13:37
Алаш ардағы Жүсіпбек Аймауытовтың туғанына - 125 жыл!

ҰЛТТЫҚ ҰЛАҒАТТЫ ҰСТАНУШЫ

Сегіз қырлы, бір сырлы дарын иесі Жүсіпбек Аймауытов – қазақтың көрнекті жазушысы, қазақ әдебиетін еуропаша үлгіде қалыптастырушылардың бірі де бірегейі.

Кіндік қаны тамып, өскен жері Павлодар облысының Баянауыл ауданына қарасты бұрынғы «Қызыл ту», қазіргі Жүсіпбек Аймауытов ауылы екен. Әкесі Аймауыт қолы қысқалау ортадан  болғанымен, арғы аталары Дәндебай мен Қуан атақ-абыройлы, бай, ел арасында білікті кісілер болған екен. Сауаттылыққа үйір Жүсіпбек жастайынан арабша хат танып, оқу үйренген. 1907 жылдан бастап Баянауылдағы орысша-қазақша екі кластық мектепте, Керекудегі (Павлодар) қазыналық ауыл шаруашылық мектебінде, Керекудегі екі класты орыс-қазақ мектебінде тиіп-қашып оқыды. Бір жағынан бала оқытып, қаражат тапты. 1911-1914 ж.ж. ауылда мұғалім болып жұмыс істеді. 1914 жылы Семейдегі оқытушылар семинариясына қабылданды. Оны 1918 жылы аяқтап шықты. Мұнан соң алашордашылардың істеріне араласып, Семейде «Абай» журналын шығарысып, Қ.Сәтбаевпен, М.Әуезовпен танысты. Кейін түрліше себептермен әрекеті сәтсіз сабақталған Алашордадан бөлініп, 1919 жылы айдарынан жел есіп, ат үстіне мықтап қонған Коммунистік партия қатарына өтті. Қазақстан Кеңестерінің Құрылтайы съезіне делегат болып қатысып, 1920 жылы Қазақ АКСР Халық ағарту комиссариаты комиссарының орынбасары болып тағайындалды. Ал 1921 жылы Семей губерниялық оқу бөлімінің меңгерушісі, «Қазақ тілі» газетінің редакторы болды. 1922-1924 ж.ж. Қарқаралыда мектеп мұғалімі, 1924-1926 ж.ж. Ташкентте шығатын «Ақ жол» газетінің бөлім меңгерушісі, 1926-1929 ж.ж. Шымкент педагогикалық техникумының директоры қызметтерін абыроймен атқарды. 1929 жылдан басталған кеңестік саяси қуғын-сүргін кезінде Қазақстандағы ұлтшылдық ұйыммен байланысы бар деген жаламен тұтқындалып, ұзақ тергеуден кейін,  1931 жылы ату жазасына сырттай үкім шығарылды. Ұлт зиялысы жазықсыздан жазықсыз жалаға ұшырап, қыршынынан қиылды.

Жүсіпбектің қаламынан туған мол мұраны М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғалымдары жинастырып, ғылыми зердеден өткізіп, 1996-1999 ж.ж. бес том етіп жарыққа шығарды. Сөйтіп, қазақ оқырманы әйгілі суреткердің шығармаларымен арада 60 жылдан астам уақыт өткенде қайта табысты.

Жүсіпбек аз ғана ғұмырында әдебиеттің әр түрлі жанрларында өнімді еңбек етіп, қүнарлы шығармалар қалдырған. Бес томдық шығармалар жинағында оның өлеңдері мен «Нұр күйі» поэмасы, «Рабиға», «Мансапқорлар», «Сылаң қыз», «Ел қорғаны», «Қанапия-Шәрбану», «Шернияз» атты пьесалары, көптеген әңгімелері мен «Қартқожа», «Ақбілек» романдары, «Күнікейдің жазығы» хикаяты, балаларға арналған ертегілері, сын мақалалары мен аудармалары енген. Бұлардың сыртында «Тәрбиеге жетекші» (1924), «Психология» (1926), «Жан жүйесі және өнер таңдау» (1926), т.б. ірі ғылыми мәні орасан зерттеу еңбектері бар.

Жүсіпбек Аймауытов қаламынан туған мұралардың қай-қайсысы да оның кесек дарын иесі екендігінің, гуманист суреткерлігінің, жалтақсыз ұлтжандылығының жарқын айғағы болып табылады әлбетте. Оның шығармалары өзі ғұмыр кешкен заманның, өзі араласқан қоғамның мұқтажын өтеуге, оның ақ-қарасын парықтауға арналған. Сөйте тұра көркемдік тегеуріннің қуаттылығы, идеялық ұстанымдарының сонылығы, сөз қолданудағы шеберлігі Жүсіпбек шығармаларының өміршеңдігіне кепіл де.

Асылында, Ж.Аймауытовтың жаңа дәуірдегі қазақ прозасын, әсіресе, роман жанрын бастаушы есебіндегі орны үлкен. "Қартқожа" романы 1926 жылы Қызылордада кітап болып басылып шықты. Роман жиырмасыншы ғасырдың басындағы қазақ еңбекшілерінің, олардың әлеуметтік аласапыран тұсындағы тағдырын бейнелеген алғашқы күрделі шығармалардың бірі болды. Онда 1916 жылғы Ресей патшасының қазақ жастарын майданның қара жұмысына алу туралы жарлығы кезіндегі аласапыран, патшаның тақтан құлауы алдындағы қазақ ауылының көрінісі, адамдар психологиясы көркем бейнеленген. Жазушы осы тартыстар арқылы қазақ кедейінің қоғамдағы теңсіздіктің сырын ұғуы, әлеуметтік әділетсіздіктің себептерін түсінуі секілді ояну үрдіс-үдерісін көрсетуге ұмтылды. Романдағы оқиғалар бас кейіпкер Қартқожаның басынан өткен нақты жағдайларға негізделген. Сол арқылы жазушы 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысының басталуы мен оның патшаны тақтан құлатқан 1917 жылғы Ақпан төңкерісіне ұласуы, қазақ азаматтарының ел ішіндегі әлеуметтік тартысқа араласуы, Алаш қозғалысының өмірге келуі, ақтар мен қызылдардың соғысы, Қазан төңкерісі, Азамат соғысы тұсындағы жайларды баяндайды. Осы оқиғалар тұсында роман кейіпкері Қартқожа да есейіп, ес жинайды, алға қарайды, болашаққа бет алады.

Ж. Аймауытовтың "Ақбілек" романы кезінде кітап болып шыкпаған. 1927-1928 ж.ж. баспасөзде жарияланған. Тақырыбы жағынан ол "Қартқожа" романымен үндес. "Қартқожада" көтерілетін күрес, азаттық идеясы "Ақбілекте" одан әрі жалғасады.

Романда ескі ортадағы жікшіл тартыстардан қорлық көрген қазақ қызының төңкерістен кейінгі жаңа сипатты заманның мүмкіндігіне сай өз құқығы үшін күресу жолы баяндалады. Шығарманың бас кейіпкері Ақбілек өшіккен адамдардың кесірінен ақ әскерлерінің тұтқынына түсіп, неше қилы қорлық көреді. Елінде де алуан қиындыққа жолығады. Кейін төңкерістен соң қалаға кетіп, оқу оқып, өз бақытын табады. Ақбілектің басынан өтетін осы оқиғалар арқылы Жүсіпбек сол бір қилы-қилы кезеңдегі қазақ ауылдарындағы өмір шындығын, адамдардың қилы-қилы тағдырын кең бейнелейді. Роман кейіпкерлері заман өзгерістерімен ілеседі, қоғамдағы өз орындарын іздейді. Түптің түбінде дегендеріне жетеді. Қысқасын айтқанда, "Ақбілек" романы – бір ғана қазақ қызының күрделі тағдыры негізінде әлеуметтік төңкерістер тұсындағы қазақ ауылының өзгеру үрдіс-үдерісін суреттеген алғашқы қазақ романдарының бірі.

Сол кезеңдегі әлеуметтік әділетсіздік пен қазақ әйелінің қасіреттік тағдыры Ж.Аймауытовтың 1928 жылы жазылған "Күнікейдің жазығы" атты хикаятына да арқау болды. Хикаяттың бас кейіпкері Күнікейдің тағдыры арқылы жазушы ел өмірін, көшпелі жұрттың еш нәрсеге бас қатырмай, жайбарақат кешіп жатқан тіршілігін көзге елестетеді. Шарасыздықтан, әрекетсіздіктен сақтандырады. Ескіге қарсы күресу идеясын көтереді. Хикаяттың бас кейіпкері Күнікей кедей қызы болса да, еті тірі, пысық. Шығарманың басында оның ұсқынсыз күйін, қараңғы үйде жатқанын көреміз. Маңында адам жоқ. Өзі ауру. Жазушы осы тұста шегініс жасап, Күнікейдің өткен өміріне үңіледі. Қыздың өскен ортасы, отбасының жұпыны тіршілігі суреттеледі. Әкесі Құлтума – байдың малын баққан момын адам. Анасы Шекер – үй тұрмысын берік ұстаған ширақ әйел. Күнікейдің жаратылысы да ешкімнен кем емес. Өрелі, өнерлі жас болып өседі. Тұрмыстың ұсақ-түйек етекбастылығынан өзін жоғары сезінеді. Арын таза ұстайды. Сөйтіп жүргенде арам ойлы қаскүнемдердің қастандығына тап болып, кеудесін ашу мен ыза, намыс пен кек кернейді. Өзі үшін күресе жүріп, ұзатылған жерінен қашып кетіп, сүйген жігітіне қосылады. Бақытына енді қолым жетті дегенде, сүйген жігіті Байман да опасыздық жасайды. Күнікейді ауру еткен осы жағдайлар болатын. Күнікейдің басынан өткен бұл жайларды жазушы сол дәуірдің тарихи-әлеуметтік шындығымен сабақтастыра суреттейді. Ескіліктің бұғауын бұзып, қыздың ұзатылған жерінен қашып шығуын, осы сарындас жайттарды баяндау арқылы жазушы сол кезеңдегі адамдар санасында оянған азаттық, бостандық идеясын жеткізуге тырысады. Бірақ әлі де болса шын бостандық жоқ, қазақ ауылына шынайы азат өмір жеткен жоқ еді. Күнікейдің соңғы тағдыры, Байманның опасыздығы осыны аңғартады.

Ақиқатында, өзін осылайша талантты прозашы ретінде танытқан Жүсіпбек Аймауытовтың қаламынан бірқатар көркем әңгімелер де туды. 1918 жылы жазылған "Бетім-ау, құдағи ғой" атты әңгімесінен бастап, "Елес" (1924), "Әнші" (1925), "Боранды болжағыш әулие" (1926) тәрізді әңімелерінің қай-қайсысынан да өзі өмір сүрген дәуірдегі елдің тұрмысын, ой-арманын, заман тынысын жетік білетін әрі оны көркем тілмен, парасатты оймен өрнектеп жеткізе алатын тамаша прозашының қолтаңбасы айқын байқалады.    Айталық, "Боранды болжағьпп әулие" әңгімесінде қазақ ауылының қыстың бір боранды күніндегі өмірі суреттеледі: «... Сақылдаған сары аяз. Қарадан қарап тұрып бірдеме шарт ете түседі. Не терезенің шынысы шатынайды, не жер, не мұз қақ айырылып, ырсиып қалады. Жермен бірге мұздақ қар да жарылып кетеді. Ақырында сары аяз мұрныңды қариды. Жеңіңнен шығарсаң, қолың илікпей, тас боп қалады. Түнде пешке қойып кептіріп алған етік, биенің бір сауымында ағаштай қақиып, таяқпен қақсаң сақ-сұқ етеді. Осындай күндерде біз мал жаямыз».

Қыстың аязды күнін жазушы осылайша дәл әрі көркем тілмен суреттейді. Бұдан әрі ұйтқып соққан боран, ыққан мал, адасқан малшылар жайында баяндайды. Сол боранда бірқатар мал қырылады. Әңгіме кейіпкері: "Шіркін, бұлай боларын алдын ала болжап білсем-ау", - деп армандайды. Кейін қалаға барып барометр туралы естиді. Соған қолым жетсе деген арманға беріледі. Шағын ғана әңгімеде автордың өмір көріністерін суреттеудегі тамаша шеберлігі байқалады. Жазушы ұсынып отырған суреттер тура өмірдегідей қарапайым әрі түсінікті. Шын таланттың қаламынан туғаны байқалады.

Жазушының "Әнші" әңгімесі де дәл осындай нақты оқиғаға, өмірде болған тарихи адамның төңірегінде құрылған. Оқып көрейік.

«...Жетішатыр жақсы қала. Қаптап жатқан қазақ. Жазы-қысықымыз, ойын-сауық"кататься". Айт, той, құдалық, ат жарыс, күрес. Маскүнем. Төбелес. Үй қыдырған көлең-көлең ақ жаулық... Жаз шықсапароход, паром, желқайық, жасыл арал, қалың орман... Көкке шыққан, гуләйт соққан, масайраған шат көңіл... Сырнай-керней... Қызық думан... Қайткенмен сергек қала».

Әңгіме Ертістің жағасындағы Жетішатыр қаласының өмірінен алынған осы суреттермен басталады. Қала тұрғындарының күнделікті тіршілігі осындай қысқа-қысқа образды ұғымдармен берілген. Адам туралы бір ауыз сөз болмаса да, қала адамының жай-күйін әбден жеткізіп тұр. Одан әрі қымыз дастарқаны. Қымыз құюшы қыз Шекет, қымызға құмартқан қалалықтар. Осындай бір сәтте дастарқанға әңгіменің бас кейіпкері әнші жігіт Әмірқан келеді. Ән салады. Кейін Әмірқан қала жастары дайындаған спектакль-концертке қатысып, көпшіліктің қошеметіне бөленеді. Оқиға желісі әңгімені баяндаушы мен Әмірқанның арасындағы достыққа ойысады. Екеуінің сырласуы, Әмірқан мен сұлу қыз Ақтамақтың арасындағы ғашықтық хикаясы,  жігіттің қызды алып қашуы, орта жолда қолға түсіп, сүйгенінен көз жазып қалуы, әншінің көз жасы, жабырқаған сәті баяндалады. Әңгіме оқиғасы өтетін Жетішатыр қаласы — Семей, ал әнші Әмірқан — қазақтың жезтаңдай әншісі, әйгілі Әміре Қашаубаевтың прототипі еді. Жазушынын көркем бейнелеу шеберлігі Әмірқан-Әміренің әншілік кұдіретін, ән айтқан кездегі сипатын суреттеуге келгенде аса ғажайыптанып көрінеді. «...Ұшатын құстай қымтанып, қомданып алды, Отырғандар аузын ашып аңырды. Әнші жіберді. Бір бірауыздан ән салды, Азда болса бірегей болды.

Сүмірейте, қылмита соқты; желдете құтырта соқты. Лебізі құлаққа жағып кетті, жүректі тербетті, тамырды желпіндірді; бойды шымырлатты».

Бұл – ән айтып отырған әншінің бейнесі. Жазушы қаз-қалпындағы әсем сурет жасайды. Әншіні асыра мақтамайды, дәл бағасын береді. Ж.Аймауытовтың суреттеуіндегі Әмірқан елден оқшау тұрған ерекше адам емес. Көппен бірге тыныстап, айналасына өнерін сыйлап, ойын-сауық құрып жүрген қарапайым жандардың бірі. Оның қуанышы да елмен ортақ, өзгенікі секілді өзіне жетерлік арман-мұңы да бар. Тұтастай алғанда, Жүсіпбек Аймауытовтың көркем әңгіме жанрындағы еңбегі қазақ әдебиетінін көркемдік-эстетикалық көкжиегін кеңейте түскен құбылыс болды.

Дарынды драмашы ретінде Жүсіпбек Аймауытов ерте танылды. Семейде оқып жүргенде жастардың ойын-сауық кештеріне қатысып, өнер көрсеткен, басты рөлдерде ойнаған. 1917 жылдың аяғында оның "Ескі тәртіппен бала оқыту", "Рәбиға" атты тұңғыш пьесалары жазылып, сахнада қойылды. Кейінірек 1925 жылы "Ел қорғаны", "Мансапқорлар", 1926 жылы "Қанапия-Шәрбану", "Шернияз" атты драмалық шығармалар жазды. Жүсіпбектін драмалық шығармаларына қоғамдағы әлеуметтік қайшылықтар негіз етіп алынды. Олардың негізгі тақырыбыазаттық, бостандық идеясы. Халықты оқу-өнерге шақырды. Ел азаматтарын белсенді қимылға үндеді. Әйелдердің теңдігін қорғады.

Абзалында, Жүсіпбек Аймауытовөз дәуірінің келелі мәселелерін көтерген һәм көптеген мәнді мақалалардың авторы. Кезінде "Абай" журналында, басқа да басылымдарда жарияланған мақалаларында ол аласапыран өзгерістер заманының шындығын насихаттауға ұмтылды. Сонымен бірге әдебиет мәселелері төңірегіндегі мәселелерді қозғап, бірқатар әдеби-сын мақалалар жазды. 1918 жылы М.Әуезовпен бірігіп жазған "Абайдан соңғы ақындар", 1923 жылы жазған "Мағжанның ақындығы туралы", 1925 жылы жазылған "Сұңқар жыры", "Аударма туралы" атты мақалалары арқылы ол әдебиет сыншысы ретінде танылды. Оларда Жүсіпбектің әдеби шығарманы жазушы өмір сүрген дәуірмен, тарихи кезең ерекшеліктерімен байланыстыра отырып, талдау шеберлігі айқын байқалады.

Жүсіпбек Аймауытов оқу-ағарту мәселелеріне қатысты бірқатар ғылыми еңбектер де жазды. Оның халыққа білім беру орындарында ұстаздық, жетекшілік қызмет атқара жүріп жазған һәм жас ұрпақты жаңаша тәрбиелеу, жаңаша білім беру мақсатын көздеген "Тәрбиеге жетекші" (1924), "Психология" (1926), "Жан жүйесі және өнер таңдау" (1926) атты елеулі кітаптары мен оқу құралдары кезінде халық тағдыры үшін ерекше рөл атқарған еңбектер болды.

Бағамдасақ, Жүсіпбек Аймауытов кезінде аудармашы ретінде де танылды. Ол аударған А.С. Пушкиннің, Н.В. Гогольдің, А. Дюманың, Дж.Лондонның, Г. Мопассанның, В.Шекспирдің, К.Берковичтің, С.Чуйковтың шығармалары жаңа қалыптасып келе жатқан қазақ аударма өнерінің өрісін қаншалықты кеңейтсе, жазушының әлем әдебиетінің көрнекті туындыларын қазақ тіліне аударудағы тамаша аудармашылық талантын да соншалықты айқын танытты.

Зерделесек, Ж.Аймауытов әдеби шығармашылығын өлең жазудан бастаса да, кезінде жинақ түрінде бастырмаған екен. Оның өлеңдері күнделікті баспасөз бетінде ғана сақталған. Бұлардың көбі ескі өмірдің келеңсіз суреттері мен жаңару идеясын жырлады. Айталық, «Нұр күйі» поэмасында анасынан соқыр боп туған баланың өнерпаз, күйші болып өсуі, дәрігердің көмегімен көзінің жазылуы суреттелді. Ж.Аймауытов «Интернационал», «Жас әскер» сияқты төңкеріс дәуірінде кең тараған күрес жырларын қазақшаға аударған. Жазушының балаларға арнап жазған «Жаман тымақ», «Шал мен кемпір», «Көк өгіз», «Үш қыз» атты суретті кітапша түріндегі ертегілері бар. Өмірінің көбін баспасөз маңында өткізген жазушы үлкен публицист есебінде де белгілі. Сол кездегі мерзімді баспасөз беттерінде ол жазған мақалалар, оқшау-фельетондар, хат-хабарлар да көп.

Сайып келгенде, ХХ ғасырдың басында ұлттық әдебиеттің барлық жанрында бірдей өнімді еңбек еткен қаламгерлердің қатарында ақын әрі прозашы, драмашы әрі аудармашы, сыншы әрі публицист Жүсіпбек Аймауытовтың есімі айрықша орын алды. Әдебиеттің әр алуан жанрларында қалам сілтей жүріп, ол қазақ әдебиетінің жаңа өріске шығуына мол еңбек сіңірді. Соңғы уақытта аймақ орталығы Павлодарда Ж.Аймауытовқа ескерткіш тұрғызу мәселесі жоғары деңгейде көтеріліп, оңтайлы шешімге келгені қуантады. Осы сұрақ төңірегін жалпыұллтық республикалық «Егемен Қазақстан» және облыстық «Сарыарқа самалы» газеттері ұлтжандылық таныта табанды қазбалады. Менің қарапайым пайымымша, тау тұлғалы ұлт жанашыры, әдебиеттің хас шебері Жүсіпбек Аймауытовқа өзінің аты берілген Қазақ музыка драма театры орналасқан көшенің де атын берсе артық болмас еді. Қадірменді оқырман, сіз не дейсіз?

жиған-терген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Бесқарағай ауылы, Лебяжі ауданы, Павлодар облысы

Просмотров: 3944 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: