12:00
Ғаламтор мәдениеті

ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІЛЕРМЕН ТЫМ ӘУЕСТЕНУШІЛІК

Не керек, ғаламторсыз һәм оның бір ажырамас бөлігіндей тұрақтанып қалған әлеуметтік желілерсіз көрер күн қараң боп қалғандай ма, қалай?! Жұмыс орнында отырып та, жайлы үйде жастық жастанып жатып та қажетті ақпараттарды, мәліметтерді, мағлұматтарды – бәрін дерлік жаһандық ғаламтордан қарап, қажетінше көшіріп, керегінше өңдеп, игілікке жаратып жүргеніміз қашан. Әсілі, Ыбырай Алтынсаринша айтқан «тілегенің алдыңнан іздемей-ақ табылар».

Ұдай даму үдерісі жемісіндей көрінетін әйгілі Интернет адам үшін жаратылғаны айдан анық. Әйгілі браузерлер һәм оларға тиесілі контенттер веб-сайттардың алуан түрлісін кірпік қақтырмас жылдамдықпен жайып салады. Осынау аласапыран ақпарат ішінде пайдалысы да, пайдасызы д, дұрысы да, бұрысы да, сыпайысы да, анайысы да тізбектеліп жүре береді. Тек осыны екшейтін ояу көкірек пен сау сана табылса екен.

Мектепте білім жинап, тәрбие алып жүрген оқушылар да ғаламторға байланып қалды бүгінде. Тапсырма ретінде жүктелген жазбаша жұмыстарды не дәлме-дәл, не нобайлап содан ала салады. Кезіндегідей кітапханада көзі қызарғанша отырудан, қажетті құнды мәліметтерді іріктеуден қалып бара жатқан сыңайлы. Айталық, тақырыптық рефераттар, баяндамалар, шығармалар мәтіндерін интернеттен көшіріп ала береді. Бірбеткей болып қалғаны соншалық әлгілерді өңдемей-өзгертпей сол күйінде кәдеге жара салады. Әйтеуір, «дайын асқа тік қасық». «Әй дейтін ажа, қой дейтін қожа» табылса да некен-саяқ. Бұған ет үйреніп кеткені қашан.

Жоғарыда әңгіме болған жайттардан түптің түбінде пайдалы болатындай жадығаттар сапыруға болады. Ал ата-ана қауымын, мұғалім-тәрбиешілерді осы күні мазалайтыны – әлеуметтік желілер. Пайдаланушылар қуанышына орай ондай-ондай ғаламторлық әлеуметтік желілер күн санап көбею үстінде. Тіркелу рәсімін дұрыс толтырып алғаннан соң соған байланып, тіпті сонда тұратындай халге жетеді. Хош, хабарлассын, хабар алыссын делік, ал тым әуестеніп кететіні күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырады.

Әлеуметтік желілерде кім тіркелмейді, кім отырмайды. Аңғалдық пен аңқаулық опық жегізе, опындырған жайттардың орын алғаны да жасырын емес. Сол желілерде отырып, әңгімесін артығымен сілтеп жібергендер арасында кикілжің-кереғарлықтар орын алып, арты ұр да жыққа ұласқан оспадарсыз көріністермен үрейлендіреді. Кей оқушылар сабақ қарап отырған сыңай танытып, жасырын түрде әлеуметтік желіде отырып алады. Нәтижесінде ғой ойы шашылып, қажетті дүниесі жүйеге түспей, жеме-жемге келгенде дал болады. Не болмаса түннің бір уағына дейін әлеуметтік желілерде отырып, түн ұйқысын амалсыздан төрт бөліп, таңғы сабағына кешігіп барады не тіптен бармай қалатын орынсыз оқиғалар төбе көрсетеді.

Кей қуларын әлеуметтік желілер арқылы арамза ойларын іске асырады. Атышулы педофилдер үшін, маңына шаң жуытпайтын алааяқтар үшін, аждаһадай қауіпті лаңкес-экстремистер үшін, басқа да калькалы тіркеспен айтқанда «қауіпті элементтер» үшін саңырауқұлақтай қаптаған әлеуметтік желілер таптырмас құралға айналып болды ғой әлбетте.

Не керек, оқушылар үшін оларды аралау заманалық сәнге айналды. Әрине, сөз жоқ, әлеуметтік желілердің күнделікті тірлікке беретін пайдасы да бар. Солар арқылы «махаббаттың құдірет күшінің әлдилеуімен» жүректермен табысқан жандар кездесіп, тіпті, шаңырақ көтеретін қуанышты сәттер болады. Сол сияқты алыстағы туған-туыс, жора-жолдас араласады. Пайдалы файлдармен аламасады. Айта берсек, таусылып болмайтын игіліктер де жетерлік. Сонымен қатар ұялы телефондағы бейнекамераға түсіруге әуес оқушылар «дайын дүнияларын» ғаламторға жүктеп, әлем аралатып қоя береді. «Атын шықпаса, жер өртенің» кебі дерсіз. Түсіргенде де ұнамды көріністерді түсірмей, қайдағы бір жаға ұстатарлық жайсыздықтарды: аяусыз ұрып соғу, жабыла біреуді мазақтау, мұғалімді қасақана ашындыру... Анығы сол – абай болайықшы, тәйірі.

ИБРАҺИМ Бегімхан

Бесқарағай ЖОББМ оқу-тәрбие істері меңгерушісі, Лебяжі ауданы, Павлодар облысы

Просмотров: 3445 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: