13:26 Айтулы шара | |
ЖАСТАР – БЕЙБІТШІЛІК ЖАРШЫСЫ Жаһандағы Бейбітшілікті сақтау һәм насихаттау мәселесі қашанда маңызды. Шатқалақтап тұрған геосаяси жағдай оның маңыздылығын одан сайын артқандай-ақ. Сол себептен осынау тақырыптағы өткізіліп жүрген игі шаралар қоғам мен көпшіліктің бек назарында. Биылғы жылдың 4-6 қараша аралығында аймақ орталығы Павлодар шаһарындағы «Жемчужина» демалыс аймағында «Жастарға – Бейбітшілік эстафетасы» атты І Халықаралық жастар Форумы өткізілді. Аталмыш шараға Қызылағаш ауылдық округі жастар саясаты жөнінен нұсқаушы Г.Сейітова белсенділік таныта қатысты. Айта кету керек, осынау игі шараға Қазақстан, Қырғызстан және Ресей елдерінің өкілдері ат салысты. Ал оны ойдағыдай ұйымдастыруда «Нұр Отан» партиясының «Жас Отан» қанаты, «Невада – Семей» антиядролық қозғалысы бірден-бір мұрындық болған екен. Гүлзия Дәйкенқызының айтуынша, өзімен бірге қатысқан Лебяжі ауданының басқа да төрт өкілі бірқатар шаралардың куәсі болыпты. Айталық, «Бейбітшілік Өкілдері» атты І Халықаралық жастар лагерінде жаһанда Бейбітшілікті сақтауға барынша қатысуды, оны әрдайым қолдауды, ядролық қаруды қолдануға мейілінше қарсы тұруды жан-жақтан насихаттады. Форум қорытындысы бойынша әлем жастарына қабылданған Үндеуде өзіміздің үйіміз – Жерді әр түрлі төніп тұрған қауіп-қатерлерден қорғау шақырды; Елбасы Н.Назарбаевтың БҰҰ Бас Ассамблеясының мерейтойлық 70-сессиясында «Жаңа болашақ» тұжырымдамасын әзірлеу, бейбітшілік жетістігі, ядролық қарудан азат болу туралы БҰҰ-ның жалпы декларациясын қабылдау бойынша сөйлеген сөзін қолдауды; жаһандық бастамашылдықтың құраушы көшбасшысы болуды және жас қазақстандықтар ретінде оның ішінде миллионға жуығы өздерінің қолдарын қойған «Әлем жастары – ядролық қаруға қарсы!» Үндеухатымен «Невада – Семей» Халықаралық антиядролық қозғалысымен шығарылған «Әлем жастары – ядролық қаруға қарсы!» Үндеуіне қол қоюды ұсынуды; ядролық қауіпке қарсы әлем жастарының наразылық білдіруін ұжымдық тұрғыдан жар етті. Лагерь жұмысына қатысқандар алдында сөз алған зиялы қауым өкілдері Бейбітшілікті сақтау, ядролық қаруды қолдануға қарсы тұру жолында жастар халықтың басынан өткен тарихтың ащы беттерін, алдыңғы толқын – ағалардың басынан өткен тауқыметті білумен қатар елжандылық, отансүйгіштік, жоғары азаматтық ұстаным, гуманизм, Бейбітшіліктің тағдырына жауапкершілік атты асыл құдірет-қасиеттерді қадірлеуге шақырды. Г.Сейітованың сөзіне сенсек, Форум барысында басты нышан – аймақтан аймаққа, елден елге ауысып жүретін Бейбітшілік Кубогі паш етілді. Сонымен бірге «Невада – Семей» антиядролық қозғалысының бірегей бастамашысы, көрнекті ақын, ірі қоғам қайраткері О.О.Сүлейменовке арнаған шығармалар, өлеңдер тілге тиек етіліпті. Солардың қатарында аудан орталығы Аққу ауылында тұратын Михаил Саенконың өлеңі анадайдан менмұндалаған екен. «Табиғат-Ананың монологі» атты сахналанған қойылымды «Триумф» интербелсенді музыкалық-платикалық театры «Самал» аймақтық орталығымен бірігіп қойған екен. Бұл қойылымда мүмкіндігі шектеулі балалар кейіпкерлер ретінде қатысып, көрермендерді шексіз ықылас-ризалығына бөленіпті. Сайып келгенде, осынау Форум әрекеті екі жылды бір рет кезеңімен жалғасуы және ядросыз ғасыр – ХХІ ғасыр – ілгерілеудің һәм жасампаздықтың ғасыры болуына бағытталуы тиіс, ұлы тарихи мүмкіндік берілуде басқа балама жоқ. Асылында, болашақ жастарға тиесілі, сол үшін аянбай күресу қажет. Ал оның қандай екені біздің барлығымызға байланысты! Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі Бесқарағай ауылы, Лебяжі ауданы, Павлодар облысы | |
|
Всего комментариев: 0 | |