды бала, жетім-жесір, жасанды бедеулік, бала туғысы келмейтін, үй тұрмысына қыры жоқ әйел, ажырасу секілді айықпас дертке ұшырадық. Әлбетте, Алаш ағартушылары бүгінде қайта өмір сүрген болса, феминизмге ада-күде қарсы шығар еді деп ойлаймыз. Өйткені әйел табиғаты «ана» болуымен, ұрпақ тәрбиелеуімен аса құнды...
|