Мезгіл мәселесі ПЕРМЬДЕГІ ҚАСІРЕТТІ ҚҰШПАЙЫҚ ДЕСЕК «Сақтансаң – сақтайды» дейміз. «Сақтықта қорлық жоқ» дегеніміз тағы бар. Зерделесек, осынау сақтыққа жеткілікті мән беріп жүргеніміз нендей шамада. Іргедегі көрші елде орын алған қайғы-қасірет артынан қанша жасты қыршынынан қиып, туған-туыстарына қаза қылып, азалы етіп кетті. Бұндайдан бетімізді аулақ қылсын деумен өзімізді жұбатамыз. Қандай болсын, қайда болсын, қалай болсын думандатып өткізіліп жүрген қазіргінің той-домалағы замана лебімен пиротехникасыз, фэйр-қызықсыз өтпейді де. Осыны айтып отырғаным, жылдағы дәстүр бойынша мерекеленетін Жаңа жыл мейрамы күннен-күнге жақындап келе жатыр. Ал жоғарыда сөз болған пиротехника, фэйр-қызық, басқа да ұшқын-жалын ататын қызылды-жасылды, жарқ-жұрқты, тарс-тұрсты заттар өте үлкен көлемде қолданылады. Сөз жоқ, қуаныш болғаннан соң адамдар бұлардан да шаттық алады: балалар балалығын істесе, жастықтың ар жақ- бер жағындағылар бір мезгіл бала боп, қайталанбас қызықтың тереңіне күмп береді. Тағысы тағы... Жаңа жыл қызығы балалар бақшасында да, мектептерде де, дәмханаларда да, мейрамханаларда, түнгі клубтарда да, қалада да, ауылда да тойланады. Ал қауіпсіздік шаралары барлық жерде қатаң сақталама екен? Әсіресе өрт қауіпсіздігіне байланысты жұмыстар, нұсқаулар тиісті талаптар ауқымында ма? Осы күндері осыларды қамдау жіті назарда. Төтенше жағдайлар бола қалған жағдайда дереу әрекет жасайтын арнайы топтар құрылып, әзірлік жұмыстарын мықтауда. Жасыратыны жоқ, жастардың бас қосуын былай қойғанда, мектепте оқитын жоғары сынып оқушылары да оңашаланып, мерекені өзара тойлауға асық. Ал ондай орында бақылаудың әлсіз болатыны тағы бар. Бенгал оттары, петардалар, пиротехниканың түрліше құралдары мейілінше «іске қосылады». Әрине, пәлені шақырудан аулақпын. Дегенмен ара-арасында үрей бойды амалсыздан билейді. Пермьде орын алған қасіреттен соң алды-артымызды осы жағынан қамдайтын мезет пісіп жетілді. Ендеше, пиротехниканы қолдануға бірауыздан тыйым салумен шектелмей, ондай қауіпті заттарды еркін сатуға да тосқауыл қоюды талап етеуге барынша құқымыз бар. Бұл жолда ішкі істер органдарына да жүгінеміз. Айтып келмес қауіп-қатерді алдын алу мақсатымен ата-аналармен, саудагерлермен, қоғамдық қайраткерлермен, зиялы қауыммен ақыл-кеңес алысуымыз аса қажет. Оқушыларға да түсінікті тілмен сақтық сабақтарын нұсқаулық түрінде үйреткенімізде артық болмас. Ақиқатында, тілсіз жаудың жайпауына жол бермейік, балғын балалардың, өрімдей жастардың аман-саулығын көзіміздің қарашығындай сақтауға уақтылы әрекет жасайық, осынау жолда бірімізді-біріміз қолдайық. ШАҺМАНТЕГІ-ИБРАҺИМ Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ Бесқарағай ауылы, Лебяжі ауданы, Павлодар облысы
|